Оралда 12 жасар қызды зорлаған педофил 2,5 жылға сотталды
2020 ж. 24 тамыз
1666
0
Оралда 12 жастағы қызды зорлаған педофилге 2,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Бұл туралы КТК хабарлады.
Педофилге екі жарым жыл бас бостандығынан шектеу жазасы алқа билерінің жасырын дауыс беру арқылы анықталған.
– Біз сол шешімді қабылдаған алқа билерді көргіміз келеді. Ол алқа билер құрамын кім жасақтаған? Олардың құқық саласынан хабары бар ма? "Қыз жыныстық қатынасқа өз келісімін берді" депті. Ол кәмелетке толмаған 12 жастағы бала! Мүндай жеңілдік жасаудың арты онсыз да қаптап кеткен педофилдерге еркіндік береді. Істің қайта қаралуын талап етеміз, – деді "Қазақстан әйелдер күші" альянсы төрағасының орынбасары Әзиза Шүжеева.
21 жастағы күдікті Анатолий Марченко қылмысын толық мойындаған. Алайда жыныстық қатынасқа 12 жастағы қыз "өз келісімін берді" деп айтты. Осылайша педофилге алқа билері 2 жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын ғана беріпті.
Дегенмен қоғам белсенділері мұның шектен шыққан дүние екенін айтып, жоғарғы сотқа дейін арызданған. Судья алқа билерінің айтқанынан шығуға құзыреті жоғын жеткізді.
– Судья алқа билерінің шешіміне ықпал жасай алмайды. Алқа билері бас бостандығынан айыруға "негіз жоқ" деп сотталушыға бас бостандығынан айырмау жазасын тағайындауды әділетті деп санады. Үкім заңды күшіне енген жоқ, – деді судья Шара Зайнуллина.