«Пәктікті Алматыда жоғалту» фильмі қатты ашындырды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан МЫҢБАЙ мырзаға АШЫҚ ХАТ Құрметті Дархан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ! Қазақтар талай аумалы төкпелі, алмағайып заманды басынан өткерді. Тумысынан кең далада көшпелі күн көріп, сахараның саумал ауасымен ауызданып өскен ұлы халықты, бодандық саясат бордай тозып, тілегіміз, жүрегіміз бір қандастарымызды шекараның екі шетіндегі шетелдіктерге айналдырды. Құдайға шүкір, «аққа құдай жақ» демекші, қазақ елі ғасырлар тоғысында бодандықтың кебісін шешіп, бостандық алды. Бұған Қытайда жатқан қазақ қандастармыз да алақайлап қалпағын аспанға лақтыра қуанғанынна сіздер де куәсіздер. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қандастармызға деген абзал саясатының арқасында көптеген қандастармыз атажұртқа ат басын бұрды. Десе де, осы бірнеше жылдан бері қазақ көшінің керуені баяулап қалды. Бұған түрлі себептер айтылып жатыр. Ең басты мәселе мемлекеттік тіл жайында екені қазақ баспасөздерінде де көптеп айтылып келеді. Енді бір себеп Қазақстаннан ағылып келіп жатқан түрлі материалдық емес құндылықтар. Ашып айтар болсақ қазақ елінде жасалған түрлі кинолар қазақ қоғамын анайы жақтан бейнелеп жұрттың қазақ еліне деген қызғушылығына су сепкендей күй кешірді. Барлық өнердің ішінде ең маңыздысы – кино саласы. Кино туындылары жынысына, жасына қарамай рухани жақтан ләззаттанатын бірден-бір жаны тірі жасампаздық. Жақынғы бірнеше жылдан бері Қазақиядан бізге ағылып келіп жатқан көп санды кинолардың нәтижесі сұрақ тудырып, адам қанын қайнатып, аяушылық, жеккөрушылық көзқарас туындатады. Фильмдердің іші атыс шабыспен түс алып, жастары бірін бірі атып кетіп, пышақтап кетіп, ұрлықпен тонаушылықпен күн көретін қазақ қоғамы мен эротикалық түс алған жыныстық қатынасты басты мақсат етіп қазақ қыздарының көрінгеннің астында жатып ақша табатын, келіні өзгемен ойнас жасап құмарын қандырса, әкесі қызын зорлайтын, екі қабат әйелді алқашы зорлап, кәмелетке толмаған баласы ешкімен ойнас жасайтынын, қыздары көшеде тыр-жалаңаш билеп жүретін қазақ қоғамын танытып, сол арқылы қазақ рухын саудаға, мазаққа айналдыруда. Әсіресе, мемлекетті қазақтандыруға зәру болып отырған жағдайда көше толы, кеңсе толы орысшадан құтылмай отырған сіздер үшін де және сол орысшадан жасқанып отырған біздер үшін де ұлттың ұлттық санасын, ұлттық рухын азғындататын кинолардың ұлттық болмысқа жат қылықтармен көбейюі қаны қазақ азаматы үшін үлкен сын. Құрметті Дархан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ! Біз Қазақиядағы түрлі ақпараттармен кең тыныстап келеміз, қазақ елінің қуанышымен жұбанышына ортақ ниет білдіріп отырған бізді жақында Жанна Исабаева атты режиссердің «Пәктікті Алматыда жоғалту» деп аталтын аты да, заты да қазақ менталитетіне жат, мәнсіз фильмнің шыққаны қатты ашындырды. Осыдан бұрын да атты шулы «Келін» «Әке қорлығы» «Қараой» «Борат» сияқты бір қанша киноның төбе шашымызды көкке көтергені рас. Қазіргі қазақ қоғамында кәрі тарихымыздағы бабалармыздың жетімі мен жесірін жылатпай, қыз баланы пәктігімен таза армен тұрмысқа шығарған ата дәстүріміз аяққа тапталып жатқандай. Біз мұндай кинолардың белең алуын қазақ мемлекетінің абыройына нұқсан келтіретін, қазақты қаралайтын іс деп түйдік. Өйткені осындай кинолар - қазақты елдікке, бірлікке шақырған саясатмызға қайшы әрекет, ұлттық түп-тамырына балта шауып, халықтың ой санасын азғындатып жұртты шатастырып, атажұртқа деген махаббатты өшіруге жетелеп отыр. Біз сағынған, аңсаған атажұртымыз үшін, әр қандай зұлымдық пиғылдар үшін ешкімді де аямай, ештеңеден де тайынбайтынмыз белгілі. Бізді ұлтымыздың тағдыры, болашағы қатты алаңдатады. Сондықтан сіздің «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы осындай анайы қылықты кинолардың өмір сүруіне жол бермей, барлық қазақ киноларының қазақ болмысына жақын, ұлттық құндылықтарымызды көзге ұстай отырып, қазақи түс алған кинолар тудыратын заң жобаларн қабылдауыңызды сұраймыз. Тоқтар ЖЕТПІСБАЙҰЛЫ Хатқа Қытайдағы бір бөлім ұлтжанды ақын-жазушылар мен мұғалім, студент жастардан құралған зиялы қауым өкілдері және үкімет қызметкерлері қол қойған: Шәкен Бөкетайұлы, Қуаныш Дәлейұлы, Думан Жақып, Ақиқат Ғазизұлы, Батылбек Тауданбайұлы, Баһар Бердібек, Тасқын Ысқақұлы, Жеңісбек Қабылбекұлы, Венера Қайырғалиқызы, Жайна Нүкейқызы, Ержан Ақанұлы, Байтақ Қайноллаұлы, Байсенім Әбдібек, Бегалы Оразбеков, Тұрдыбек Сыдықұлы, Айса Орынбасарұлы, Әсен Боқайұлы, Құрманбек Қапанұлы, Жақсыбай Шарыпханұлы, Құрманбек Қапанұлы, Мұқият Құмарұлы, Шалқар Оралқожаұлы, Тұрсын Сіләмұлы, Әлмырза Жамалбекұлы, Ғарапа Нәсиоллаұлы, Айқын Молдақанұлы, Жайдар Жайнақ, Құсман Құмашұлы, Тұрған Төлегенов, Әсем Иакия, Сатыбалды Құрманғазыұлы, Афара Әбдалиұлы, Аспан Сайболатов, Айсабек Мәуленұлы, Сержан Серікұлы, Биғабыл Надырбайұлы, Айса Орынбасарұлы, Қанат Жұмашұлы, Еркінбек Мұқаділұлы, Талап Үсенұлы, Баян Тұрсын, Манатбек Садықанұлы, Зейін Божанқызы, Есқат Зейнелғазыұлы, Қайып Қалжанұлы, Аман Қамыйұлы, Жұмабек Әзелханұлы, Думан Кәдірбек.