Мақтаарал ауданында 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілді
2020 ж. 03 мамыр
1038
0
Мақтаарал ауданының орталығы - Мырзакентке сарқынды судан қауіп төнгендіктен кеше түнгі сағат 23:00-де 12 мыңға жуық тұрғын толық Атакент кентіне көшірілді. Халықтың еркін әрі тиімді көшуін қамтамасыз ету мақсатында 68 автобус бөлінді. Аудан орталығының тұрғындары еш даурықпастан сирена соғыла сала көшуге қамданған болатын. Тұрғындарды көшіру барысында көшеде көлік кептелісі болған жоқ. Атакенттегі оқшаулау орындарына жеткізілген тұрғындарға қажетті көмектер көрсетілуде. Ең алдымен оқшаулау орындарына барған тұрғындар есік алдындағы медицина мамандарының арнайы блок-постына біртіндеп тіркеліп, коронавирус індетін анықтау құрылғысымен дене температурасы тексерістен өткізілуде. Содан кейін ғана оқшаулау орындарына жіберілуде.
Айта кетейік, кеше түске дейін Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілсе, түстен кейін су басу қаупі басым болған Нұрлыжол мен Фредауси ауылдарынан 415 үйдің 3200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылды. Ал түнгі сағат 23:00-де Мырзакент кентінің тұрғындарын көшіру жұмыстары басталып кетті. Бір мезетте шамамен 7-8 мың адам Атакент, Асықата кенттеріне тасымалданды. Өйтпеске амал қалмады. Себебі сарқынды су Мырзакент кентінің іргесіне жақындап қалған-тын. Арнайы штаб келісімімен халықты көшіру туралы шешім қабылданды.
Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвокуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімшіліктері атсалысып жатыр.
Десек те, ауданда су басып қалу қаупі бар ауылдар да әлі де аз емес. Солардың бірі - Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Фердоуси елдімекені. Қазіргі таңда ауыл ортасындағы «Фердоуси» жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген.
Бұдан бөлек, зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі 3 елдімекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекені анықталып отыр. Алдын ала болжамдық есеп бойынша 181,1 млн. теңгенің шығыны есептелінген. Атап айтқанда, 1480 гектар мақта 148 млн. тегеге, 42 гектар жоңышқа - 2,1 млн, 150 гектар бақша - 30 млн, 10 гектар жүгері - 1 млн. теңгелік шығынға ұшарады деп болжануда. Сондай-ақ, аталған 4 елдімекенде 5335 мал басы тіркеліп, оның ішінде 799 мал басы зардап шегіп, 249 млн. шығынға ұшараған. Оның 328-і ірі қара, 361-і ұсақ мал, 53-і жылқы, 57-сі түйе.
Мақтаралдан 46-ы, Жетісайдан 10, Шардарадан 5, барлығы 61 ветеринарлық дәрігерлер Жантақсай, Фердоуси елдімекендеріндегі 3686 малды эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтады.
Дегенмен су басып қалған аймақтарда қанша малдың суға кеткенін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені су басқан аймаққа кіру мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, бұзылған қоймадан келіп жатқан қашыртпа судың көлемі азаймауда. Сол себепті төтенше жағдай саласының мамандары су басқан ауылдардағы су деңгейінің көтерілген, көтерілмегеніне көз жеткізу үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен.
Айдар Сейдазым,
Қазақ үні