Қолдан жасалған апат...

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Қызылағаш аулындағы су тасқыны салдарынан опат болған адамдардың саны 37-ге жеткен және іздестіру, құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Оқиға орнында 741 адам және 112 арнайы техника жұмыс істеуде.  

Алматы облыстық прокурорының орынбасары Қыдырәлі Оспанов Азаттық радиосына берген сұхбатында сезікті ретінде бес адамның ұсталғанын жеткізді.

- Су тасқынына байланысты наурыз­дың 12-13 күні екі қылмыстық іс қозғалды. Қозғалған істер бойынша, Қызылағаш ауыл­дық округінің әкімі Есет Жүнісов, «Қызыл­ағаш» СКПБ-ның басқарма төраға­сы Қуаныш Бекеев пен директоры Мұхит Жүнісов, Алматы облысы бойын­ша Төтенше жағдайлар департаменті бас­ты­ғының орынбасары Евгений Енин, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар бөлім­шесінің бастығы Құныбек Байзақов күдік­ті ретінде ұсталды.

Осы хабарларды оқып отырып оқырман белгілі дәрежеде ақпарат ала алады және осы апат қалай орын алды және осы жылы аяқ астынан неге су тасқыны болды деген заңды сұраққа жауап іздейді.

Қызылағаштағы су қоймасы жеке меншікке берілгеннен бастап түрлі заңсыздықтар орын алған. Су қоймасының электр жүйесінің ақаулығы және аумақтағы электр бағандары мен сымдарының талан-таражға түсуі, су қақпаларының біреуінің он жылдан бері жұмыс істемейтіндігі, сонымен бірге заманында электр қуатымен автоматты түрде ашылатын қақпаның механикалық жағдайға көшірілгендігі болашақта апатты жағдайдың орын алуына белгілі дәрежеде негіз болуы мүмкіндігі белгілі.

Электр қуатымен ашылатын қақпаны механикалық жолмен ашу үшін  қарулы жиырма-отыз жігіт сағаттап бұрау керек. Яғни, қақпа бұрандасы 72 мәрте бұралғанда 1 см-ге ғана қақпа ашылады. (Ертегідегі құпиялы қақпалардың өзі жылдам ашылатын шығар).

Су қоймасының апатты жағдайда екендігі туралы «Қазселденқорғау» мекемесі 2003 жылы жасалған арнайы тексеріс нәтижесінде белгілі болған. Бірақ қазір белгілі болғанындай апатты жағдайды алдын алу және ақауларды жөндеу жұмыстары су қоймасының иелері тарапынан жасалмаған.

Апат болатын күні  42 млн. текше метр су сиятын су қоймасының табанына жақын орналасқан негізгі су қақпасы жабық болыпты. Егер, ол ашық болғанда секундына 260 текшеметр су өткізетіндіктен ешқандай апат да болмас еді. Осыдан барып су қоймасының қожасы қайда қараған деген сауал туады. Жұрттың айтуынша, олар үшін адам өмірі бес тиын, жазда сатып ақша табатын суды ғана ойлаған.

Апаттың негізгі себептері туралы нақты мәліметтер су қоймасы қызметкерлері тарапынан алынғандықтан, белгілі дәрежеде шындыққа жақын әрі мамандар пікірі деп есептеуге негіз бар.

Бір жағынан ең оңай тұжырымдама апатқа жауапты су қоймасы қожасы және жергілікті билік деп ойлайсың.

Екінші жағынан қарасаң, күдікті ретінде ұсталған Қызылағаш ауылдық округінің әкімінің осы аумақта, тіпті облыс көлемінде билік жүргізіп, су, электр, жекеменшік құқығын беру, тексеру комиссиясының шешімдерін өзгерту және сонымен қатар барлық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға да басшылық жасайтын «Әмбебап Әкім» болғаны ма деген ой туындайды.

Қаншама жанның қаны төгілген апатты қолдан жасағандарға ар жазасынан бұрын заң жазасы аяусыз қолданылуы тиіс!

 

Жиренше