ҚР СІМ: Пандемия кезінде 15 мемлекет гуманитарлық көмек көрсетті
2020 ж. 15 шілде
1443
0
Қытай, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Катар, Өзбекстан мемлекеттерінен 5 млн-нан астам маска, 98 ӨЖЖ аппараты, 260 мың тест-жүйесі, 3 мыңға жуық термометр мен тепловизорлар жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ержан Ашықбаев мәлімдеді. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстанға көмек көрсеткендер қатарында ДДСҰ, шетелдік компаниялар мен қайырымдылық қорлары, жеке тұлғалар бар.
«Дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды жеткізуде бәсекелестік жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестерімізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұдан басқа, гуманитарлық көмекке әріптестердің кеңестері мен тәжірибе алмасу да жатады. Қытайлық және ресейлік мамандар келді. Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Израиль дәрігерлері 30-дан астам бейне-конференция өткізді», - деп қорытындылады министрдің орынбасары.
Сонымен бірге, «СК-Фармация» гуманитарлық көмекті үлестіру бойынша бірыңғай оператор болып белгіленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті.
«Барлық жеткізілген гуманитарлық жүктер кедендік рәсімдеу мен медициналық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі сертификаттарын алу процедураларынан өтті және бірыңғай дистрибьютормен өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына жеткізілді. Сол жақтан олар тікелей медициналық ұйымдарға үлестірілді», - деп толықтырды вице-министр.
Анықтама: 2020 жылғы 14 шілдедегі жағдай бойынша, Бірыңғай дистрибьютор облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 258 провизорлық орталыққа 9,7 млрд теңгеге жуық соманың коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған препараттарын жөнелтті.