«Рухани жаңғыру» бағдарламасының біртұтас ақпараттық жүйесі қалыптасты - министр
2020 ж. 29 қазан
1365
0
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының біртұтас ақпараттық жүйесі қалыптастырылды. Бұл туралы Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мемлекеттік идеологияның маңызды бағыты ретінде қажеттілігінде қоғам тарапынан да, мемлекет тарапынан да күмән жоқ. Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін 6 бағыт бойынша 13 жоба бекітіліп, олардың аясында 10 мыңнан астам іс-шара өтті. Әрине, бұл жерде біз үшін маңыздысы – сан емес, сапа. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, кейбір жерлерде есептілік, науқаншылық сияқты үрдістер орын алғаны жасырын емес. Бұл туралы Елбасымыз да нақтылап айтқан болатын», - деді министр.
Осыған орай ол өңірлердегі барлық іс-шараларға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға қатысы жоқтарының қысқартылғанын атап өтті. Мәселен, былтырғы жылдың жоспарында 229 іс-шара көзделген болса, биыл барлығы 97 тармақ қана қалдырылды. Сонымен қатар Аида Балаева отырыста Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құзыретіндегі жұмыстарға қысқаша тоқталды.
"Бүгінгідей ақпараттық заманда кез келген бастаманың баяндылығы елге жөні дұрыс, қолы жетімді, көзге көркем ақпарат беруге байланысты. Сондықтан да, ең алдымен бағдарламаның біртұтас ақпараттық жүйесі қалыптастырылды. Оның негізгі құралы ретінде арнайы «Ruh.kz» бірыңғай интернет-порталы, «Азаматтық алаң» пікірталас орталығы мен республикалық БАҚ және әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізетін баспасөз қызметі құрылды. Осының арқасында бір ғана 2020 жылдың ішінде бұл бағытта ұзын саны 19 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Соның ішінде, қазақстандықтардың 70 пайызы интернет желісінде отыратындығын ескере келе, оның 15 мыңнан астамы интернет пен әлеуметтік медиада көрініс тапты. Әрине, бұл ретте ірі медиа-жобалардың орны бөлек. Осы орайда, отандық телеканал экрандарынан жыл басынан бері 29 деректі фильм, 122 арнайы бағдарлама, 142 танымдық роликтер топтамасы көрсетілді«, - деді ол.
Министрдің айтуынша, соның нәтижесінде тұрақты ақпараттық фон қалыптасып, бағдарламаға деген елдің назары арта түсті.
"Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, «Рухани жаңғыру» туралы осы күні халықтың 80,7 пайыз хабардар болса, 32,6 пайыз азаматтарымыз бағдарлама жұмысымен тікелей қамтылған", - деді Аида Балаева.