Шымкентте «Желбіре менің жалауым» атты патриоттық шара өтті
2020 ж. 04 маусым
1474
0
Шымкентте «Желбіре менің жалауым!» атты патриоттық шара өтті. Ол Мемлекеттік рәміздер күніне арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының Рухани жаңғыру бөлімі ұйымдастырған акцияда жастар ҚР Мемлекеттік әнұранын шырқап, тұрғындарға жалаушалар таратылды. Сондай-ақ, еліміздің туы мен елтаңба, әнұраны жайында сауалнама жүргізілді.
«Ұлттық нышандағы мерекенің мерейі үстем. Көк туды теңдігімізге, елтаңбамызды, әнұранымызды биік тұғырымызға балаймыз. Бірақ елімізде төтенше жағдай тоқтағанымен, карантиндік шектеулер алынған жоқ. Соған байланысты акцияны қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, өткізіп жатырмыз. Ұлттық рухты оятатын мерекелік эстафета өткен, алдыңғы жылдары қолға алынған болатын. Биылғы челленджге де кез келген отансүйгіш азамат қатыса алады»,-деді рухани жаңғыру бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева.
Ұлтымыздың ұлылығын, тарихымыздың қасиетін танытатын акция сонымен қатар «Абай» саябағы, «Арбат» демалыс аймағы «Дендросаябақ», Еңбекші ауданындағы «Север» сауда орталығында жалғасын тапты.