Қазақстанның 6 қаласында локдаун режимі енгізіледі
2020 ж. 25 маусым
7533
0
Қостанай облысында карантин режимі қайта күшейеді. Бұл туралы өңірлік коммуникацилар алаңында өткен брифингте облыс әкіміні орынбасары Марат Жүндібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирус жұқтырғанын хабарлаған едік. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев тұрғындарға үндеу жариялады.
«Облысымызда эпидемиологиялық ахуал күрт құлдырады. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 20 күннің ішінде 629 адам инфекция жұқтырған. Оның 369-ы симптомды коронавирусқа шалдыққан, ал260 адам індеттің клиникалық белгілері жоқ түрін жұқтырып, «вирус таратушылар» санатына қосылып отыр. Аймақта бүгінге дейін 192 науқас дертінен айығып, 3 адам көз жұмды. Коронавирустың күрт тарап кетпеуін қамтамасыз ету үшін облыста 346 орындық провизорлық бөлімшелер, сондай-ақ 713 карантиндік госпитальдар жұмыс істеуде. Сондай-ақ 292 орынды инфекциялық бөлімдер бар. Бүгінде облыста 190 жасанды тыныс алу құрылғысы бар. Жуырда облыс ауруханасына осындай 5 жаңа аппарат әкелінді. Маусым-шілде айларында қосымша 60 шақты аппарат сатып алынады. Оның 35-і – стационарлық, 25-і – жедел медициналық көмек кезінде қолдануға арналған. Инфекцияның алдын-алу үшін 27-28 маусымда Қостанай, Рудный, Жітіқара, Лисаков, Арқалық, Тобыл қалаларында локдаун режимі енгізіледі», - деді М.Жүндібаев.
Локдаун режимі енгізілген қала тұрғындарына үйден жұмыс үшін, ем алуға, дәрі-дәрмек, азық-түлік, қоқыс төгуге, жеке көлікпен саяжайға баруға ғана рұқсат етіледі. Ойын-сауық және сауда нысандары, базарлар, саябақтар жабылып, қоғамдық көліктер тоқтайды.
Осы күні өңірде Ұлттық сараптама орталығының филиалында 3 зертхана және «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы үздіксіз жұмыс істеуде.
Бұл зертханаларда тәулігіне 1600-ге дейін талдау жүргізіледі.