Асхат Аймағамбетов: Биыл 132 мыңға жуық адам ҰБТ тапсырады
2020 ж. 02 маусым
1349
0
Биыл елімізде 132 мыңға жуық адам Ұлттық бірыңғай тестін тапсырады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҰБТ биыл 17-рет өткізілетін болады. Осы кезең аралығында тестілеуге 2 миллионға жуық адам қатысып шықты. 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет: қаңтар, наурыз, тамыз айларында өткізілуде. Биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Барлығы 5 пән, 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде өткізіледі. Барық тест тапсырмаларының саны - 120, максималды балл - 140. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау 15 сәуірден 10 мамырға дейін жүргізілді, - деді министр.
Оның атап өтуінше, осы жылы өтініштерді қабылдау алғаш рет онлайн форматты өтті. Тек ғана Интернет жоқ өңірлердің түлектері үшін дәстүрлі форматта құжаттар тапсыру мүмкіндігі берілді.
«Жалпы биыл мектеп түлектерінен тестілеуге қатысу үшін 111 109 немесе 82 пайыз өтініш тапсырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға немесе 15 мыңға жуық адамға көп. Сондай-ақ, алдыңғы жылдарда мектеп бітірген түлектерді қосқанда барлығы биыл 131 755 адам тест тапсыратын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.