Қазақ елінің азаматтарына үндеу
2010 ж. 11 наурыз
1266
0
Құрметті, азаматтар!
Қазақстан үкіметі, халықпен ақылдаспастан, 2010 жылдың қаңтар айынан бастап, Кедендік одаққа кіргенін мәлімдеді. Бюджеттік ақпарат құралдыры Ресей, Белорусия және Қазақстан құрған Кедендік одақтың негізінде қандай саясат жатқанын, оның біздің елімізге не беретінін жан-жақты талдаудан көрі, «экономикалық тұрғыдан бізге тиімді» дегеннен аса алмай отыр.
- Қазақстанның экономикалық жағдайы Ресейден 14 есе төмен. Қазақстан әлі күнге дейін шикізат көзі мен аграрлы ел қатарында қалып отыр. Осындай жағдайда біздің жоғарыдағы елдермен тең дәрежеде одақ құра аламыз деп жариялауға ешқандай негіз жоқ.
- Қазақстан өндіріс тауарларын шет елге шығармақ түгіл өз тұтынушыларының сұранысын толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Демек, келешекте, үш елдің арасындағы шекара ашылып, тауар ағымы толассыз ағылған жағдайда, қазақ жерінде жаңа ғана қалыптасып келе жатқан орта және шағын бизнес шеттен келген «келімсектермен» бәсекеге шыдай алмай, ығыстырылып шығарылуы уақыттың еншісінде.
- Ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайы төмендейді. Ресей мен Белорустарда өндірілетін тағам өнімдерінің өзіндік құны біздің еліміздегіден төмен екнедігін ескерсек, бұл салада да үлкен ұтылыста боларымыз даусыз.
- Халық тұтынатын арзан қытай тауарларына кедендік салықты өсіру арқылы тежеу қою (сол арқылы Ресей мен Белорус тауарларына жол ашу саясатын жүргізу) кедейленген ауыл мен қала тұрғындарының онсыз да мүшкіл халін одан сайын төмендететіні де белгілі.
- Автомашиналарға, тракторлар мен комбайндарға, т.б. техника түрлеріне қойылатын кеден салығын күрт көтеру арқылы Ресей мен Белорус елдері Қазақстан халқына өздерінің тауарларын алуға мәжбүрлеп отырғаны анық көрінуде.
Бір сөзбен айтқанда, Республика Үкіметі Кеден одағына кіру арқылы өз халқының мүддесін саяси саудаға салды деп айтуға болады. Жақында Парламент Мәжілісінің комитет төрағасы депутат Г.Карагузова ханым «Кеден одағына кіруіміз Қазақстан бюджетіне 500 млн. доллар (75 млрд. тенге) шығын әкеледі» деп мәлімдеуі де осыны білдіреді.
Кедендік одаққа енудің басты қаупі – жаңа ғана құрылған ұлттық мемлекетіміздің тәуелсіздігіне төніп тұр. Кеден одағының жұмысын бір жүйеге ендіру деген сылтаумен үш елдің кеден қызметтерінің орыс тіліне көшірілуінің де аулы алыс емес. Одан соңғы қадамдар – бір ғана төлемге (ортақ ақшаға) көшу, экономиканы орталықтандыру болмақ.
Кедендік одақ –экономиаклық мәселе емес, Ресейдің ұлыдержавиялық мүддесінен туған, бұрынғы Кеңестік одақты қайта жаңғыруға бағытталған саяси жоспардың бірінші қадамы.
Алайда өткен 18 жылда қазақ халқының ұлттық намысы оянып, азаттықтың бағасын ұғып, егемен Қазақ елінің болашағын қорғауға дайын екенін естен шығармауымыз керек. Осыны біз билікте жүрген азаматтардың да есіне саламыз. Бүгінгі жағдайда Кеден одағына кіру дегеніміз Қазақ елі үшін экономикалық жағынан да, саяси тұрғыдан да тиімсіз ғана емес, отарлық құрсауға қайта түсу деп есептейміз. Осыны ойланайық, ағайындар.
«Ұлт тағдыры» қозғалысы өткізген дөңгелек үстел отырысында қабылданды.
Алматы қаласы,
2 наурыз, 2010 жыл