Аида Балаева: Екпе жасаудың сапасын заңнамалық деңгейде бекіту маңызды болып тұр
2020 ж. 16 маусым
1182
0
Екпе жасаудың өзектілігі оның сапасын заңнамалық деңгейде бекіту тұрғысынан маңызды болып тұр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең алдымен, осы отырған баршаңызды есен-аман көргеніме қуаныштымын. Біздің бүгінгі әңгімеміз де осы денсаулықтың өзекті мәселесіне тікелей қатысты болғандықтан, оны кезекті пікірталас алаңына шығарып отырмыз. Өздеріңізге мәлім, біздің министрлігіміз қоғамдағы ең өзекті, елдің ең қарама-қайшы пікірлері тоғысқан мәселелерді ортаға салып, осындай ой-талас алаңында талқылап, дұрыс тұжырымдар жинақтауды дәстүрге айналдырды. Бүгінгі тақырыбымыз - елді жаппай вакцинациялау мәселесі. Оның мән-мазмұнын білікті маман, сарабдал сарапшы ретінде сіздерден артық ешкім білмейді», - деді Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияны ашқан Аида Балаева.
Осы орайда министр «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының алдын алу екпелерін салуға қатысты кейбір тармақтары қоғамның қызу талқысына түсіп, өзекті проблемаға айналғандығын баса айтты.
«Біз бұл тақырыпты тек қана өзекті болғаны үшін ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматқа аталған шаралардың заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін түсіндіру және жеткізу тұрғысында барынша маңыздылығына орай таңдап алғанымызды атап өткен орынды. Вакцинация маңыздылығын, әсіресе, қазіргі бүкіл әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде қайта бағалау барынша күрделі екендігі сөзсіз. Бұған қоса, вакцина әзірлеудің оң нәтижелерін тағытсыздана күтіп отырмыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, вакцинацияға қарсы идеялар мен пікірлер де бар. Оларды де елемей кетуге болмайды.
«Өйткені, көпшілігі вакцинацияның өзіне емес, оның сапасына қарсы. Дәл осы орайда жаңа кодекс аталған ерекшеліктердің бәрін ескеріп, жауапкершіліктің, оның ішінде сапасыз вакцинация үшін де нақты тетіктерін енгізеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл мәселеде барынша сындарлы саясат қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуына сіз бен біздің денсаулығымыз ғана емес, сонымен бірге балаларымыз бен немерелеріміздің де аман-есендігі байланысты. Шындап келгенде болашақ денсаулық кепілі де. Сондықтан да біз үшін түрлі пікірлерді және ең алдымен оған қатысты сарапшылардың пікірлерін есту маңызды. Бүгінгі біздің кездесуіміз қоғамдағы заң жобасына қатысты барлық негізгі мәселелерге лайықты жауап табатындығына сенімдімін», - деді Аида Балаева.