Киік Қазақстаннан Өзбекстанға ауды
2020 ж. 04 маусым
2152
0
Қазақстанның биологиялық саналуандықты қорғау қауымдастығы киіктердің Қазақстаннан Өзбекстан ауғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанның биологиялық саналуандықты қорғау қауымдастығы мен ҚР шекара қызметі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара бөгеттеріндегі арнайы өткелдер арқылы киіктердің өткенін дәлелдейтін айғақтарды тапты. 2012 жылдан бастап қауымдастық шекара қызметімен және Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен бірлесіп, Үстірт популяциясы киіктерінің көші-қонын жеңілдету үшін жұмыс жүргізіп жатыр. 2015 жылы қауымдастық ұсынысы негізінде шекара қызметі әрбір шақырым сайын сым темірден жасалған бөгеттерді жартылай алып тастады», - деп атап өтеді ұйым Facebook парақшасында жариялаған ақпаратында.
Қауымдастық мәліметінше, Өзбекстанның аумағына кіретін Үстіртте соңғы 5 жылда алғаш рет киіктер көзге түскен.
«Дәл осы жаңалық Қазақстанның шекара қызметімен бірге екі елдің мемлекеттік шекарасындағы шекаралық белдеуді аралап көруге негіз болды. Сөйтіп бөгет бойында 7 нүктеден киіктердің ізін байқадық. ҚБАҚҚ бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады. Биыл шекара қызметімен бірге қосымша шолғындау жоспарланып отыр», - деп атап өтеді қауымдастықтан.