Орфографиялық жұмыс тобы құрамындағы ғалымдар онлайн дәріс өткізеді
2020 ж. 20 сәуір
1028
0
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLAINda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» 2020 жылдың 20-24 сәуір аралығында «ЖАҢА ӘЛІПБИ НЕГІЗІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖАЗУДЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ» тақырыбына онлайн дәріс ұйымдастырады. Дәрісті ҚР Үкіметі жанындағы «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру» жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары оқиды.
Онлайн дәрістің мақсаты – латын грфикасындағы қазақ әліпбиін қалыптастыру, жаңа әліпбиге негізделген жазба тілдің құрылымдық жүйесі, фонологиялық негіздері, сонымен қатар жаңа жазудың орфографиялық және әдістемелік мәселелері туралы қоғамға кең көлемде ақпарат беру.
Онлайн дәрісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Нұргелді Уәли, Әлімхан Жүнісбек, Зейнеп Базарбаева, Айман Алдаш, Құралай Күдеринова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ләззат Еспекова, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Мархаба Тұрсынова, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжан және осы орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбек оқиды.
Онлайн дәріске еліміздің барлық өңіріндегі Тіл басқармалары мен оқыту орталықтарының басшылары, әдіскерлері, оқытушылары, сонымен қатар жоғары оқу орындарының (Назарбаев университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы, Астана медицина университеті және т.б.) филологтары, магистранттары мен докторанттары қатысады. Дәріс фейсбук желісіндегі ONLINE-da bol парақшасында да көрсетіледі