Мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурс енді 2 кезеңмен өткізіледі
2020 ж. 29 шілде
1084
0
Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына түзетулер енгізілді.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында өтетін ішкі конкурс жалпы конкурспен біріктірілген. Өзгерістер 2020 жылдың 17 шілдесінен бастап күшіне енді.
Бұған дейін мемлекеттік органдар конкурстардың үш түрін жүйелі түрде өткізіп келді. Олар: мемлекеттік органның өз қызметкерлері арасындағы конкурс, барлық мемлекеттік қызметкерлер арасындағы конкурс және барлық азаматтар арасындағы жалпы конкурс.
Өз кезегінде, бұл жаңашылдық мемлекеттік органдардың бос лауазымдарын уақыт созбай толтыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, аталған жаңашылдық стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін кадрлық шешімдер қабылдауда мемлекеттік органдардың ұтқырлығын арттыруға септігін тигізеді.
Осының алдында конкурстардың үш түрін өткізу бос орындарды толтыру үшін көп уақытты талап ететін. Бос лауазымдарға орналасу конкурстарының барлық кезеңдерін өткізу үшін 50 жұмыс күніне дейін созылатын, ал қазіргі уақытта бұл рәсім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Аталған тәсіл жүйенің мансаптық моделін бұзбайды, ал оған үлкен ұтқырлық береді және тұтастай алғанда, жеке сектордан талантты мамандарды тарту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жалпы конкурстарға қатысу тәртібі жеңілдетілді. Өткен жылдың қараша айында Заңға мемлекеттік қызметкерлерді жалпы конкурсқа қатысу кезінде тестілеуден өтуден босататын түзетулер енгізілді.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілер енді жалпы конкурстарға жалпы негізде емес, ішкі конкурсқа ұқсас жеңілдетілген тәртіп бойынша қатысады. Осыған байланысты, конкурс кезеңдерін қысқарту меритократия қағидаттарына теріс әсер етпейді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 3 шілдесінде Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын.