Мақтааралдағы су тасқыны: Ішкі істер және экология вице-министрлері оқиға орнына аттанды
2020 ж. 02 мамыр
1557
0
Түркістан облысында екі ауылды су басуына байланысты техногенді төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар комитетінде шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. Оған комитет басшысы Владимир Беккер төрағалық етеді.
Жағдайды бақылауда ұстау үшін оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі аттанған.
Апаттық құтқару жұмыстарына Түркістан облысынан 267 құтқарушы және 26 техника тартылған. Сондай-ақ Шымкенттен 300 әскери және 28 техника барды. Ұзынағаш елдімекеніндегі Ұлттық ұланнан 460 әскери дайын тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.
Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су төгіліп, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» авомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр.