Зейнетақы жинағын пайдалану туралы заң жобасы мақұлданды
2020 ж. 05 қараша
1010
0
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қажеттіліктерге мақсатты пайдалануды қарастыратын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды "Қазақ үні".
Заң жобасына сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделудің ақысын төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беру құқығы берілетін болады.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығы:
- жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары "жеткіліктілік шегінен" асатын азаматтарға (болашақ жұмыс кезеңі мен жүйелі түрде зейнетақы жарналарын төлеуді ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жеткілікті зейнетақы жинақтарының сомасы);
- сақтандыру компанияларымен ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын мөлшерде өмір бойғы аннуитеттік төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шартына отырған адамдарға – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде (шамамен);
- зейнеткерлікке шыққан азаматтарға (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына немесе еңбек өтіліне байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және зейнетақы жинағынан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.
"Жеткіліктілік шегі" ретінде белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы қарастырылады.
"Жеткіліктілік шегі" әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.
Заң жобасында сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері/апа-сіңлілері) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.
Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда алып қою саны бойынша шектеулер көзделмеген, яғни азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алады.
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады.
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.