Қордайлықтар жазғы лагерьде мемлекеттік тілді үйреніп жатыр
2020 ж. 10 маусым
1303
0
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына сапары барысында Сортөбе ауылындағы Мәдениет үйінде жұмыс істеп отырған «Тілдер саябағы» жазғы лагерінде болды.
Мұнда жергілікті тұрғындарға мемлекеттік және шет тілдері оқытылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік жобаның жетекшісі Бақнұр Зиябековтің айтуынша, бүгінде лагерьде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалар да, ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі.
Ауыл тұрғындарына Назарбаев Университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері сабақ береді. Аймақ басшысы аудандағы белсенділер мен еріктілерге қыруар шаруалары үшін алғысын білдіріп, тұрғындарға мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын еске салды.
«Егер ата-аналар балаларымен қазақша сөйлессе, балалар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар, бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу қажет. Біздің міндетіміз – жастарға лайықты білім беріп, бірнеше тілді меңгеруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек», - деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ өңір басшысы ауылдағы балық шаруашылығын дамытуға жақсы жағдай жасалғанын назардан тыс қалдырмады. Ол форель мен бекіре тұқымдарын өсіретін фермада болып, құрылымның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда жылына 5-7 тонна балық өндіріледі екен. Өнімдер жергілікті аймақта сатылады. Балықтар шетелден әкелінетін арнайы тағаммен қоректенеді. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы жолдардың құрылысымен де танысты. Ол мердігер компания өкілдерімен бірге төселген асфальттың сапасын тексерді.
Биыл Қордай ауданында инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде жолдарды жөндеуге шамамен 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 352 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтпек.