ЗАМАННЫҢ ЕРІ Заманбек еді

d0b7d0b0d0bcd0b0d0bdd0b1d0b5d0ba-11

Бізді алғаш көзбе-көз таныстырған сыншы-әдебиетші Сағат Әшімбаев еді. Оған дейін телефонмен бірер мәрте сөйлескен сырттай білістігіміз ғана болған. “Ғаб-аға, бұл ініңіз тегін жігіт емес, әлі көрерсіз, кесек турайтынның нағыз өзі!”- деген Сағат. Бірде “Ғаб-ағалап”, бірде “қайнағалап” еркелей сөйлейтін оның нені бол­сын біліп айтатынына көзім жеткен-ді. Алматы қалалық Совет атқару комитетінің төрағалығына жаңадан сайланған Заманбек Нұрқаділов туралы пікіріне де сонда шүбәланған жоқпын. Заманбек болса, жолда­сына жымия қызарақтап қарап, ақырын ғана бас шайқаған. “Артық айтып жібердің-ау?!” деп наз білдіргеніне  жорығанмын.

 

ЗАМАНБЕКТІҢ АРҚАСЫНДА Алматы қазақтарының саны екі есе өсті

Сағаттың Заманбек хақында артық айтпағанына сан мәрте куә болдым. Алматы қаласын басқарған жылдары Заманбектің шарапаты тимеген кісі аз шығар. Мәселен, жұмысшы жастарға ерекше жақсылық жасағанын білемін. Ауылдан келіп, институтқа оқуға түсе алмай, зауыт-фабриктерге, құрылыс орындарына жұмысқа кірген қыз-жігіттерімізге жатақхана бұйыра бермейтін, бұйырған күнде ешқайда тіркеу-есепке алынбай­тын. Егер оны-мұны себеппен жұмыстан шыға қалса, сол күні жатақханадағы бөлмесінен айы­рылатын. Заманбек сол “темір ережені” бұзып, жастардың бойдағы да, бала-шағалысы да өздерін жұмысқа қабылдаған кәсіпорынның жатақханаларына міндетті түрде есепке алынатын, тіркелетін, соның негізінде одан арыда пәтер ала алатын етті. Сол қамқорлығының нәтижесінде Алматы тұрғындарының есебінде қазақтың саны сол жылдары 23 пайыздан 40 пайызға жетті!

Еліміз тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтеру хақында әңгіме қозғалып, арнайы қоғам құрылуы, оның қалай аталуы керек делінгенде Заманбектің: “Күбіжіктейтін не бар?! “Қазақ тілі” қоғамы деу ке­рек қой! – дегені есімде.

Зиялы қауымға қол ұшын ұсынғаны өз алдына мол әңгіме. Мысалы, аяулы сазгеріміз болған Әсет Бейсеуовке пәтер бергізді. Ал Әсет өмірден озғанда қатты қайғырып, қамыға өксігенін көрдім. Марқұмды жерлеу, одан кейін дәстүрлі науқандарын өткізу, үйінің қабырғасына ескерткіш тақта ілу, қабіріне құлпытас орнату істерінің бәрін қадағалап, қажетінше қаржылай көмек көрсетті. Сазгердің әндерін екі жинақ етіп бастырып шығартты да.

Кесек турайтын

Қазақ өзі еді...

Заманбектің жұртқа жасаған жақсылығын тәптіштеп жа­зуды ертеңге қалдыра тұрып, саясаткерлік сипатына тоқталайын. Бүгінгі “демо­кратияшыл” билік оппози­ция өкілдерінің бас қосуына Алматының ортасынан орын “таба алмай қатты қиналып”, ақырында қаланың күнбатыс шетіндегі “Сарыарқа” кинотеатрының ауласын “тар­ту” етіп, қаланың әділетшіл жұртшылығы жазықсыздан жазықсыз сотталған Ғалымжан Жақияновты жақтаған бірінші жиынын сонда өткізгенде ол ініміз ерекше танылды. “Ке­сек турайтынның нағыз өзі” - Заманбектің шындық іздеп, әділеттілікті талап етіп, қатты буырқанып, ширығып жүрген күндері еді. “Хал-ахуалың қалай? Шықтың-ау, қатты шықтың!”, дедім. Ол: “Е, төзім таусыл­ды ғой”, деп миығынан күлді. “Төзімім” демеді, “төзім” деді.

Жиында ол әдетінше еркін, анық, батыл сөйледі. Бұрынғысынан да қайраттанып, ай­баттанып, ашылып, ашынып, ой-пікірін, талабын нық-нық айтты. Ғалымжанның саяси мәнмен сотталғанына, 7 жылға кесілердей кінәсі жоқ екеніне, демократиялы, құқықты болмақ елде ондай заңсыздыққа жол берілмеуі керектігіне тоқталды, «ал бізде болса, адам құқығын аяқасты ету әдетке айналды» деп күйінді. «Менің үйімде болып, сұхбаттасып қайтқан  күннің кешінде дарынды, батыл жорналшы Шәріпжанов Асхат Тоқтарханұлы қаза тапты. По­лиция оны автомәшін қағып кеткенін айтады, ол – бекер сөз! Менімен сөйлескені үшін әдейі өлтірді оны!» деді. «Ай, Заманбек-ай, сенің өрлігіңді со­нау жылдарда өздерінің пайда­сына жаратқандар бұл ерлігіңді кешіре қояр ма екен?” деп ойла­дым...

«Досы» Н. Назарбаев жұмыссыз қалдырған Заман­бекпен кейінде жиі кездесіп, әңгімелесіп жүрдік. Бірде, 2005-жылғы мамыр айының бас шенінде болар, сағат 11 шама­сында телефон шалып:

-Аға, жеңгеміздің дүкенге көзқарасы қандай? – деді, қуақылана сөйлеп. Әзілінің аста­рын аңғара қойдым да:

-Қолына қарға кәк еткен күні дүкеннен таяқтап қуып шығара алмайды оны! – деп едім, қарқылдап күліп:

-Қарындасыңыз Мақпал да сондай, біздің ол кісімізді тіпті милициямен қайырып әкелу қиын, міне, Мерейіміз екеуіміз 

Мамуля-Жануляні күтіп, муль­тфильм көріп отырмыз, - деді. Құдай қосқан жары, ғажап әнші Мақпалын «Жануля» деп атаушы еді.

Мамыр айының 25-і күні таңертең телефонымды шыл­дырлатып:

-Аға, бір кітабым шығып еді, соны қазір беріп жіберейін, өзім апарып берейін деп едім, грипп деген пәле ме, бырқылдап жа­тырмын, ренжімеңіз, - деді, дау­ысы шынында жарықшақтанып шығып.

Кітабы “Шығыс жыры. Орыс жыры. Шындық жыры” делінген көлемді жинақ екен. Ыстық ықыласты қолтаңбасымен си­лапты:

«Аса құрметті Ғаббас аға!

Байқамаппын салмағын,

Өмір зілін, жалғанын.

Тек махаббат –алғаным,

Қылмыс деймін қалғанын.

Осы кітаптың бірінші оқырманы болсын деп шын жүректен ұсындым.

Ізгі ниетпен автор. (Қолын қойған, - Ғ. Қ.)

25.05.05. Алматы қаласы.

Телефон: 60-77-77».

Інілік ілтипатын ескеріп, кітабын тез оқып шығып, ризашылық ойымды қағазға  түсірдім. Ол газетте жариялан­ды. Сол күні таңертең телефон соғып: “Аға, кітабымның бірінші оқырманы болсын деп алдымен ұсынып едім, міне, алдымен пікір білдірген де өзіңіз болдыңыз, рах­мет, аға, шынайы таза көңілімнен көп-көп рахмет!” деді. “Мен поэзия сыншысы емеспін ғой, оқырманың ретіндегі ойларым­ды айттым” деп едім, ол: “Аға, Құдай қаласа, екінші жинағымды да көп кешікпей, жаңа жыл кешінде апарып силаймын, оған да ойыңызды айтуға дай­ындала бергейсіз!” деп әдетінше ақжарқын күлді...

Сол күлкіні енді менің де ести алмай жүргенім өте өкінішті, не шара?!

...Заманбек батыр еді-ау! “Батыр—бір оқтық” деген рас екен.

Қисық жолмен қисық жүре беруге ар-ұяты төзбей, шыдамы әбден таусылып, “Елім!” де­ген ерлердің сапына қосылып, Тұлғаға тән кесек сөзін тура айтуға кіріскен еді. Берекесіз билікке қарсы Әділдіктің ақ туын көтерісіп, шындықтың шырайын кіргізісіп, көпшіліктің құрметіне тым-тым бөлене түсіп еді.

Біреулер: - Отбасының жағдайы қиын болыпты, Мақпал мазасыз екен, пәлен жыл бойы жүйкесін тоздырып­ты, одан құтыла алмай жүріпті! –дейді. “Біреулер” емес-ау, «жақыны едім» деп жантықтана қалғандардың қарабеттік қисындары!

Қанды оқиғадан соң бір апта өтер-өтпесте республиканың “сужаңа” Ішкі істер министрі Б. Мұхамеджанов мырза ресми түрде: «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірді», деп мәлімдеме жа­сады. Есі кіресілі-шығасылы кісі де сенбес ғайбат сөз айтқанына беті бүлк етпеді. Онысы оқиғаның себеп-салдарын тек­серу енді ғана басталғанда өздері іріктеген тексерушілеріне бағыт сілтегені деп білем. Мамандығы заңгер ол министрсымақ өздері Заманбектің аузын аңдып, әр қадамын бақылап, ақырында түбіне жеткендерін айта алмады. Ешқашан айта да алмас. Ол бұл дүниеден қорқақ қолбала күйінде күбіжіктеп, күмілжіп өтер.

Демократиялы елде, тіпті демокртияның исі бар елде мемлекет пен қоғамның айту­лы қайраткері болған бір ғана азаматтың заңды қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған Ішкі істер министрі де, ол азамат­тар тұрған қаланың бірінші басшысы да отставкаға кетеді. Баспасөзден оқып-біліп жүрміз. Ал бізде керісінше, ондайлардың тақтары биіктеп, портфельдері қалыңдайды.

Заманбек қаза табарынан үш күн бұрын маған телефон шалып: “Аға, өзіңіз білетін байғұстар менің телефонымды тағы тыңдап отырған шығар. Әй, саққұлақтар, дұрыстап жазып алыңдар, қателесіп құрып жүрмеңдер! – деп әдеттегі мысқылын айтып, ол қарқылдап күліп, мен мырсыл­дап күліп алып, келесі әңгімеге кірістік. Ол сөзін әдебиеттен: Фирдауси, Хафиз, Сағди жырларының бұрында қазақшаға аударылғандарына пікір айту­дан бастады. Орыс тіліндегісі мен түпнұсқа арасында орын алған үйлесімсіздікті дәлелдеп айтты. «Шығыстың классик ақындарының қайсысының бол­сын шығармасын түпнұсқадан аударса ғой, шіркін! Менде сондай мақсат бар. Араб, пар­сы тіліне назар салып, үйренуге кірістім» деді. Мен, әлбетте, қуана құптадым. Біразға созылған сұхбатымыздың соңы тұрмыстық жәйттерімізге сай­ды. Заманбек Мақпалдың министрлік жақтан қақпай көріп жүргенін, тіпті концерт атаулыға қатыстырылмайтынын айтып: “Мен мұндай әділетсіздік бо­лады деп тіпті ойламаған едім. Өзіңіз жақсы білесіз, ол өнер ада­мы ғой, оған обал жасағандары өнерімізге обал жасағаны емес пе? Мақпал соған күйінеді, әйел адам, жүйкесі нәзік, қолымнан келгенінше жұбатып, Мерейім үшеуіміз кейде үйде концерт қойып, мәре-сәре болып ала­мыз” деді.

Менің көзім жеткені: Заманбек-Мерей-Мақпал бір әсем шоқтағы үш тал гүл тәрізді жарасымды болды.

Егер «жақындары» айтқандай, Заманбек Мақпалдан “құтыла алмай жүрген” болса, әлгі бір «қарындасына» мұңын шаға берген болса, ол жағдайды ең алдымен біз – көптен араласып, шүйіркелесіп жүрген аға-інілері, дос-жолдастары білер едік. Он­дай «қиын хал» болған жоқ!

 

(Жалғасы бар)