БҮГІНГІНІҢ БАУЫРЖАНЫ
2020 ж. 18 қыркүйек
6110
0
Ел алғысына бөленген ел ағасы
Еліміздің әскери полициясында мемлекеттік тілдің қолданылуы мен ұлтттық-патриоттық, рухани бағыттағы жұмыстарды жолға қойған Бауыржан Лекеровтың еңбегін Қорғаныс министрі де жоғары бағалады
Әскери және құқықтық тәртіп – еліміздің қарулы күштерінің жауынгерлік әзірлігін қолдаудың негізі. Еліміз бойынша әскери ортада құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету , гарнизондарды патрульдеу, қылмыстардың жолын кесу күні бүгінге дейін дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция бас басқармасы бастығы қызметін атқарған тәжірибелі офицер, полковник Бауыржан Сағатжанұлы Лекеровтың басшылығымен жүзеге асып келді. Қарулы күштердегі тәртіптің мығым болуы жолында еселі еңбек еткен полковник Бауыржан Лекеров 1965 жылы 20 тамызда Алматы облысы Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылында қарапайым отбасында дүние есігін ашты. Асқар тау әкесі Сағатжан Әбдібекұлы сол ауылда ұзақ жыл мал дәрігері қызметін атқарып, еліміздің мал шаруашылығы саласының қарқынды дамуына өзінің зор үлесін қосты. Ал анасы Гүлжан Жүнісбекқызы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған ұлағатты ұстаз. Бүгінде білікті маманнан дәріс алған шәкірттері еліміздің түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші көпбалалы отбасында өсіп өнген Бауыржан Лекеров кішкентайынан-ақ бауырмалдық қасиетті бойына сіңіріп, үлкенге де кішіге де қамқор болуды өзінің азаматтық борышы санады. Отбасындағы төрт ұл төрт қыздың ортаншысы Бауыржан Сағатжанұлы бала кезінен Алатаудың асқар тауларына көз тігіп, өр мінезді азамат болуды көздеді. Сол бір ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген өжеттік тәртіп пен талапшылдықты ту еткен тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал етті. Бауыржан Сағатжанұлының 1990 жылы аяулы жары Лаура Жұматайқызымен көтерген шаңырағы бақ қонған берекелі отбасыға айналды. Бүгінде өмірлік серігімен бірге Дәурен мен Жанардай ұл-қыз тәрбиелеп өсірген асыл жар, ардақты әке Бауыржан Лекеров тізгінін ұстаған шаңырақтың өнегелі өмірі бүгінгі жас отбасыларға үлгі екенін айтуға тиіспіз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел ел болмайды» деп даңқты қолбасы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, батыр бабасының атын иеленген Бауыржан Сағатжанұлының өмірлік ұстанымы – қатаң тәртіпті өмірлік қағида етіп ұстана отырып, өр рухты азамат ретінде қалыптасып, ел дамуына зор үлес қосу болды. Осынау мақсатты алға қойған ол 1983 жылы Кеңес Одағы Қарулы күштерінің сапында жүріп, Германияда әскери борышын абыроймен өтеп келді. Өзінің өнегелі өмірін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қарқынды дамуына арнаған атпал азамат осы салада халқына қалтқысыз қызмет етті. 2017 жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция бас басқармасы бастығы қызметін атқарған ол сала барысында жүйелі жұмыстардың жүзеге асуына мұрындық болды. Бір сөзбен айтқанда батыр Баукең ізімен заман талабына сай жүріп келе жатқан бүгінгінің Бауыржаны деп Бауыржан Сағатжанұлын айтсақ артық емес. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев: «Басқа күштік ведомстволардан айырмашылығы, Қарулы Күштерде өзіндік қауіпсіздік қызметі жоқ, бірақ Қарулы Күштер басқа мемлекеттік орган сияқты бірқатар бақылаушы және қадағалаушы құрылымдардың жіті назарында. Бұл әскери қызметшілер қатарының тәртіп бұзбауына жоғары талаптар қояды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралар нәтижесінде 2015-2019 жылдар аралығында Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлық қатысты қылмыстар саны төрт есеге дейін азайды», – деп Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі атқарылған істерге өзінің оң бағасын берді. Бұл әлбетте осынау жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция бас басқармасы бастығы қызметін атқарған Бауыржан Лекеровтың ерен еңбегінің жемісі екендігін атап өтуге тиіспіз. Темірдей тәртіп пен турашылдықты ту еткен тұлға Бауыржан Сағатжанұлы бүгінде еңселі елу бесті еңсеріп, сан жылдар бойы атқарған бейнетінің зейнетін көруге бет алды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери ортада құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ауқымды істердің атқарылуына ұйтқы болған, зейнеткерлікке шыққан полковник Бауыржан Лекеровке алғысын білдіріп, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Батаның үлкені – «елдің аман, жұрттың тыныш» болғанын тілеу десек, осы жолда кірпік қақпай, елдің қауіпсіздігі үшін, егемен елдің жарқын болашағы үшін халыққа адал қызмет атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясының еңбегінің ерекше екенін атап өту ләзім. Бауыржан Лекеров әскери полицияда мемлекеттік тілдің қолданылуына үлкен еңбек сіңірді. Ұлттық-патриоттық, рухани бағыттағы жұмыстарды жолға қойды. Бауыржан қашанда халық арасында жүреді. Аралас ағайындары мен достары арасында да абыройлы. Қолынан келген көмегін аяған емес. Полковник Бауыржан Лекеровты "Ақ жол" партиясы атынан "Қазақ хандығына 550 жыл" мерекелік медалымен марапаттаған "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі, ақын Қазыбек Иса: Ел жақсысын Бауыржан деп атапты, Ерге сендей Лаура аруды матапты.. Бауыржандай полковник болсаң да, Біздер, бердік генералдай атақты!- деп айтқандай, біздің Баукең де ел алғысына бөленген ер. Осынау жұрт алдындағы жауапты жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарып, ел алғысына бөленген Ел ағасы Бауыржан Лекеровті 55 ке толған қуанышты күнімен құттықтап, зор денсаулық пен толағай табыстар тілейміз! Отбасының саялы бәйтерегі болып, асыл жары Лаура Жұматайқызымен бірге немере-шөберелердің қызығына тоймай, ақ баталы ақсақал биігіне жете берсін демекпіз! Гүлмира Бақытжанқызы