Пандемия кезінде Қарағанды облысы даму көрсеткіштерін қалай сақтап қалды – Жеңіс Қасымбек
2020 ж. 03 қараша
1036
0
Аймақтар үшін биылғы жыл оңайға түскен жоқ. Алайда туындаған төтенше жағдайларға қарамастан Қарағанды облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты түрде дамып келеді. «Время» газетіне берген сұхбатында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек бұл өсімге қалай қол жеткізілгенін және өзекті мәселелерді шешу жұмыстары қалай жалғасатынын айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат.
- Жеңіс Махмұтұлы, дағдарыс уақытында Қарағанды облысының қиындықтар алдында өсімді сақтап қалуына не септесті?
- Аймақтың дамуына баға беретін нақты көрсеткіштер бар. Бұған өнеркәсіптік өндіріс көлемі, инвестиция, сауда, құрылыс, көлік қызметі және басқа да бірқатар бағыттың көрсеткіштері енеді. Біздің өңірде өткен жылмен салыстырғанда осы аталған барлық позиция бойынша оң динамика бар. Ең алдымен өнеркәсіп өндірісі туралы айтқым келеді. Өнеркәсіп жалпы аймақтың ішкі өнімінің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл салада өте тұрақты - 2019 жылдан қарағанда шамамен 103 пайыздық өсім бар. Біз осы көрсеткішті жыл соңына дейін сақтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бізді ерекше қуантады. Онда 4,5 пайыздық пунктте өсім байқалады.
- Ал ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал қандай?
- Биыл өңір диқандары миллион гектардан астам жерге түрлі дақылдарды, бірақ негізінен бидайды екті. Бұған күмән келтірген адамдар Қарағанды облысында «мұндай көлемдегі дақылдарды әрең себуге болатын еді» дегендей хат жазған болатын. Алайда біздің ауыл шаруашылығының тауарын өндірушілер бұл жоспарды орындап, миллион тоннаға жуық өнім алды! Сондай-ақ бұл ретте әңгіме сапалы астық, қымбат сұрыптар туралы болып отыр. Қазір оның бағасы жақсы, ал біздің астық өсірушілер экспорт үшін де, ішкі нарық үшін де белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы біздің ауылшаруашылығының тауарын өндірушілеріміз ішкі тұтынушыға тиімді шығындарды ұстап отыр. Сол үшін оларға өте ризамын. Қазір біз олардан 40 мың тоннаға жуық астықты жеңілдетілген бағамен, тоннасын 75 мың теңгеден сатып аламыз. Бұл әлеуметтік нан үшін арзан ұн өндіруге мүмкіндік береді.
- Инвестициялардың көлемі артып келе жатыр ма? - Біз өңірге тартылатын инвестиция деңгейін сақтап қалдық. Өткен жылы «Сарыарқа» газ құбырына 200 миллиард теңгеден астам бюджеттік инвестиция тартылған еді. Оны есептемегенде биыл біздің өңірдің инвестиция көлемі шамамен 700 миллиард теңгені құрап отыр. Оның - 83 пайызы жекеменшік инвестициялар. Бұл бағыттағы жұмыс Қарағанды облысындағы инвестициялық ахуал тартымды әрі тұрақты екенін көрсетеді. Пандемияға қарамастан бізге ірі инвесторлар келіп жатыр. Биыл 12 жаңа жоба іске қосылады. Жалпы қазір аймақта 2 триллион теңгеден асатын 40-тан астам жоба жүзеге асырылуда. Жалпы инвестиция туралы әңгіме қозғағанда біз түрлі салаларды айтып тұрғанымызды айта кеткім келеді. Мұнда машина жасау, тау-кен жабдықтарын өндіру, ферроқорытпалар, бірқатар ауылшаруашылық жобалары, мысалы, сүт фермасы, ет өңдеу және тағы басқа маңызды салалар қамтылуда.
- Әйтсе де дағдарыс шағын және орта бизнесті шатқаяқтатып кеткен болар?
- Әрине, пандемия ШОБ дамуына әсер еткенін мойындауымыз керек. Кәсіпкерлер бұрын-соңды мұндай сынақпен ешқашан бетпе-бет келіп көрген емес. Мейрамханалар, кафелер, қоғамдық тамақтану орындары мен кинотеатр иелерінің, көлік қызметі мен әртүрлі сауда саласындағы азаматтардың алдында үлкен қиындық туындады. Бірақ мемлекет тарапынан да қолдау болғанын айта кету керек: салықтар, өсімпұлдар бойынша төлемдерді жыл соңына дейін шегеру шаралары қарастырылды. Банк қарыздары мен коммуналдық төлемдер кейінге қалдырылды. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар кәсіпкерлерден нысанды жалға алу бойынша ақы алмайды. Жеке пәтер иелері де жағдайды ескере отырып, жалдау ақысын азайтты, кейбірі тіпті ақы алудан бас тартты. Біз карантин шектеуі жағдайында бұл компаниялардың санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмысын жалғастыруына рұқсат беруге тырысамыз. Сонымен қатар, мен Қарағандының ШОБ-ы мықты болып шыққанын ерекше атап өткім келеді. Осынау қиын кезеңде көптеген кәсіпорындар балама шешімдерді таба білді. Мысалы, біз қашықтан жұмыс істеуге көштік, ал жеткізу қызметіне деген сұраныс тіпті артты. Электрондық сауда бес есе өсті. Бұл өте жақсы үрдіс, өйткені осылайша бизнес көлеңкеден шығады, қосымша салықтар түсе бастайды, адамдардың жалақысы ашық болады. Сондай-ақ, осы кезеңде аймақтарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл - ел бесігі», «Еңбек» және басқалары сияқты мемлекеттік бағдарламалар да көмектескенін атап өту керек. - Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасының» күрделі кезеңде көмегі қаншалықты тиді? Халықты жұмыспен қамту үшін осы шараларды жалғастырған жөн бе? - «Жұмыспен қамтудың жол картасы» осындай қиын кезеңде азаматтардың нақты қолдаудың жарқын үлгісі деуге әбден болады. Карта қысқа мерзімде табысы жоқ, жұмыссыз қалғандардың барлығын жұмыспен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандарды қайта даярлауға мүмкіндік берді. Адамдар кез келген уақытта елді мекендер мен аймақтар арасында қозғала алмайтындығына байланысты, аулаларды абаттандыру сияқты нысандардың аяқталу мерзіміне қатысты шағымдар түсіп жатыр. Әйтсе де барлық нысандар қараша айында пайдалануға беріледі. Бағдарламаның тиімділігі мен ЖҚЖК-ның нақты қолдауын түсініп, біздің Президент Үкіметке және Ұлттық банкке бағдарламаны 2021 жылға дейін ұзартуды тапсырды.
- Пандемия әлеуметтік салаларға соққы беріп, кемшіліктердің бетін ашып бергені белгілі. Біліп отырғанымыздай, білім саласы қашықтан оқыту жүйесіне дайын болмай шықты. Халықтың аз қамтылған бөлігінің гаджет сатып алуға шамасының жоқтығы тағы белгілі. Оған елдегі кейбір өңірлерде интернет сапасының нашарлығын тағы қосыңыз. Білім саласында қордаланған осындай мәселелерді шеше алдыңыздар ма?
- Бүгінгі таңда өңірдегі халықтың 90%-ы интернетпен қамтамасыз етілген. Интернетке қосылмаған, орталықтан алыс орналасқан шағын ауылдарда шағын мектептер жұмыс істеп тұр. Онда балалар дәстүрлі түрде оқытылады. Бірақ бұл фактор оларды интернетсіз қалдыру керек дегенді білдірмейді. 2021 жылдың аяғында провайдерлер барлық жерде жақсы байланыстарды қамтамасыз етуі керек. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал отбасыларға келетін болсақ, білім басқармасының қаражаты есебінен біз осы санаттағы отбасылардың балаларына модемдермен қамтамасыз етілген 24 мың компьютер мен ноутбук сатып алып бердік. Сонымен қатар біз республикалық бюджеттен тағы 28 мың жаңа компьютер алдық. Соның арқасында қазір облыста барлық мұқтаж отбасылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
- Денсаулық сақтау саласы да едәуір сынға ұшырады. Өткен жазда тіркелген оқиғаларға жол бермеу үшін аймақ деңгейінде қазір қандай шаруалар атқарылып жатыр? - Әлемнің көптеген мемлекеті бұл індетке дайын болмай шықты. Бөлінген қаржыны денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға пайдалану үшін біз басқа салалардағы бюджет шығынын едәуір қысқарттық. Биыл біз облыс бойынша 70-ке жуық медициналық мекемені жөндедік. Жезқазғанда жаңа модульді аурухана салдық, барлық жұқпалы аурулар ауруханаларын ретке келтірдік, томографтардың санын көбейттік, қарашаның соңына дейін олардың саны 21-ге жетеді. Клиникаларда 24 оттегі стансасы орнатылды, палатаға оттегі беретін жабдықтар жеткізілуде. Бізге Денсаулық сақтау министрлігі өкпені жасанды желдету бойынша үлкен қолдау көрсетті. Олар бүгін де жеткілікті. Облыстағы 40-тан астам аурухана пневмонияны емдеуге дайын. Жалпы алғанда біздің ауруханаларға бес мыңға дейін пациенттерді орналастыру мүмкіндігі бар. Қарағанды облысында ауыр науқастар немесе өкпені жасанды желдеткішке мұқтаж науқастардың қазір жоқтығын атап өткім келеді. Бұдан біз қарағандылықтардың жауапкершілік пен сақтықты сезінетінін байқаймыз. Біздің дәрігерлердің біліктілігі жеткілікті әрі пандемиямен күресуде жақсы тәжірибеге ие екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар Қарағандыда алғашқы толқын кезінде үлкен көмек көрсеткен керемет медициналық университетіміз бар. Жұмысқа жоғарғы курс студенттері, интерндер мен оқытушылар тартылған еді.
- Қарағанды облысында жаңа тұрғын үйге, әсіресе көпбалалы отбасыларға және басқа да әлеуметтік осал азаматтар тарапынан үлкен қажеттілік бар. Аймақта құрылыс секторының жандана түскені байқалады. Бірақ таяу арада кезекті едәуір қысқартып, мұқтаж отбасылардың барлығына пәтер беру мүмкін бе?
- Кейінгі кезде біздің облыстың тұрғындары арасында жинағын астананың жылжымайтын мүлігіне салу үрдісі болған. Соңғы 3-4 жылда біз тек облыс орталығында ғана емес, бүкіл өңір бойынша жаңа аудандарды сала бастадық. Осыған орай қазір тенденция өзгере бастады. Өткен жылы облыста жалпы аумағы 427 мың шаршы метр болатын баспаналар салынды. Ал биыл біз бұл көрсеткішті шамамен 600 мың шаршы метрге жеткіземіз. 1 800 пәтерді әр түрлі қорлардың есебінен көпбалалы отбасыларға береміз. Ірі кәсіпорындар да қолдау көрсетеді. Мәселен, өткен аптада ғана Балқашта «Қазақмыс» компаниясы 65 пәтер бөлді. Екі-үш жыл ішінде құрылыс қарқыны 15-20 пайызға өседі деп жоспарлап отырмыз.
- Қарағандыда жеке тұрғын үй салуға жер учаскелері беріліп жатыр. Әйтсе де дағдарыс кезінде екінің бірі жеке жер учаскесінде құрылыс жұмысын жүргізе алмауы мүмкін ғой...
- Иә, соңғы 7-8 жыл ішінде жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелері іс жүзінде берілмеген. Себебі бұған дейін көптеген учаскелер инфрақұрылымсыз берілген болатын. Бұған мысал ретінде Қарағандыдағы «Күнгей» шағын ауданын алуға болады. Бүгінгі күні Қарағанды қаласының әкімдігі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін инженерлік желілерден кейін ғана беру мәселесін бірінші орынға қойып отыр.
- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыны миллион тұрғыны бар қала ретінде көргісі келетінін айтқан. Бұл мақсатқа жету жолында нақты жоспарларыңыз бар ма?
- Іс жүзінде, Қарағанды іргелес қалалар мен жақын ауылдарды есептегенде қазірдің өзінде 800-900 мың адам өмір сүретін тұтас агломерация. Олардың көпшілігі 20-30 минуттық жолды жүріп-ақ облыс орталығына жұмысқа барады. Сондықтан миллион дегеніміз уақыт талабы. Қала өсіп келеді, біз көп тұрғын үй салып, келген тұрғындарға жағдай жасауымыз керек.
- Алайда моноқалалар мен ауылдар туралы ұмытуға болмайды. Облыстың аудандарында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Шетте қарапайым ғана жағдай болмағаннан кейін әлбетте жұрттың барлығы қалаға қашатыны тағы түсінікті. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы және басқалары қаңырап жатқан ауылдарды құтқара ала ма?
- Бұл бағдарлама болашағы бар және тірек ауылдарды дамытуға арналған. Жалпы адамға инфрақұрылым емес, адам инфрақұрылымға баратыны бүкіл әлемге тән үрдіс. Бірақ 200 адам тұратын дейінгі шағын ауылдар бар. Ол ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтаудың мәні жоқ. Алайда біз ондағы жергілікті автономды инфрақұрылымды қолдауға тырысамыз. «Ауыл - ел бесігі», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымына, оның ішінде сапалы сумен қамтамасыз етуге байланысты көптеген мәселелер шешілуде.
«Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасының екі жылында сегіз ауданның 16 тірек ауылында 73 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету істері де бар.Мысалы, Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында қазандықтар мен тазарту құрылымдарының құрылысын жүргізудің арқасында әлеуметтік нысандарда орталықтандырылған сумен және жылумен қамтамасыз етілді, қазандықтардың қуаты артты. Биыл Осакаров ауданының Есіл ауылындағы 25 шақырымдық су желісін қайта жөндеу жұмыстары аяқталуда. 1500-ге жуық тұрғын үздіксіз сапалы сумен қамтамасыз етіледі.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Қазақстан халқына жолдауында қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аударды. Қарағанды облысы - өндірістік аймақ, мұнда қоршаған ортаның ластануына нақты үлес қосатын өнеркәсіп алпауыттары бар. Олар жаңа экология кодексінің нормаларын қаншалықты сақтайды деп ойлайсыз? - 2025 жылға қарай ірі кәсіпорындар зиянды шығарындыларды 30 пайызға төмендетеді деп жоспарлануда. Жаңа кодекс оларды экологиялық ережелерді сақтауға шақырады, әйтпесе олар шығарындылар үшін айыппұлды көбірек төлейтін болады. Бұл кәсіпорындардың басшылығы шығарындыларды азайтуға мүдделі және жабдықты жаңартуға қаражат салады. «Сарыарқа» газ құбырының Қарағандыға қосылуын ескере отырып, кәсіпорындар өндірістің бір бөлігін көмірден газға көшіреді.
- Президент мемлекеттік қызметті қайта жүктеп, мемлекеттік аппараттың штат санын едәуір қысқартудың уақыты келгенін атап өтті. Қарағандының қанша шенеунігі жұмыссыз қалды?
- Әзірге қызметкерлерді қысқарту туралы актіге қол қойылған жоқ. Біздің облыста 3,5 мың мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Биыл олардың 10 пайызы қықартылады. Келесі жылы - тағы 15 пайыз. Мемлекет басшысының бұйрығы орындалады.
- Сұхбат соңында айтарыңыз бар ма?
- Мен Қарағанды облысының барлық тұрғынына алғыс айтамын. Осынау қиын кезеңде біз өзіміздің ынтымақтастығымызды және жауапкершілігімізді көрсеттік. Еріктілер біздің сенімді тірегімізге айналды. Дәрігерлер мен полиция қызметкерлері өздерінің адалдықтары мен кәсіби шеберліктерін тағы бір рет дәлелдеуге дайын. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз.