«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 12 мың меценат тартылған
2020 ж. 29 қазан
1784
0
Ақорда резиденциясында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Президент жанындағы ұлттық комиссияның отырысы онлайн форматта өтті.
Отырыста Бағдарламаны 2020 жылы іске асыру нәтижелері және алдағы жұмыстың жаңа басым бағыттары қарастырылды. Кеңес барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Іс-шара барысында жастардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамытуға байланысты жаңа бастамалары туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саировтың ұсыныстары да талқыланды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы да талқыланды. Әлемдік пандемия мен экономикалық дағдарыс көптеген шаралар мен жобалардың жүзеге асуына шек қойды, кедергі болды, басым көпшілігін алдағы күндерге жылжытуға тура келді. Сондықтан кейбір шаралардың концепциясы қайта қаралды.
Бағдарлама аясында еліміздің руханияты мен тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жұмыстар кеңінен жалғасуда.
Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» екенін айрықша айтты. Яғни, ұлттық сананы жаңғыртудағы осы саяси сабақтастықты негізге ала отырып, біз рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуына барынша күш-жігерімізді салып, ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге қызмет етуіміз керек» деп атап өтті.
Осыған орай, Комиссияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.
Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады.
Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты т.б кешенді іс-шаралар қамтылады.
Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, мемлекеттік және атқарушы органдарға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, 3 жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 12 мың меценат тартылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың 3 жылында демеушілік қаражат есебінен 2 621 нысан салынды, 2 142 нысан реконструкцияланды. Осы жобаларды іске асыруға республика бойынша 12 мыңнан астам меценат қатысты.
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Бағдарлама аясында 228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет объектілері, 36 спорт алаңдары, 31 балалар алаңдары және т.б.
Сондай-ақ, 129 нысан реконструкцияланды. Оның ішінде 28 мектеп, 5 балабақша, 13 мәдениет объектілері, 14 спорт алаңдары, 68 аз қамтылған отбасыларға арналған үйлер, пәтерлер, 1 медициналық мекеме, 5 балалар алаңдары және т.б.
Демеушілік қаражат есебінен барлығы 1437 іс-шара өткізілді.