Алматыда атышулы Рыжий Алмаздың бауыры сотталды
2020 ж. 01 маусым
1335
0
Алматыда сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны үшін "Транстелеком" АҚ-ның бұрынғы басшысы Асқар Нәсенов сотталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, Асқар Нәсенов - 90-жылдары қылмыс әлемінің серкесі атанған Рыжий Алмаздың інісі.
27 мамырда Насеновтың ісіне қатысты сот үкімі шықты. Ол "Қызметін пайдалана отырып, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, талан-таражға салды" деген айыппен сотталды.
"Осыған дейін Насенов "KT&T" ЖШС-мен заңсыз консорциумдық келісім жасау арқылы мемлекет қаржысын жымқырды және 2,1 миллиард теңге көлемінде төлем жасады деп күдікке ілінді. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен Асқар Нәсенов 4 жылға бас бостандығынан айырылды, үш жылға қаржылық жауапкершілікті иелену құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.