Шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесін енгіздік - Бақыт Сұлтанов
2020 ж. 20 тамыз
1094
0
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында мәлімет еткендей, 2019 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына қазақстандықтардан 6 мыңнан астам өтініш түскен. Биылғы жылдың 6 айы ішінде де осы көрсеткіш қайталанды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.Азаматтар қаржы, медициналық, көлік және тұрмыстық қызметтер, ТКШ және бөлшек сауда саласындағы заң бұзушылықтар туралы жиі мәлімдейді. Жыл басынан бері бас тартылған концерттер, тойлар немесе туристік сапаралар үшін ақша қайтару мәселесі бойынша өтініштер түсуде.
Осылайша, 2020 жылғы 6 ай ішінде жалпы сомасы 709 620 теңгеге өткізілмейтін іс-шаралар үшін 23 өтініш түсті, оның ішінде 449 620 теңге қайтарылған. Нұр-Сұлтанда «Руки Вверх» тобының, Л.Успенскаяның концерттеріне, Белгородта «Народное творчество» фестиваліне, «Астана-Опера» театрының қойылымдарына және басқа іс-шараларға билеттер «ticketon.kz» сайты, Яндекс почта, концерт залдарының кассалары арқылы сатып алынған.
Мейрамханалар мен дәмханаларда өтпей қалған әртүрлі отбасылық салтанаттарына жалпы 8 810 000 теңгеден астам сомасын қайтару мәселесі бойынша 50 өтініш түскен. Оның ішінде 7 895 000 теңге сомасы қайтарылды, қалған өтініштер бойынша жұмыс жүргізілуде.
Министрліктің талап-арызы бойынша «Бек Эйр» әуекомпаниясына қатысты бас тартылған рейстер үшін билеттердің құнын қайтару бойынша сот талқылаулары өткізілді. Талап-арыздарды сот толық көлемде қанағаттандырды. Бұл 60 млн. теңгеден астам сомаға 990 тұтынушының мүддесі.
ҚР СИМ тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бас тартылған рейстер үшін билеттердің құнын қайтару бойынша SCAT, Air Astana және FlyArystan әуекомпанияларымен келіссөздер жүргізуде.
Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында «Тұтынушылардың өздерінің көмегімен ғана сапасыз ішкі өндіріс пен сапасыз қызмет көрсетуге тыйым салуға болады. Қазақстанда 18 миллион тұтынушы бар. Осы 18 миллион тауарлар мен қызметтердің сапасын талап ететін бақылаушы», - деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында.
Министр заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер нарықтағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қоғамдық бақылау құралдарын кеңейтіп қана қойған жоқ, сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құруға жол ашты деп хабарлады.
«Біз шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесін енгіздік және «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс істеудеміз», - деп нақтылады Министр. Сұлтановтың айтуынша, шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі, сондай-ақ құрылып жатқан Ведомствоаралық кеңес «тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық шараларды бір жерде шоғырландыруға және мемлекеттік органдармен қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі, сондай-ақ құрылып жатқан Ведомствоаралық кеңес тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық шараларды бір жерде шоғырландыруға және мемлекеттік органдармен қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, тұтынушылардың қанағаттанбауы үнемі жоғары деңгейде қалып отыр. Елдегі тұтынушыларды толғандыратын мәселелер жалпы жылдан-жылға қайталанып келеді, олар, әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, бөлшек сауда, медициналық қызметтер және көлік салаларында.
«Биыл тек Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 8 мыңға жуық азамат шағымданды, ал мемлекеттік органдар бойынша толық статистика жыл соңында жасалады. Бүгінде өтініштерді жинақтау мен талдау «қолмен басқару» режимінде жүргізілетінін және мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайтын, сондай-ақ толық көріністі қалыптастыратын автоматтандыру мен жеткілікті мағлұмат жоқ», — деді сауда және интеграция министрі.
Аталған бірқатар мәселелер ағымдағы жылдың шілдесінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға енгізілген түзетулер арқылы шешілетін болады. Заңды әзірлеу барысында министрлік алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерттеді. Оның тұжырымдамалық негізіне ЭЫДҰ елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынды. Мысалы, Германия, Австрия, Жапония және Литвада мемлекет «ақылды» басқаруды жүргізеді, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ, Германия, Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың проблемалы мәселелері талқыланады.
Б. Сұлтанов атап өткендей, шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді.
Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын «қазір және осында» қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Сондай-ақ, өзара келісім бойынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген.
Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкілетті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген.
«Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешуге мүдделі болатын жағдайларды жасау», — деді Б. Сұлтанов.
Сот жүйесі осы бағыттағы проблемаларға тұтынушылық көзқараспен қарап, дауларды тез арада шешуге мүдделі болуы керек.
Сонымен бірге, Заң нормалары азаматтардың тұтынушылық құқықтарының бұзылмауына қоғамдық бақылауды күшейтеді.
Қазіргі кезде елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 65 қоғамдық ұйым жұмыс істейді.
Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп оларды ірілендіру және салалық негізде нығайту принципі бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл қоғамдық секторға салалық мемлекеттік органдармен толыққанды ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл тұтынушылардың мәдениетін және тұтынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Заңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық кеңес құру көзделген. Оның отырыстарында мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері талқыланып, кемшіліктер анықталып, тиісті шешімдер қабылданады.
Осы Кеңестің құрамы мен ережесі Үкіметтің қарауында.
Сондай-ақ, министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар туралы сараптамалық баяндаманы жыл сайын Үкіметке ұсынатын болады.
Құрылып жатқан Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жиналатын мәліметтер аталған проблемаларды жедел және сапалы түрде шешетін жұмыстың негізін құрайтын болады.
Бұл жүйе тұтынушыларды, бизнесті, мемлекеттік органдарды біртұтас экожүйеге байланыстырады және салалар бөлінісінде, даудың мәні мен қарау субъектілері бойынша шағымдарды құрылымдастырып, қадағалауға мүмкіндік береді. Мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдар да жүйенің толыққанды қатысушылары мен бенефициарларына айналады.
Ақпараттық жүйені пилоттық тестілеу Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті түрде қатысуымен ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланған.
«Сонымен бірге, біз Қазақстандағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін түбегейлі жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жаңа бастамаларды ұсынамыз. Біріншіден, тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымдарын біріктіретін, өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыру», — деді сауда және интеграция министрі.
Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институтын құру.
Үшіншіден, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезінде тұтынушылардың мүдделеріне қатысты реттеушілік әсерді талдау және уәкілетті органмен келісу міндеттілігін енгізу.
Төртіншіден, тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосу.
Бесіншіден, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың қызметтерін бағалау көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану мен олардың жұмыстарына сенім деңгейін енгізу.
Алтыншыдан, тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын толығымен ескере отырып, мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін Ерікті іскерлік ережелер мен үлгілік келісімшарттарға нормаларды қабылдау.
Жетіншіден, тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін тұтынушылар құқығын қорғау құралдары туралы тегін онлайн дәрістер курстарын өткізу.