Бішкекте белгісіз біреулер қалалық су арнасын басып алуды көздеп отыр
2020 ж. 07 қазан
1340
0
«Бішкексууканалы» өндірістік-пайдалану басқармасының (ӨПБ) стратегиялық маңызды нысанын рейдерлік жолмен басып алуға дайындық жүруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
«Құрметті қырғызстандықтар! «Бішкексууканалы» ӨПБ ұжымы жұртшылыққа, Үйлестіру кеңесіне, Премьер-Министрдің міндетін уақытша атқарушы С.Жапаровқа жүгінеді. Стратегиялық маңызды нысан - «Бішкексууканалы» ӨПБ-ны рейдерлік жолмен басып алуға дайындық жүруде. Басқарманың негізгі міндеті – сумен жабдықтау және су тарту.
Су арнасының қызметкерлері саясаттан тысқары. 24/7 демалыссыз және мереке күндерінсіз жұмыс істейді. Басқарма ұжымы үйлесімді механизм ретінде үзіліссіз жұмыс істейді. Алайда, кейбір деструктивті күштер соңғы оқиғалар аясында жағдайды пайдаланып, «Бішкексууканалы» ӨПБ-ны өз қолдарына алуға бекінген. «Бішкексууканалы» ӨПБ ұжымы саясаттан тысқары және өзінің тікелей міндетімен ғана айналысатынын тағы бір мәрте мәлімдейміз. Ол Бішкек пен оның айналасын ауыз сумен, сондай-ақ ағынды суларды канализациямен қамтамасыз етеді. Жұртшылықты «Бішкексууканалы» ӨПБ ұжымын қолдауға және Қырғызстан астанасы үшін стратегиялық маңызды нысанды рейдерлік басып алуға жол бермеуге шақырамыз», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарының сайлауы өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді. Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, оның соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты.