ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫ

d182d399d0b6d196d0b1d0b0d0b5d0b21         

Сол тұстағы істерді ой елегінен өткізгенде, жұртты таңдандыратын бір жай бар – сонда республикамызда  біраз жаңа оқу орындарының ашылуы. Бір елдерде соғыстың қиындығынан оқу орындары жабылып жатады. Бәрін соғысқа жабады. Қаржыны соғыс жеп жатыр дейді, оқытушылар, студент жастар майданға кетті дейді. Соның бәрі Қазақстанда да болды. Бұл елден батыр да шықты, ауыздағысынан жырып, майданға жөнелтуден де еліміз басқадан асып түспесе, кем қалған жоқ. Эвакуацияланған ондаған мың адамға құшағын ашқан да қазақ жері. Орасан қиындыққа қарамай, ел басқарған азаматтар елдің болашағын ойлап, жаңа оқу орындарын ашып, оларды аяғынан қаз тұрғызуы қаһармандық іс десе ләзім. Сонда Алматы педагогикалық шет тілдері институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Алматы дене шынықтыру институты, бүгінде университет мәртебесіне ие болған Қыздар педагогикалық институтының есігін ашып, болашаққа қадам жасаған.

        Соғыстың ауыртпалығынан кері кететін кезде де еліміз алға дамыған. Соғыс басталар жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында 10,4 мың студент болған екен. Ал соғыс біткен 1945 жылы оның саны 15 мыңға жетіпті. Бұл фактіні түсіндіріп жату артық. Оны тек ерлік деп сипаттайды. Осынау істің басы қасында Төлеген Тәжібаевтай елдің қамын жеген аптал азаматтардың жүргені халықтың бағы шығар.

        ІІІ Соғыс халықаралық жағдайды да түбегейлі өзгертті. Елдерді әртүрлі топқа бөлді. Германияға қарсы күресте КСРО, АҚШ, Ұлыбритания болып одаққа біріккенімен, күні ертең бастары қосылмасы да аңғарылған. Енді соғыстан кейінгі жағдайды ойлау да керек еді. Сондағы басты идея әлемдегі мемлекетаралық қарым-қатынасты реттеп отыратын халықаралық беделді ұйым құру болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) дүниеге солай келген. Оған ең алдымен фашизммен күрескен елдер кіретін болды. Сол ұйымға мүше болу да айрықша маңызды еді. КСРО өзінің одақтас республикаларын да БҰҰ-ға мүше етіп алуды көздеді. Оған басты қадам ретінде әрбір одақтас республикаларда Сыртқы істер халық комиссариаттарын, яғни министрліктерін ашуды қолға алды.

         Бұған дейін сыртқы саясат мәселесімен Мәскеу ғана айналысатын және сыртқы істер комиссариаты аса беделді болды. Оны елдің ең беделді адамдарының бірі, әдетте саяси бюро мүшелерінің бірі басқарды. Ал енді одақтас республикаларда да Сыртқы істер комиссариаттарын құрған кезде оған беделді де білікті кадрлар іздестірілді. Қазақстанда ондай адам ретінде үкімет төрағасының орынбасары Төлеген Тәжібаевтың аты аталды.

Саясат өзгереді. Идея, жоспарларға жаңаша бағалар беріліп жатады. КСРО-ның БҰҰ-ға одақтас республикалардың барлығы бірдей мүше етіп сайлау әрекеті жүзеге аспады. БҰҰ-ға тек үш республика – РФ, Украина және Белоруссия ғана кірді. Бұдан кейін одақтас республикаларда құрылған  сыртқы істер халық комиссариаттарының беделі айтарлықтай төмендегені белгілі. Бұл кейінірек. Ал алғашында жаңа комиссариатты құруға үлкен мән берілді, үлкен жауапкершілік жүктелді.

            Жаңа комиссариатты басқару жүктелген соң-ақ Төлеген Тәжібаев осы саланың ішек-қарнын ақтарған. Мәскеуде болып, жүйелі түсінік-нұсқау алғаны өз алдына, Одақтық комиссариаттың құрылымын жан-жақты зерттеді. Сондағы білікті мамандардың кеңесін тыңдады. Содан да неден бастау керек деген сұрақ оның жүйкесін жұқартқан жоқ.

         Қысқа мерзімде жаңа ашылған комиссариаттың жұмысын дөңгелетіп алып кеткен азамат жайында Одақтың Ссыртқы істер халық комиссариатында, оның басшысы Вячеслав Ммолотовтың өзінде де жақсы пікір қалыптасқаны даусыз еді. Қазақ дипломаты талай халықаралық кездесулерге қатысып, ел атынан мәлімдемелер де жасап жүрді. Ал Тәжібаевтың Мәскеудегі, басқа республикалар халық комиссарлары арасындағы беделі жоғары болғанын айғақтайтын бір факт бар, ол – одақтас республикалар халық комиссарларының дуайені болғаны. Дуайен ретінде ол Молотовтың өзімен тікелей байланысып, оның алдына түрлі мәселелер қойып отырды.

         Төлеген Тәжібаев тәуелсіз елдің бір сипатындай көрінетін еліміздегі сыртқы саясат мекемесінің негізін қалаушы, құрушықайраткер болып тарихқа енері анық. Сонымен бірге, оның дипломатиялық қызметін сөз еткенде, оны рспублика Сыртқы істер министрі болғанымен шектеуге әсте болмайды. Ол КСРО сынды алып державаның ауқымындағы дипломатиялық қайраткер. Сол үшін де оны бүкіл қазақ қауымы өзінен шыққан айрықша тұлға ретінде мақтан етуі де заңды.

        Төлеген Тәжібаевтың БҰҰ-дағы жұмыстары, оның делегациясы құрамында жүріп, осынау беделді халықаралық ұйымда келелі мәселелерді талқылауға қатысуы оның халықаралық деңгейдегі дипломатиялық қайраткерлігіне куә. Оған бірінші сыныпты Төтенше және өкілетті елші рангі жайдан жай берілмеген.

           Оның дипломатиялық қызметі туралы айтқанда, 1957 жылдан 1961 жылға дейін КСРО-ның Үндістандағы елшілігінің кеңесші-елшісі қызметін атқарғанын аттап кете алмаймыз.

          Бірақ басын ашып айтатын бір жай, бұл қызмет Төлеген Тәжібаевтың сол тұстағы үлкен беделіне де, осы күнге дейін жұртты мойындатқан іскерлік қабілетіне де сай емес еді. Республика Үкіметі төрағасының орынбасарының бірінші сыныпты Төтенше және өкілетті елшісі атағы бар қайраткерді бір елшілікке екінші тұлға етіп жіберу, жұқарта айтқанда, қызметінен төмендету еді. Бірақ жақсы адамға қай жерде де төрден орын тиеді. Елшілікке екінші адам болса да, ол Үндістан басшылығымен тығыз байланыста болған, Жавахарлал Нерудей ұлы тұлғамен де, оның қызы үлкен қайраткер Индира Гандимен де жеке кездесулер өткізіп, тығыз байланыста жүріпті. 

           Қазақстан дипломатиясында Төлеген   Тәжібаевтың орны бөлек. Ол республика сыртқы саясат мекемесін қолымен құрып, бірінші басшысы болған қайраткер ретінде оның аты ел тарихында алтын әріптермен жазылады.

                                                                              ІV

          1948 жылдың 15 наурызында КСксРО Жоғары білім министрінің бұйрығымен Төлеген Тәжібаев Сс.Мм.Ккиров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Сол тұста республикалардың бас оқу орындары Мәскеуге бағындырылған, бұл да барлық нәрсені орталыққа тәуелді етудің бір жолы еді. Неге сол оқу орнына ректор ретінде Төлеген Тәжібаев таңдалды?

          Соғыстан кейін республиканың бас оқу орнында үлкен кемшіліктер болды. Оның жұмысы басшылықта қатты сынға алынды. Оны кім жөндейді дегенде, Тәжібаевқа тоқталған.

Университетте 1940 жылы 995 студент болыпты. Оның тек 133-і ғана қазақ. Неге қазақтар аз? Ал 1948 жылы студенттер саны 962 ғана екен, соғыстан бұрынғыдан да аз. Университетте 27 кафедра ғана жұмыс істеген көрінеді. Әрі 14 мамандық ғана даярланады. Үлкен ғалымдар жоқ емес, бар, бірақ өте аз. Олардың қатарын көбейту керек.

        Бір жылдан кейін-ақ жұрт жаңалық тынысын сезді. 1948 жылды зерттеушілер көптеген кемшіліктер орын алған кезең ретінде сипаттаса, 1949 жылы ауыз толтырып айтарлық табыстармен ерекшелене бастады. Бір жыл бұрын 27 кафедра болса, енді 38 кафедра, 40 лаборатория бар, бір жыл бұрын 14 мамандық даярланса, енді 20 мамандық даярланады, жаңа бір факультет ашылған. Ғалымдар қатары жаңа белгілі адамдармен толықты, олардың қатарында 6 академик бар.

             Бір жылдағы жаңалықтар осылай басталса, университетте ол басқарған бес жылдағы игі істерді түгел айтып шығу, оларға түгел тоқталу, бәрінің атын атап, түсін түстеп жату да мүмкін еместей. Тәжібаевтың тұсында философия және экономика факультеттері ашылды. Тарих факультеті жеке бөлініп шықты.

           Ректор Тәжібаевтың университеттегі қызметін айтқанда, алдымен ойға оралатын бір жай бар: ол – қазақ жастарына, қазақ тіліне қамқорлығы. Дәл сол тұс “қазақ ұлтшылдығына” қарсы күрестің жаңа бір толқыны кемерінен асып тұрған кез еді. Ссоған қарамай, ол бұл мәселені айтатын жерде айтып, өз қолынан келгенше жүзеге асырып бақты. Қазақстан Компартиясының ІV съезінде ол былай деді: “... Біз қазақ кадрларын әлі де болса, аз әзірлеп отырмыз.

           Университеттің өмір сүріп келе жатқан жылдарынан бері әзірленген, оқуды бітірген қазақтар 17 процент ғана. Қазақтың орта мектептерінде физика, математика, химия, биология пәндері қанағаттанғысыз оқытылуының салдарынан бұл мектептерді бітірген шәкірттер жоғары оқу орындарының жаратылыс-ғылым факультеттеріне оқуға түсе алмайды, тек гуманитарлық факультеттерге қарай ойыса береді. Республикамыздың Оқу министрлігі, оның жергілікті оқу орындары қазақтың орта мектептеріндегі бұл ірі кемшіліктерге үзілді-кесілді тыйым салулары керек”.

           Осы ретте оның үкімет төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған бір хатына назар аударуға тура келеді, үзінді келтірейік: “...Қазақ жастарынан биолог-ғалымдар даярлауда да ешнәрсе істелмей жатыр. Ол бұл факультеттің жылдар бойы қазақ тілін білмейтін мамандар даярлап келгенімен де байланысты...   Бұл ахуалды түзетудің бірден бір жолы жоғары оқу орындарының биология факультеттерінде қазақ бөлімдерін ашып, онда оқитын қазақ жастарының санын көбейту болып табылады”.

              Осы мәселеге байланысты ректор Тәжібаевтың өзі не істеді? Бұрын бір қазақ баласы бітіріп шықпаған биология факультетінде қазақ бөлімшесін ашты. Өкінішке қарай, Төлеген Тәжібаевтың университеттің барлық факультетінде қазақ бөлімдерін ашу туралы арманы орындалмады. Оған заман да, уақыт та мүмкіндік бермеді.

           Біраз іс тындырып, оның нәтижесіне қуанса да, Төлеген Тәжібаевтың университеттегі өмірі шуақты бола қойған жоқ. Оның талай қиындықты, аса ауыр күндерді бастан кешуіне тура келді. Соған төтеп берген оның күш-қайратына, азаматтық ұстанымына қайран қаласың.

            Адал, принципшіл адам қашан да жұмысқа берілген, ізденімпаз адамды қолдайды, мұндай адамға қарсылар да тез табылады. Ректор Тәжібаев осындай екі тұрғылас адамдармен көп кездесті.

            Жаңа ректордың қолдаған адамының бірі атақты тарихшы Ермахан Бекмаханов болды. Ол қазақ арасынан шыққан алғашқы ғылым докторы еді. Ол 31 жасында “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” монографиясы негізінде ғылыми атақ қорғаған. Өзгеріп тұратын қу заман, 40-шы жылдардың ортасында Қазақстанның тарихы қайта қаралып, бұл жарқырап шыққан тарихшыға қатты тиді. Еңбектері жоққа шығарылып, Ғылым академиясындағы қызметінен қуылды. Сол қиын тұста оны ректор Тәжібаев университетке қызметке шақырып, кафедра меңгерушісі қызметін ұсынды.

         Бұдан кейін күншілдер Е.Бекмахановтың соңына шырақ алып түсті. Оған қоса Т.Тәжібаевты қаралады. Ал ректор реті келген кезде жазықсыз жапа шеккен ғалымды қалай да қаралаудан құтқаруға тырысты.

         Мұндай қолдауы үшін ректор Тәжібаев қатарынан 2-3 жыл бойы қатаң сынға ұшырап жүрді. Әсіресе, “Правда” газеті, “Казахстанская правда” газеті, бәлкім белгілі бір топтың айтақтауымен де болар, оның соңынан қалмай, “жүйелі түрде” сынап отырды. сөйтіп, 1953 жылдың 23 ақпанында КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығы бойынша Төлеген Тәжібаев Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметінен босатылды.

                                           V

           Ректорлықтан босаған соң, Төлеген Тәжібаев осы оқу орнында жай кафедра меңгерушісі болып қалған. Кафедраның жүйелі жұмысы бір сыдырғы жүріп жатты. Осы тұста республика басшылығы тағы да әкімшілік қызметке шақырды.

          Сөйтіп, 1954 жылдың 6 қаңтарында Төлеген Тәжібаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметті 1942-1944 жылдары соғыстың ең қиын-қыстау кезеңінде де атқарған. Өзіне бұрыннан етене таныс мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, білім беру салаларының мәселелерімен айналысуға тура келеді.

               Осы қызмет ұсынылғанда, оның көңілінде ең алдымен ғылым тұрған. ғылымның екі орталығы – Ғылым академиясы мен Қазақ университеті күні кеше үлкен қысымға ұшырады. Қасиетті екі орданы қыспақтан құтқарсам деп еді. Ғылымның еркін тыныстауына, ғалымдардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауға мұрындық болсам деп еді.

            Мұның бәрі көңілге жазылған ойлар еді. Ал әзірге қаны сорғалап тұрған мәселе – тың игеру, сол тың игерушілерге жағдай жасау. Дала зіркілдейді. Далаға қала салып тастады. Ссоған клуб керек, кітапхана керек, аурухана керек. кезіндегідей. Тек керек, керек. Тек тың   игерушілерге! Сонда тұрғын халық ше? Үкімет басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарының көңілінде ауыл тағдыры жүрді. Ауыл болғанда, қазақ ауылы. Тың үшін қаржыны төгіп жатқанда, сол ауылға арналған нәрсе аз. Ретін тауып, жол жөнекей болса да, ауылға да үлес берудің жолын қарастырған. Соның арқасында білікті басшылар ауыл мұқтажын да тындырып алған. Радио, электр желілерімен қатар, біраз жерге су құбырлары да жеткен. Әлеуметтік-рухани қызметтер біршама ауылға жақындаған.

            Бәрібір Төлеген Тәжібаевтың бір бүйрегі ғылым жағына бұра береді. Өзі сол салаға қамқорлық жасайтындықтан да, үнемі оны назарда ұстар еді. Оның үстіне күні кеше тоталитарлық жүйенің қыспағына Қаныш Сәтбаев екеуі бірге түскен. Сынаушылар екеуін бірге атап, бірге жазғырар еді. Құрық Қанекеңе сәл бұрын ілінді. Ғылым академиясының президенттігінен сәл ертерек, 1952 жылы кетті. Ккөңілге бір демеу – оның орнына қазақтың тағы бір атпал азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келген. Бұл кісімен ол республика үкіметі төрағасының орынбасары қызметтеріне бірге келіп, біраз уақыт бірге істегені бар. Енді, міне, жолдары тағы түйісіп отыр. Бірінің ойын бірі айтқызбай түсінетіндей қарым-қатынаста болды.

           Қандай қызметте болса да, ол парасат биігінен көрінді дей аламыз. Тапсырылған ісін ақсатты деп оған ешкім кінә таға алмайды. Тек қана университет ректорлығынан өзінің еркінен тыс кетсе, онда Мәскеудің зорлығы жатыр. Оның жүрген жерінде жақсылықтың жарқын іздері сайрап жатады.

              Ол күреске, ерлікке толы өмір кешті. Өмірінің соңғы сәтіне дейін азаматтық келбетін кіршіксіз сақтады. Бірақ пенделік өмірдің де шегі бар. Ұлттық тұлға биігіне көтерілген Төлеген Тәжібаевтың үлкен жүрегі 1964 жылдың 14 маусымында соғуын тоқтатты. Аз өмір сүрді деп өкінеміз. Бірақ тындырғаны көп қой деп өзімізді жұбатамыз. Оның үлкен мұрасы халқына қызмет етіп жатыр.

 

 

Мамадияр ЖАҚЫП,

Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ,

Профессор