Өскемен тұрғындары қала әкімдігінің жұмысына наразылық білдірді
2020 ж. 17 маусым
1179
0
Өскеменде Шәкәрім даңғылындағы теректердің кесіліп жатқанына байланысты тұрғындар шағымы өңірдегі экологтардың да назарын аударды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Арнайы отырыс өткізген мамандар қала әкімдігіне бұл шаруаны уақытша тоқтата тұруға ұсыныс жасады. Еске салайық, даңғылды кеңейуге орай құрылысшылар сол жолдың бойындағы 63 теректі шетінен кесе бастағаны жайлы біз бейнематериал көрсеткен едік. Өйткені талдар жобаны жүзеге асыруға кедергі келтірген. Тұрғындар ауаны тазартып тұрған желектерді отауға үзілді кесілді қарсылық білдіріп, қоғам белсенділерінен көмек сұраған болатын.
Экологтар болса, мәселе жан-жақты қаралса деген ниетте. Себебі бір жағынан үлкен теректердің пайдасы зор болғанмен, екінші жағынан кәрі ағаштардан келер қауіп те баршылық. «Бірақ оларды дәл қазір бір демде кесіп тастау жолды кеңейтуга септігін тигізбесі анық», – дейді сарапшылар.
– Оларды отап алып тастау көлік қозғалысына ешқандай тиімділік бермейді. Тұрғындардың да, экологтар мен әкімдік өкілдерінің де, барлық тараптың пікірін де тыңдау керек деп санаймын. Сонда ғана мәселеге әр түрлі қырынан баға беріледі. Сол себепті әкімдікке бұл жұмысты уақытша тоқтата тұруға ұсынысымызды жеткіздік. Қандай шешім қабылданатыны белгісіз, - дейді эколог Елена Полянцева.