Қалалық «Нұр Отан» қала әкіміне қарсы шықты...

d0b0d180d0bcd0b0d0bd-d0b6d0b5d182d0bfd196d181d0b1d0b0d0b5d0b22       

 Кеше, 2010 жылдың 2 наурызында Шымкентте бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болды. «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы қала партактивін жинап,  қала әкімі Арман Жетпісбаевтың біржарым жылдық жұмысын қанағатанғысыз деп тауып, сенімсіздік білдірді.

         Жиналыста қалалық филиал төрағасы, коррупцияға қарсы ымырасыз күресімен елімізге белгілі қайраткер, әділетшіл саясаткер Өмірзақ Мелдеханов сөз сөйлеп, қала әкімінің  бір жарым жылда ел сенімінен шыға алмағанын өткір сынады.

   «Біз «жас әкімге аяғынан шалып, жұмыс істетпеді» деген сөзден қашып, әліптің артын бір жарым жыл күттік» - деген Ө. Мелдеханов қала әкімінің бір жарым жылда оңдырмай ақсатқан салаларын нақты атап, ондағы бұзылған заң баптарын, мемлекеттің желге шашылған қаржыларын тізіп берді. Одан соң мінберге шыққан прокуратура өкілі де қала әкімдігі тарапынан шыққан заңсыз өкімдердің залалын айтып беруге он бес минуттай уақытын сарп етті. Заң бұзушылықтар әсіресе, жер бөлу саласында ушығып кеткен екен. Оның үстіне А. Жетпісбаев әкім болғалы бері қала әкімдігіндегі моральдық атмосферадан да мүлдем маза кетіпті... Жылдар бойы патриоттық қасиеттерімен, адалдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп жүрген қала әкімінің орынбасары Жолдасбек Күздеубаев сот қақпанына түсіп, дау-жанжалмен жұмыстан кетті. Жап-жас болса да ұялмай, сол кісінің даусын ұрлықы түрде жазып алып, сотқа берген қала әкімінің баспасөз хатшысы Бақыт Батырқан да жұмыстан кетті. Ал мұның алдында ішкі саясат бөлімін басқарған Мұхтар Мұхамбетжанды да қала әкімі арыз жазып,  сот қақпақылына салып,  жұмыстан кетіруге мәжбүр еткен еді, бұл сот процесі әлі жүріп жатыр. Осы жиында сөз алған ардагер ұстаз, бар өмірін ағарту саласына сарп еткен, мемлекеттік тіл үшін сонау Колбин заманынан күрескен Нәбира Жүзбаева мінберге шыққан кезде ел тына қалды –бұл кісі не дер екен? Бірақ Нәбира Жүзбаева да сөзін «Арман мені екі рет барсам да қабылдамады» деп бастап, бірақ оның шын мәнінде «өте жақсы бала екенін ерекше ескертіп», бірақ «Шымкент сияқты ірі қаланы игере алмайтынын» айтып, сөзін қорытындылады. Мінберге шыққан қала әкімінің орынбасары Нұржігіт Қалмырзаев қала әкімін қорғамақ болды әрине, бірақ тізілген фактілерге қарсы ештеме айта алмады және жалпыламамен сөзін бітіріп, мінберден түсуге асықты. Өз кезегінде сөз алған қала мәслихатының бюджеттік комиссиясының төрағасы, депутат  Қилыбек Тұрлыбек қала әкімінің әкім ретінде жұмыс ұйымдастыра алмай жатқанын, Шымкент сияқты ірі қаланы игеруге қабілеті жетпейтінін әлдеқашан жария түрде мәлімдеп жүргенін,  бір кездері мәслихатта депутаттар атынан қала әкімі А. Жетпісбаевқа сенімсіздік жариялап, осы шешімді қабылдауға  сәл ғана дауыс жетпей қалғанын паш етті. Жиын соңында партактив қаулы қабылдап, осы қаулыда облыс әкімінен, тікелей Елбасыдан  осы мәселе бойынша шара көруді сұрайтынын мәлімдеді.

Нәзипа МАМЫҚОВА,

Шымкент