Әлихан БАЙМЕНОВ: Ортақ мақсат –ұлтты жаңа биіктерге әзірлеу
2010 ж. 11 наурыз
1661
0
Әлем ізденіс үстінде. Ізденіс рухани, мәдени салада да, саясатта да, экономикада да үздіксіз жүруде. Себебі, әлемді шарпыған қаржылық, экономикалық және әлеуметтік дағдарыстың негізінде тек қана қаржылық құрылымдардың жұмысындағы кемшіліктер ғана емес, сонымен қатар түрлі рухани, мәдени және саяси ұстанымдар мен құндылықтардың осы заман талабына бейімделе алмауы да жатыр.
Қаржы құрылымдарын басқаратындар қаржыгерлер де осы қоғамдардың өнімдері, төлдері. Оларға әділеттілік пен адалдық деген ұғымдар тиісті деңгейде сіңірілді ме, сіңірілмеді ме? Бұл сол қоғамдағы рухани, мәдени құндылықтарға байланысты.
Әділеттілік ұғымының өзі әр қоғамда түрлі деңгейде түсіндіріледі. Біреу үшін әділеттілік Алла тағаланың берген қабілетіне орай әркімнің жеке табысына қарай күн көруі. Екінші біреулер үшін әділеттілік – мүмкіндігі төмендерге мүмкіндігі жоғарылар қайырымдылық негізінде, бюджет арқылы көмек көрсету болса, үшіншілері үшін бүкіл табысты тең бөлу.
Әділеттілік пен еркіндік адамзаттың ортақ құндылықтары. Еркіндіксіз қай сала болмасын дұрыс дамымайды, себебі осы салаларды, бүкіл қоғамды алға тартатын көшбасшылар, қайраткерлер еркіндік негізінде өздерінің жаңа ойларын, жаңа туындыларын туғызады, жаңалықтар ашады. Егер әлемнің ұлы ойшылдары, ғалымдары кезінде еркіндікті басшылыққа алмай, сол кездегі қалыптасқан көзқарасқа еретін болса, онда біз ұлы жаңалықтардан құр қалар едік. Бірақ еркіндік пен әділеттілік кейде қайшылыққа түседі, бұл қайшылық, әсіресе, экономика саласында нақты көрінеді. Еркіндікті басшылыққа алған бизнес қайраткерлері, іскерлер әділеттілікпен сусындамаса, олар қарақан басының қамымен кетуі мүмкін. Екінші жағынан, әділеттілік барлығының тең тұрмысы деген түсінік белең алып, әркімнің жеке табысын ортақ қазынаға сала беретін болса, онда іскерлердің ынтасы төмендейді, экономика алға баспайды. Әлем ойшылдары жүйелі негізде осы екі құндылықты бір-бірімен ұштастыруға түрлі тетіктер арқылы қайшылықты төмендетуге ұмтылды.
Рухани ізденістер де үздіксіз. Ислам, христиан, иудаизм, конфуциялық ілім және индуизмге негізделген өркениеттер қалыптасқан құндылықтарын жаңа ортаға бейімдеуде. Осы өркениеттер жаһандану тұсында өздерінің түрлі білім деңгейі бар, түрлі мәдени деңгейі бар өкілдері арқылы қарымқатынасқа жиі түседі. Өркениеттер өзектері болып табылатын діндердің барлығы да (конфуциандық ілім философиядан көрі дінге жақын) төзімділікке, бейбітшілікке тәрбиелейді. Бірақ осыларды басшылыққа алған адамдардың түсінік, таным деңгейі түрлі болғандықтан, кейде олар бұл ілімдердің ішінен өздеріне қажет жерін контекстен бөліп алып, төзімсіздік пен шиеленіс, не болмаса оқшаулану, я басқа ілімдерге өзін өзі қарсы қоюға да ұмтылады. Әрине, рухани ізденістердің басқа бағыттары да үздіксіз дамуда.
Саяси ізденістер өз кезегінде алдындағы айтқан дүниетанымдық, рухани, мәдени құндылықтарға сүйенеді. Саяси көзқарастарды өте қарапайымдатса, екі шектік көзқарастар пайда болады. Бірі – ел, қоғам ішінен ортақ істі меңгеруге бір ғана тұлға, не топ лайық деген. Екіншісі -еркін, әділ бәсекелестік халық ортасынан серкелер мен жетекшілерді шығара алады деген ұғымдар. Шеттік мысал ретінде екі Кореяны алайық. Түрлі ұлттарды бір -бірімен салыстыру қиын. Олардың тарихы, мәдениеті бөлек. Бір ұлт корей екіге бөлінді. Кеше ғана Солтүстік Корея қазіргі басшысы – Ким Чен Ирдің баласы туған күнін мемлекеттік мереке деп жариялады. Яғни Солтүстік Кореяда үш негізгі мемлекеттік мереке бар. Біреуі қазіргі басшысы Ким Чен Ирдің әкесінің туған күні, екіншісі өзінің туған күні, үшіншісі баласының туған күні. Ол жүйеде, осы отбасында ғана ақылды адамдар туады, тек солар басшылыққа лайық, қалған адамдар олардан төмен деген ұғым басшылыққа алынған. Бұл ақиқатқа сай ма? Сай емес. Оны Оңтүстік Кореядан көріп отырмыз. Қазір әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына кіріп отырған мемлекет. Себебі, олардағы басшылыққа алған жүйе саясаты әділ бәсекелестік болса, заманына лайықты ұлдарын, қыздарын, саяси жетекшілікке лайықты тұлғаларын халық табады дегенге негізделді. Адам өмірі, адамның өмір сүру деңгейі, әлемдегі орны арқылы Оңтүстік Корея бір адам ғана данышпан, қалғандары оған салыстыруға келмейді деген теорияның негізсіз екенін дәлелдеп отыр.
Экономика ілімінде бір шетінде мемлекет тек күзетішінің рөлін атқарып заңды ғана қадағалайтын, ал заң өз кезегінде кәсіпкерлерге мейлінше еркіндік беретін жүйелер бар. Екінші шетте мемлекет өзі меншік иесі болып, барлығын өзі жоспарлап қай ауылға тұз керек, қанша сіріңке, нан керек екенін өзі бөліп отыратын жүйе. Екіншісінің бір түрін біз кезінде басымыздан кештік. Қазір Солтүстік Кореяда сол жүйемен өмір сүріп жатыр. Барлық елдер экономикасы осы екі шектік жүйелер арасында. Жоспарлы экономикада болған Қытайды мысалға келтірсек, Қытай – таза жоспарлы және мемлекеттік меншікке негізделген экономикадан кеткеніне отыз жылдан асты. Дэн Сяо Пин кезінде «мысықтың түсі қандай болса да, тышқан ауласа болды» деген қағиданы енгізіп, меншіктің түрі қандай болмасын ең бастысы халық үшін жұмыс жасаса тиімді екенін дәлелдеп кетті.
Осы ағымдарды саясаткерлер, үкіметтер пайдаланады. Бір нәрсе ақиқат. Адамзат мәдениетінің қазіргі деңгейінде іскерлік қасиетті жүзеге асыруға жекеменшік арқылы жағдай туындамаса, экономика тұрақты дами алмайды. Екінші ақиқат – адамзаттың қазіргі даму деңгейінде, әсіресе моральдық тұрғыдан тоқырауға ұшыраған қоғамдарда, мемлекет меншігі талан-таражға салынады. Мемлекеттің үлесі экономикада көбейген сайын, жемқорлық та көбейеді. Біз әлемдегі дүниетанымдық, рухани, мәдени, саяси, экономикалық ілімдердің бар жақсысын Қазақстанда пайдалануға тиіспіз.
– Қазақстан қоғамының қазіргі ахуалы және үрдістер жөнінде не айтасыз?
– Біз түрлі тарихи себептермен тәуелсіздікке құндылықтары шайылған қоғам ретінде жеткен халықпыз. Бір сұхбатта барлығын айтып өту қиын болар. Былтыр «Қазақ Әдебиеті» газетінде «Біз кімбіз?» деген мақалада осы төңіректе ой қорытқанмын. Құндылықтарды не қалыптастырады? Бұл біріншіден, халықтың ежелгі дәуірден бастап жинақтаған тәжірибесі. Бұл тәжірибе әдет-ғұрып және дәстүр арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Біз түрлі саяси қыспақтың нәтижесінде ұрпақтар сабақтастығын үзіп алған халықпыз. Иә, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Оның барлығын бірдей өзімен бірге алып жүрген халық жоқ әлемде. Бірақ «ала жіпті аттама», «еңбек етсең ерінбей...», «бірлік бар жерде тірлік бар», «теңдік болмай, елдік болмас» деген жалпы адамзаттық құндылықтар болып табылатын біздің ұлы дәстүрлеріміз үзілгенде оның орнына не келді?
Патша және кеңес дәуірінде мемлекеттік қысым арқылы ұлы тұлғалары мен еңбектерінен бізді зорлап ажыратты.
Ұлы ғұламаларымыз әр заманда өзіне дейінгі озық жетістіктерді қорытып, алға жүрер жол нұсқаған. Он бір жылда қазақтың екі рет әліпбиін ауыстыру арқылы қазақ өзінің ұлылары Әл-Фараби, Яссауи, Дулатиден бастап Махамбет пен Абай, Шәкәрім мен Мағжан, Әлихан Бөкейханов пен Мұстафаның еңбектерін, Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін түп нұсқасында оқи алмайтын халге жетті.
Өркениеттің өзегі -дін. Мың жылдан астам халықты рухани дағдарыстардан аман алып келген дін жолына тосқауыл құрып, араб тілінде, араб әрпінде жазылған қаншама кітаптарды жойып, кеңес үкімет елді моральдық-рухани дағдарысқа душар етті. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары ғана ес жиып, жаңа мәдениет толқыны, легі пайда болған халық тәуелсіздіктен осы бағытта да оң өзгерістер күтті.
Он тоғыз жылда құндылық қалыптастыруда не шаруа тындырылды? Әрине, тоталитарлық жүйеден шыққан соң экономикадағы еркіндік, кәсіпкерлікті дамыту қажеттілік еді. Қазір мемлекет барлық мәселелерді шешіп береді деп қол жайып отырушылардың саны азайды, «өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деген қазақтың сөзін басшылыққа алған талай кәсіпкерлер пайда болды. Екіншіден, ар-ұждан бостандығына мүмкіндік беріліп, талай жылдан кейін дін исламымызға бет бұрушылар көбейіп, жұма намаздар кезінде ғана емес, басқа күндері де мешіттерімізде өздерінің рухани темір қазығын іздегендер, дүниетаным, рухани ізденіс талабалары көбейіп келе жатыр. Осы ізденістердің арқасында бізде жаңа мазмұндағы зиялы қауым қалыптасады деп күтеміз.
Бірақ, аңсаған тәуелсіздікке жеткен соң биліктің міндеті қандай еді? Әділеттілік, еркінділікпен қатар еңбек, білім, теңдік, имандылықты басты құндылықтарымыз қылып қалыптастыру еді билік парызы. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет билігі қолында бар адамдар -кеңес жүйесінің төлдері. Сондықтан бүгінгі қоғамға моральдық, рухани тұрғыдан баға бергенде біз оның түп тамырын осы кісілердің келбетінен,тұлғасынан іздеуіміз керек. Бүгінгі жиырма жасар бала саясатты да, рухани ортаны да қалыптастырушы емес, пайдаланушылар ғана.
Қазіргі таңда биліктегілердің басым көпшілігінін қағидасы: мұрның барда - бір сіңбір! Бұл имандалықтан да, теңдіктен де, әділеттіліктен де, еңбектен де, білімнен де алыс қағида. Оның жаппай көрінісі жекешелендіру кезінде болды, әркім өзінің қолында барын қармап қалды. Одан кейінгі көрінісі мемлекеттік сатып алу және бюджет құятын инвестициялар болып келе жатыр. Одан басқа көрінісікадр саясатында өзінің тамыр-танысы мен туған-туысқандарына басымдылық беру. Тағы бір көрінісіеңбеккерлердің мүддесін алпауыттардың аяқ астына салып беруде. Білім мен ғылымда да. Шынайы ізденісті ынталандырудың орнына тағы да тамыр-таныстыққа жол беріліп, тіпті олар аз болғандай, қолында билігі бар әкім мен министрлердің доктор, кандидат болуы да осының көрінісі. Яғни, құндылық қалыптастыруда билік дұрыс үлгі көрсете алмады. Бұл ұзақ мерзімде теріс әсері бар ең өзекті проблемамыз болады деп ойлаймын. Құндылықтар дұрыс қалыптаспаса жемқорлықпен, нашақорлықпен күрес те және бәсекелестікке қабілеттілік үшін күрес те нәтижесіз болуы мүмкін.
– Ұлт бірлігі доктринасы былтыр елді дүрліктірген оқиға болды. «Ақ жол» партиясы осы доктринаға балама ұсынған жалғыз күш болып шықты. Қысқаша осының басты айырмашылығына тоқтасаңыз.
– Иә, біз қыркүйек айында Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған ұлт саясаты тұжырымдамасын жарияладық.
Қазақ халқы Қазақстандағы тұрақтылыққа мүдделі. Бірақ, тұрақтылық қатып қалған ұғым емес. Оған әрдайым жаңа қатер, жаңа сын туындайды. Бұл сынақтардың негізінде қоғамның бір бөлігінің қалыптасқан ахуалға қанағаттанбайтын сезімі тұрады. Бүгінгі күні қазақ алпыс пайыздан асқан кезде тұрақтылыққа қатердің бірі әлі болса қазақ тілі мен мәдениетіне, мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмауы. Бұған негіз бар ма? Бар. Президенттің Халықтар Ассемблеясында: «осы залда отырған азаматтар бір бірімен қай тілде сөйлеседі? Орыс тілінде» деуінің өзі осы 19 жылдан кейінгі ахуалға берілген баға. Осы бағытта әлі де атқарылмаған істер көп. Кеше Украинада Тимошенко ханым Қырымдағы бір поселкінің тұрғындарымен кездесті. Бұл поселкіде көпшіліге орыс тілді екен, сөз бастай бергенде шулап «сіз орысша сөйлеңіз» депті. Сонда Тимошенко: «мен 36 жасымда ғана украинша сөйлей бастаған адаммын, бірақ мен бүгін Украина Премьер Министрімін, ендеше мен украин тілінде сөйлеуге міндеттімін» деп украинше сөйлеп кетіпті. Және оны сол жерде тұрған орыс тілдестер түсіне білген. Егер жігерлі, сындарлы, қисынды түрде айтса, кез келген адам қазақ тіліне басымдық беру керектігін түсінеді. Оған менің Петропавл, Павлодар, Өскеменде көзім жеткен. Біз тұжырымдамада әлемдік үрдістерге, елде қалыптасқан ахуалға талдау жасай отырып, қазақ тілі мен мәдениеті, руханиятына мемлекет саясатында басымдылық беру қажет екенін негіздедік. Айта кететін жағдай, бұл тек жаңа мемлекеттерге ғана тән емес. Күні кеше билікке келген Германияның жаңа коалициясы жұмысын бастар алдында бір келісімге келді. Олар Германия Конституциясына өзгеріс дайындамақшы. Бұл өзгерістің мағынасы Герман федерациясының міндеті неміс тілі мен мәдениетіне қамқорлық деп көрсетпекші. Өйткені, жаһандануда әркім өзінің іргетасын, рухани темірқазығын, мәдениет негізін сақтап қалмақшы.
Мәдениеттің негізі – тіл, өркениеттің өзегі дін. Ассамблея ұсынған доктринаға келсе, оны дайындағандар біріншіден, 90шы жылдардағы үрдістерге дұрыс баға бермеген. 90шы жылдары Қазақстан азаматтықты этникалық ұғымға қарсы қойған емес. Егер ол қарсы қойған болса, онда Конституциядағы мемлекеттік тіл деген бап болмас еді. Доктринадағы азаматтылықты этникалыққа қарсы қою қағидалы қате. Ешқандай мемлекетте азамат не азаматтық қоғам мәдениетсіз, руханиятсыз болмайды. Сонымен қатар, біз тұжырымдамада мемлекеттік саясатта баса назар аударатын бірнеше бағытты көрсеттік. Олар:
-ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу;
-қазақтар тұратын мемлекеттермен қарым-қатынаста қандастарымыздың рухани, мәдени мүдделерін қорғау;
-ел әлеуетін күшейту үшін әділ кадр саясаты мен сапалы білім жүйесі арқылы «әлеуметтік баспалдақтар» жүйесін құру;
-қазақ тіліндегі ақпарат, білім көздерін бәсекелестікке лайықтау, әсіресе, бүлдіршіндер мен жасөспірімдер көретін теледидарды қазақшалау;
-адам тәрбиесінде діннің маңызын ескеру;
-ақпараттық кеңістік талаптарын ескере отырып, жаңа әліпбиге көшуге дайындық;
-қазақтілді БАҚ қаржылық-технологиялық дамуына басымдық беру;
-ауылдың әлеуметтік, мәдени дамуына ерекше мән беру, т.б.
- Өткен жылдың негізгі оқиғасының бірі кедендік одаққа кіру болды. Бұны қалай бағалайсыз?
Біз -экономикасы шикізатқа негізделген мемлекетпіз. Мұнай, мыс, көмір, мырыш, т.б. атабабадан қалған мұра. Бірақ, бұл байлық шексіз емес. Ендеше экономиканың шикізат емес салаларын дамытуымыз керек. Ол үшін қажет шарттың бірі -нарықтың көлемін ұлғайту. Біз теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекетпіз. Біраз жүгіміз Ресейдің жері арқылы өтеді. Тасымалдау бағасын төмендету -біздің мүддеміз. Осы екі тұрғыдан алғанда, Кедендік Одақтың бізге пайдасы бар. Бірақ Еуропа Одағы секілді одақтардың тәжірибесіне сүйенетін болсақ, кез келген одақта маңызды мәселе – шешім қабылдау тетіктері.
Өзімізге белгілі Ресей қорғаныс саласынан басқа экономика саласынан да әлемде озық елдер қатарына жатпайды. Көлік жасау, станок жасау, мәшине түрлерін жасау, жеңіл өнеркәсіп, электрондық құрал-жабдықтар мен компьютерлер өндіру саласында Ресей өзі әлі Батыстың да Шығыстың да артында келе жатыр. Бірақ Ресейде өздерінің отандық өнім шығарушыларын кез келген жолмен қорғайтын күштер мықты. Оларды қорғаудың бір жолы баж салығы мен кеден салығын жоғарылатып, елге кіретін мәшине, көлік, станок, электрондық құралдарды қымбаттату. Сөйтіп, өз халқына өзінің өнімдерін алғызу. Кедендік одақты талқылағанда бізде әзірше тек көлік мәселесін көтеріп жатыр. Жиһаздың да біраз түрлерін Ресей мен Белорусия шығарады. Біздің халықтың бір бөлігі жиһазды Қытайдан, Еуропадан алып үйренді және Қытайдағы өнім сапалы ғана емес, арзан. Ертең Ресей өзінде шығаратын өнімдерді алғызу үшін кедендік одаққа осы өзінде шығаратын жиһаз, электрондық құрал-жабдық, станок, мәшинелерге баж салығын көбейтетін болса, шешім қабылдарда біздің мүдде ескерілмейтін болса, біз ұтыламыз. Біздің индустриялдық – инновациялық дамуымызға қажет озық технология бүгінгі күні Ресейде бар ма? Жоқ. Олар Жапонияда, Кореяда, АҚШта, Еуропада. Біз осы технологияларға көз жеткізуде және сапалы тауарларды аларда ұтылуымыз мүмкін. Ол үшін шешім қабылдау жариялы болуы қажет. Кедендік тарифтерді орнататын органда біздің вето қою мүмкіндігіміз болу керек. Бұл жағынан күмән да, күдік те көп. Ресейдің кеше ғана қол қойған Белорусиямен қазіргі мұнай саудасын жөніндегі тартысы осы күдікті одан сайын күшейте түсуде. Бұл Одақ Үкімет пен Президент үшін ел мүддесін қорғауда сын болары анық.
– Биылғы жыл Қазақстанның Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төрағалық жылы. Бұл туралы не айтуға болады?
Әрине, жаңа мемлекеттілігіне 19 жыл ғана бұрын қол жеткізген Қазақстан үшін бұл маңызды оқиға. Сонымен қатар, біз бұл төрағалықты тек көптеген конференция, жиналыс өткізу үшін ғана пайдалансақ, қателік болар еді. Қазақстан «Еуропаға жол» атты бағдарлама қабылдады. Еуропа кезінде әлемнің озық жетістіктерін жатсынбай, бойына сіңіру арқылы көп игілікке қол жеткізді. Әлем өркениетінің көп жаңалықтары кезінде ислам өркениеті аясында, Қытай өркениеті аясында дүниеге келген. Алгебра мен астрономия, медицина жағынан араб өркениеті, ислам өркениеті Еуропадан озық болған. Ал Қытай қағазды да, кітап басуды да, оқ дәріні де, компасты және басқа да адамзат пайдаланатын жаңалықтарды ойлап тапқан өркениет. Еуропа кезінде осының бәрін жатсынбай бойын сіңіре білді. Соның арқасында алға кетті. Сол жатсынбай, бойға сіңіріп алға кетудің негізінде әркімнің өз қабілетін өзі үшін, Отан үшін пайдаланатын жүйе, саяси жүйе жатыр. Еуропа заң үстем ететін қоғам құрды. Ол заңдардың негізінде христиан этикасы жатты. Этика тұрғысынан алғанда, біздің ұстанымыздарда да, дінімізде де ұқсастық көп. Ендеше, бұл ұйымға төрағалық етуді біз тәжірибе алмасу, тек мемлекеттік органдар арқылы ғана емес, қоғамдық ұйымдардың қарым-қатынастарын нығайту арқылы, жүйені, оның үстіне саяси жүйені жетілдіру озық тәжірибелерге қол жеткізу үшін пайдалануымыз керек.
Әрине, мен биыл кенеттен билік өзгеріп үлкен саяси реформалар болады деген ойдан аулақпын. Оның тағы бір себебі осы ұйымға төрағалыққа Қазақстанды қолдап, дауыс беру кезінде Батыстың басты мемлекеттері біздің демократиялық табыстарымызды басшылыққа алған жоқ. Бірінші кезекте олар геосаяси, қауіпсіздік және энергетика мәселесіндегі Қазақстанның рөлін еске алды. Қазақ халқының бір артықшылығы – біз жаңалыққа бейімбіз. Ендеше біз тек Шанхай серіктестік ұйымының аясында шектеліп қалып қоймай, дамыған елдерімен де қатынасты сақтауымыз керек. Ол ұйымда төрағалыққа арнайы қоятын талап жоқ. Жалпы, мысалға, Греция халқы былтыр төраға болдық деп оны ерекше оқиға ретінде атаған жоқ. Себебі олар үшін ол қалыпты жағдай. Бірақ біз үшін маңызды. Сондықтан, біз соңғы кездегі көрмелік үрдістен гөрі өнегелік, тәжірибелік дәстүрлерді пайдалансақ, құба-құп болар еді.
– Құндылықтарды айтқанда, саяси партиялардың рөлі жөнінде не айтасыз? Келесі жылы сайлау болуы мүмкін бе? Саяси партиялар сайлау аралығында немен айналысуы керек?
– 2010 жылы сайлау болу ықтималдығы аз, себебі, бүгінгі парламент билікке ыңғайлы, ал елбасының мерей тойы қарсаңында «мәңгі Президенттік» секілді біздің бүгінгі заманымызға сай келе бермейтін ұсыныстар түсе беруі мүмкін. Оның кейбіреуіне Парламенттің керегі де болып қалуы мүмкін.
– Саяси партиялар -ел дамуы үшін қажеттілік. Конституцияда саяси және идеологиялық алуандылық танылады деген бап бар. Оны жүзеге асыру формасы -саяси партиялар мен саяси ұйымдар. Біз үлкен үзілістен соң саяси ұйымдар құру мүмкіндігіне ие болған бірінші буын ретінде дәстүр қалыптастырушы ұрпақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Саясатта да озық дәстүр керек. Егер саясат тек қана кикілжің, қырғиқабақтық, бірін-бірі қаралау деген дәстүр қалыптасса, келешекте саясат осындай болып қалады.
Біз озық елдерден үлгі алайық. Олар өздерінің саяси бәсекелестерімен қалай сөйлеседі, қалай баға береді? Кеше ғана сайлауда бір-бірімен қарсылас болғандар ертеңіне тізе қосып отырып, бірін бірі сыйлай отырып, бір-бірінің артықшылығын айта отырып, өздерінің мемлекеті үшін, елі үшін өзгенің пікірін пайдаланады. Ендеше біздегі саяси партиялардың бірінші парызы -саяси мәдениетті дұрыс қалыптастыру. Бұл істе билік те, кейбір демократпын дейтін күштер де үлгі көрсете алмай отыр. Саяси бәсекелесті қаралау, оған тек жала жабумен айналысу біріншіден, нәтижесіз, екіншіден, кері дәстүр қалыптастыратын шаруа екенін түсінетін кез келді. Екіншіден, сайлау жоқ уақытта да біз билікке балама ұсыныстар ұсынуымыз қажет. Біздің ойымыз, жігеріміз, пікіріміз, халық мүддесіне қазір жұмыс жасаса елге пайда. «Ақ жол» партиясының кейбір ұсыныстарын 78 ай өткізіп барып Үкімет пайдалануда. Мысалы, Үкімет күйзеліске қарсы бағдарламасын ұсынғанда біз бірнеше бағытта кемшілігі бар екенін айтқанбыз. Біріншіден, біз, егер халық есебінен банкілерге кәсіпорындарға көмек көрсетілетін болса, олардың қожайындары жеке ақшаларын Қазақстанда ұстасын дедік. Біз бұны 2008 жылдың күзінде айтсақ, Үкімет басшысы 2009 жылдың күзіне таман айтты. Біз ұлттық компаниялар, мемлекеттік қорлар, мемлекеттік органдар жария жұмыс жасап, кадр және қаржы саясатында ұлт мүддесін қорғасын дедік. Біз бұны айтқан соң, жарты жылдан кейін барып Үкімет осыны талқылай бастады. Осындай ойларымыз біздің идея деп айтылмаса да, ел мүддесіне пайдаланылып жатқанына да шүкір. Қазір де біз ұлттық саясат тұжырымдамасын билік, басқа қозғалыстар пайдаланса, тек ұтамыз деп есептейміз.
Қазіргі ортақ мақсат -ұлтты жаңғырту. Модернизация деген сөз – ұлтты жаңа заманға бейімдеу. Бұл істе не маңызды? Біріншіден, орта қалыптастыру маңызды. Еңбекті құндылық есебінде қарастыратын, өздерінің ішіндегі дарындыларын кері тартпай, оларды шын мәнінде әділ бәсекелестік арқылы алға шығаратын орта қалыптастыру қажет.
Сол себепті кадр саясатындағы әділдік арқылы, білім жүйесін дұрыстау негізінде «әлеуметтік баспалдақтар» жүйесін қалыптастыруымыз керек. Бұл баспалдақтар білімде де, ғылымда да, мәдениетте де, саясатта да, экономикада да ең мықты тұлпарлар, сұңқарлар жүйріктерді анықтап, жоғары шығуына жағдай жасауы керек.
Мысалы, біз Олимпиядаға 100 метрлік қашықтыққа жүгіруге, ең тез жүгірген адамды емес, әкімнің, министрдің, байдың баласын жіберетін болсақ, ол нешінші орын алар еді? Сол себепті, егер біз саясатта да, мәдениетте де, экономикада да жүйріктерді тұсап, оның орнына тамыр-танысты жіберетін болсақ, бұл Қазақстанның әлеуетін тұсаумен тең. Өкінішке қарай, бүгін бізде осындай жағдай орын алып отыр. Осыдан жарты жыл бұрын, бір конференцияда мен Қазақстандағы кадр саясатын түсіну үшін ұлттық компаниялардың кадр құрамын тексерсе болды деп едім. Сол сөз түрткі болса керек, таяуда ҚазМұнайГаз компаниясын Президент әкімшілігі тексеріпті. Бұл барлық компанияларға байланысты. Егер жоғары биліктегілердің туған туысқандарының қай жерде жұмыс жасайтынын жариялауға мәжбүрлесек, әлі талай қызықтарға куә боламыз. Ендеше әлеуметтік баспалдақтар қоғамды алға алып жүреді. Және біз денсаулық, білім саласы және таза ауыз су мәселесіне өте зор көңіл бөлуіміз керек. Бұл біздің болашақ ұрпақтың тән саулығын және оның бәсекелестікке қабілеттілігін анықтайды. Ендеше, қазіргі басты міндетіміз– ұлтты модернизациялау. Яғни, жаңа биіктерге бейімдеу.
Әңгімелескен
Ақжан ЖӘУТІКОВА