Атырауда браконьерлерден 2 тоннадан астам бекіре тәркіленді
2020 ж. 12 қараша
2858
0
Атырау облысында браконьерлерден 2 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«10 қыркүйек-31 қазан аралығында өткен «Бекіре-2020» шарасы аясында 174 құқық бұзушы ұсталды. Олардан 2 тонна 645 кг балық, Оның ішінде 2 тонна 31 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Бұдан басқа, 2 килограмм қара уылдырық, 162 аулау, 9 жүзу құралы (оның ішінде алты «байда» типті қайық) алынды. Оларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды» - деді Полиция департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін (ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 383-бабы) 158 хаттама толтырылып, оның жетеуі сотқа қарауына жіберілген.
Балық қорына заңсыз қол сұғушыларға жалпы сомасы 2,1 млн теңгені құраған айыппұл салынып, оның 944 мың теңгесі өндірілген.