Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады
2020 ж. 23 қазан
1019
0
Қазақстан Президентіне облыстың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берілді.
Облыс әкімінің айтуынша, экономикадағы өсім 105 пайызды құрады. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында да оң көрсеткіштер байқалады. Өңірге тартылған инвестиция көлемі өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 66 пайызға жетіп, құрылыс қарқыны 65 пайызға артқан.
Өмірзақ Шөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жобаның іске асырылу барысы, соның ішінде, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жөнінде баяндады.
Сонымен қатар облыс әкімі бөгеттің бұзылуынан кейінгі Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі Президенттің берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтты. Облыс әкімінің мәліметі бойынша, Мырзакент ауылында 386 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл үйлердің жартысы бюджет есебінен, қалғаны демеушілердің қаражатына салынды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Түркістан облысы басшылығының жұмысына оң баға берді. Президент облыстағы эпидемиологиялық ахуалды бақылауды тапсырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқанның ашық әрі заңды түрде жүргізілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.