АҚЫНЖАНДЫ АСЫЛ АЗАМАТ ЕДІ...
2020 ж. 04 шілде
3434
0
Күнде бірнеше суық хабар естіп, жүрегіміз зәрезап болып қалды... Әлеуметтік желіні ашуға қорқасың, мезгілсіз телефоннан сескенесің...
Абзал азамат, асыл жар,ардақты әке Әлен Қалиахметұлы Қыдыров та мезгілсіз өмірден озыпты...
Әлен Қалиахметұлы 1955 жылы 15 тамызда дүниеге келген. 1974 жылы Панфилов ауданы Алтыүй ауылы Ә.Қастеев атындағы мектепті тамамдаған соң Семей дәрігерлік училищесіне оқуға түседі. Содан кейін Чехословакия елінде әскери борышын өтеп келген соң атақты Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхозға, Тұрпан ауылында жұмысқа тұрады. Сырттай Қазақ ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, жақсы нәтижемен аяқтайды.
Екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған атақты Головацкийдің сенімді көмекшісіне айналып, колхоздың агрономия қызметін жоғары деңгейге көтереді. Тәуелсіздік алған жылдары Сарыбел ауылында ауылдық округ әкімі, "Қызыл еспе" ауыл шаруашылық кооперативінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. Кейін Алматы қаласына ауысып, зейнетке шыққанға дейін қаланы көгалдандыру мекемелерінде жемісті еңбек етеді. Еңбекқор, білікті басшы, көпшіл, жайдары азамат, бауырға қамқор, көпшілікке жанашыр іскер азамат еді. Жұбайы Алтын екеуі 1979 жылы шаңырақ құрып, Әсем қыздарынан үш немере сүйді, ардақты әке ата атанды. Соңғы жылдары өлең өлкесіне де ат ізін салып жүретін еді. Жазған өлеңдері әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің көңілінен шығып, әуесқой сазгерлер ән де шығарған болатын.
Әлекеңнің өлеңдерін маған жіберген бажасы, биология ғылымы докторы, профессор Айып Ысқақ "Әлен бажамыз бірнеше рет өтініш қылып еді өлеңдерімді Қазыбек бажамызға жіберші деп. Оған "өзің жібергенің дұрыс қой" деп едім. Өтінішін енді өзі жоқта орындауға мәжбүр болып отырмын. "Өлеңдеріңді жинақ қылып шығарсақ" дейтінмін Әленге. Қазақтың белгілі тұлғаларына, Бауыржан Момышұлына, әйгілі халық әртісі Құман Тастанбековтың, белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің қазаларына жазған арнаулары да бар еді"-деп жазып жіберіпті.
Иә, Әлекеңнің көптеген жырларымен енді, өзі жоқта танысып жатырмыз. Несі бар өлеңдері тәп-тәуір екен. Осындай өлеңдермен-ақ талай кітап шығарып жүрген танымал ақындарымыз да көп қой. Әлекеңнің де жазған-сызғанын жинап, жинағын шығарар күн болар...
Әсіресе, туған жер табиғатын әдемі жырлай біліпті. Мысалы, мынау бір биыл 9 мамырда жазылған бір ғана өлеңін оқып көрейік:
Біздің жайлау
Жайлаудың керемет қой шатқалы да,
Барушы-ек демалуға жас шағымда.
Ағалар отыратын малын бағып,
Тамшының сәл жоғары бас жағында.
Шығатын жаз айында достарым да,
Қыпша бел қас сұлулар қастарында.
Жайлаудың гүлін теріп бүлдірген жеп,
Сырласып отырушы-ек тастарында.
Аунаушы-ек Көлтекшенің көгалына,
Барғанда достарыммен демалуға.
Қып-қызыл таңқурайы тіл үйірер,
Көріп қайт біздің тауды кел ауылға.
Текшеден көрініп тұр Сарыбелім,
Ауасы қандай ғажап дәруменім.
Бір жеті бұл аймақта демалсаңыз,
Бір жылдай керек болмас дәрігерің.
Тышқанның суы тастай шатқалында,
Қырандар қиқу салған аспанында.
Малшылар малын бағып көшіп келіп,
Тігілген ақ шатырдай қостары да.
Дастархан малшыларда жиылмайды,
Тілейді болса екен деп жылын жайлы.
Қымызы, сары майы, құрт-ірімшік,
Қаймақтап ішілетін күрең шайы.
Текшеде көз тартады гүл шоқтары
Тамаша көріністер бұл жақтағы
Көбінің ата-анасы малшы болған
Еске алып сағынады ұрпақтары
Әдемі менің өскен өлкелерім
Қол тисе жазға қарай бір келермін
Сол кезде жарымменен Көлтекшеден
Еске алып жастық шақты гүл теремін.
Қазанға қашамамен асатұғын,
Күз түссе мал еңіске қашатұғын.
Бола ма ұмытуға Арқас тауын,
Мауқын Суан елі басатұғын.
Жанына жақын жайлауды жақсы суреттей біліпті.
Иә, Әлекең өзі әнші, асаба, ақын, домбырашы, сегіз қырлы бір сырлы жігіттің сұлтаны еді. Ағайынға қамқор, адамгершілігі жоғары, жайсаң жан еді.
Анау бір жылы 1998 жылы болу керек, қақаған қыста Сарыбелге жолым түсіп қалды. Қиын кез еді.
Белгілі қайраткер ағамыз, руханиятқа қамқор, рухы биік тұлға Ислам Әбіштің демеушілігімен 1996 жылы тұңғыш кітабым "Керімсал" шыққан еді. Тура біздерге келгенде заман қиындап кетті де, мемлекет кітап шығаруды тоқтатқан кезең еді... Кітапты шығару бір ақырет болса, оны сату бір қиямет еді. Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі Әділшайық Ыбыраймолдаевқа осы мәселемен кіріп, ол кісі жылы шыраймен қарсы алды. "Біздің Қоңырөлеңді, Жаркентті жырға қосқан күйеу бала екенсің, кітабыңды мұғалімдер арқылы таратып берейік" деген соң, кітабымды өткізіп кеткен едім. Кейін аудандық оқу бөліміне бір-екі рет хабарласып кітабымның жайын біле алмай қойдым. Сөйтіп жүргенде әкім ауысып кетті де, "балапан басымен, тұрымтай тұсымен" кез еді, сол күйі сол кітаптарым қалып қойды. Анда-санда қайын жұртқа барғанда ауданның қай ауылына барсаң да бәрі "Керімсалды" оқыған болып шығады. Мысалы, "Қоңырөлең" ауылының мектебі оқушылары жырымды жатқа айтып жататындары да бар екен. "Е-е, мың кітабым босқа кетпепті ғой, ел білсе болды да" деп ішімнен өзімді жұбатып қоямын. Сол кітап тарату кезеңінде құдай қолдап, Алматыдан қарызданып үй алып қалдық та, қарызды қайтару керек болды.
Сарыбелге ұжым басшысы болып істейтін Әлен бажамызға бардық. Жолбасшымыз сол кезде Қорғас кеденінде істеп жүрген Болат Мырза қайынағам. Әлекең бажасы мен қайнысын жақсылап күтіп алып, қой сойып, қонақ етті. Үш-төрт жігітті шақырып қойған екен. Мен жыр оқыдым, ол кісі домбыра тартып ән шырқады. Әлекең әңгімені де майын тамызып, қатырып айтады. Болат та қоңыр дауысымен ән айтып, біраз әңгіменің басын қайырды. Менің «кітап өткізуім керек» деген бұйымтайымды естіп, Әлекең сөзге келген жоқ, ұсынған кітабымды, қанша екені толық есімде жоқ,үш жүздей-ау деймін, бәрін алды. Қолма-қол ақшаның қат кезі. – Бір түйе аласың – деді. -Ойбай-ау оны қайтемін. Алматыға түйе мініп барамын ба? -Сойып беріп, автобусқа артып береміз. Апарып сатып, ақша қыласың-деді.
Сауданың шет жағасын көріп қалған кезіміз, дереу Алматыдағы «Тастақ» базарының ет дүкенін «ұстап тұрған» Бақтияр досыма хабарласып ем, «Тіке, базарға алып келе бер. Гүлжан бір күнде сатып береді» деп әйеліне сілтеді.
Дала аппақ қар. Бұрқырап қар жауып тұр. Қыстауда бір түйені ұстап алып, жәукемдеп тастады Әлекеңнің әлекедей жаланған жігіттері. Жаркентке келгесін, Болат түн жарымда жүретін автобуспен келісіп, жігіттерімен бір түйенің етін артып берді…
Сөйтіп Әлекеңнің арқасында Жаркентке кеткен мың кітабым үстіне тағы бірер жүз кітап болып қосылғасын, бір түйе болып қайтты…
"Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді" дегендей, қиын кезеңде қол ұшын созған азаматтығын қалай ұмытарсың?!" "Жақсының жақсылығын айт" дегесін айтып жатқанымыз ғой... Айта берсе, Әлекеңнің ағайынға жасаған қамқорлығы да көп болды. Ақ көңілі даладай кең азамат еді Әлекең!
Жазиралы Жаркент өңірін аузынан тастамай насихаттап жүретін Әлекеңді өзінің еліне апарып, Тұрпан ауылына жерледі кеше.
Қырқы 8 тамызда Алматыда берілетін болды. Қиын-қыстау індеттің кезі болғасын, өзіміз де тұмауратып жатқасын бара да алмадық... Қазақтың біртуар тұлғасы, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен бір күнде -15 тамызда туған еді. Енді 43 күннен кейін 65-ке толар еді... Шәмшінің барлық әндерін білетін, әдемі щырқайтын...
Алла алдынан жарылқасын! Арты қайырлы болғай! Алды пейіш, арты кеніш болсын! Ұрпақтарына құдай ұзақ ғұмыр берсін!
Отбасына, асыл жары Алтын тәтемізге, жалғыз қызғалдағы Әсемге, бауырлары мен туған-туыстарына көңіл айтамыз!
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Алла панасына алып, Иманы саламат болсын!
Қош, бақұл бол Әлеке!
Қазыбек ИСА
Қаралы өлең
Шаттықты деп ем, жазармын, Жазмыштан асып озар кім? Қаралы тағы сөз алдым. Кешегі адам, бүгін жоқ, Құдығына түсіп тажалдың, Құрығына түсіп ажалдың. Топырағы күнде жаңарып, Жататын болды-ау, мазардың. Құрғатпай көздің жауынын, Соққанда қара дауылың, Келмеске кете барыпты, Қыдыров Əлен бауырым. Суық хабардың ызғары, Күйзелтті Жаркент қауымын. Кеше ғана тірі еді, Дүрсілдеп тұрған жүрегі. Вацабпен өлең жіберіп, Əзілін айтып жүр еді... Əр таңда 5 пен 6 да, Өлеңмен сəлем жолдаушы ең, Жүректен шыққан жақсы жыр, Деп өзіңді қолдаушы ем... Алматыдан осы жаз, Жаркентіме жетем деп. Əлі отыз жыл бұйырса, Өлеңге қызмет етем деп. Ең болмаса үш кітап, Ұрпағыма тастап кетем деп. Құлшынып едің-ау, бауырым, Өзегімнен шықты-ау ауыр үн. Жүрегі ақын жігіт деп, Күтемін көп үміт деп, Етуші ем елге тағылым. Арамыздан алып кетер деп, Кім күткен індет дауылын... Топырағың торқа болсын деп, Төгемін көздің, жауынын... Өлді дегенге сене алмай, Өзіме-өзім келе алмай, Қара жерге қиып бере алмай, Отырмын қазір, ой Алла-ай! Ислам-Ғали ЖАРКЕНТИ 03.07.2020 ж.