ШЫМКЕНТТЕ ӨКПЕНІ ЖАСАНДЫ ЖЕЛДЕТУ АППАРАТЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ
2020 ж. 12 шілде
1291
0
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов жақын арада «Kazmedpribor Holding» ЖШС-і өкпені жасанды желдету аппаратын шығаратынын жеткізді. Аталған жұмыс қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асады. Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
– Біз бұл жобамен үш ай бойы жұмыс жасадық. Ендігі кезекте қажетті сертификатты алсақ, аппаратты шығара бастаймыз. Алдымен, қаланы толығымен қамтып, содан кейін еліміздің өзге қалаларына көмектесетін боламыз. Бүгінгі басты жағымды жаңалық осы, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы «Kazmedpribor Holding» ЖШС директоры Рахат Байзақовпен пандемиямен күрес мәселелерін талқылағын да айтып өткен.
Рахат Тұрғанбекұлы қала тұрғындарына 150 дана төсек-орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлаған.
Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы медициналық мекемелерде 323 ӨЖЖ аппараты, оның ішінде 130 портативті аппарат бар. Сондай-ақ, 250 «Бобров» тыныс алу аппараты, 10 монитормен қамтамасыз етілген.