ӨЗБЕКТЕ ҚАЛҒАН ӨЗ ЖЕРІМІЗДІ ЕЛІМІЗГЕ ҚОСЫҢЫЗ!

d0bad0b0d180d182d0b0-d0bdd0b5d0b3d196d0b7d0b3d196-d0b1d3a9d0bbd196d0bc1

Көшірмесі: ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов мырзаға!

ҚР Сенат төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев мырзаға!

ҚР Мәжілісінің спикері Орал Мұхамеджанов мырзаға!

ҚР Сыртқы істер министрі-Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев мырзаға!

ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мырзаға!

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы  Әділ  Шаяхметов мырзаға!

 

АШЫҚ ХАТ

Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрметті еліміздің басшылары, Парламент төрінде отырған халық      қалаулылары, қадірлі қазақ зиялылары!

Біздер, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы және Шардара ауданы Өзбекстан жерінде отырған бір топ соғыс және еңбек ардагері қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы қалыптасқан қиын ахуалды ашына баяндауға мәжбүр болып отырмыз. Шындықтың бетіне тура қарайтын болсақ, Өзекстан мен Қазақстанның шекара сызығын белгілеуде орын алып келген әділетсіздіктің, жауапсыздық пен енжарлықтың салдарынан ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас, базары да, мазары да бір болып келген өзбек ағайынымызбен арада ауыр мәселелердің туындауы біздің жанымызға қатты батып отыр. Бірақ, мұны еріксіз қозғауға тура келуде. Себебі, ата-бабаларымыз Алатау, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, тағы қаншама батырларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, көздің қарашығындай сақтаған туған жерімізден тапа-тал түсте айырылып қалу сұмдық емес пе? Дана, ержүрек, намысшыл халқымыз о баста-ақ:

Ұлтарақтай болса да

Ата қоныс жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да

Туып өскен ел қымбат.

деп бекер айтпаса керек. Ал, Елбасымыз Н.Назарбаев ел алдында сөйлеген сөзінде: «Еліміздің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан-теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»- деп ашық айтты ғой.

 Күні кеше Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында алдағы 10 жылға экономикалық ірі жоспар түзілгенін айта келіп, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, бейбіт, тыныш өмір сүруге ұмтылайық деп өте жақсы айтты. Ендеше қазақ-өзбек шекарасындағы жағдайды қамырдан қыл суырғандай, өгіз өлмейтін, арба сынбайтындай етіп халық мүддесін ескеріп шешетін болсаңыздар біздің өміріміз де, көңіліміз де жайланып, тыншыр едік.

Біздер, Ұлы Отан Соғысының отты жылдарында осы еліміздің болашағы үшін басымызды өлімге байлап күрестік, қаншама бауырымыз бейбіт өмір, туған жер үшін жанын пида етті. Майдан даласында жүріп туған елімізге, жерімізге аман оралар күн болса деп бір Алладан тіледік қой. Енді қартайған шағымызда атамекен туған жерімізден айырылып, бала-шағамызбен көшуге мәжбүрлесе бұған қалай жаның қиналмайды, қалай жүрегің ауырмайды, айтыңдаршы, қарақтарым?!

Сіздерге түсінікті болу үшін біздің басымыздағы қиын ахуалды баяндап айтуға тура келіп тұр.

Өздеріңізге белгілі, 1960 жылдың бас кезінде Мырзашөлдегі қазақ жері тағы да бөлініске түсті. Халыққа аса қажетті мақта дақылын өсіруді бір орталыққа жинақтау мақсатында Өзбек КСР-іне Мақтарал, Киров, Ильич аудандарын, оларға қарайтын 27 шаруашылықты, жүзім өсіретін бір совхозды, қаракөл қойын өсіруге арналған «Қызылқұм», «Шымқорған» деген ірі шаруашылықтарды беріп жіберді. Сол кезде жалпы Өзбекстанға өткен жер көлемі бір миллион гектарға, оның ішінде суармалы құнарлы жер аумағы 200 мың гектарға жуықталды. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1963 жылғы 19 қыркүйектегі «Қазақ КСР-і мен Өзбекстан КСР-інің шекарасына кейбір өзгерістер енгізу жөніндегі» жарлығымен бекітілді. Соның салдарынан ежелден ата-қонысында жайланып отырған Мырзашөл халқы Қазақстаннан, туған жерінен ажыратылып, өзге елдің боданында кете барды.

Арада он жыл өткенде ғана әділеттік біршама қалпына келтірілді. Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің 1971 жылғы 11 мамырдағы және қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1971 жылғы 12 мамырдағы «Өзбек КСР-інің Сырдария облысының бір азғантай бөлшегін Қазақ КСР-інің құрамына қосу жөніндегі» Жарлықтары бойынша оған дейін Өзбекстанның Сырдария облысының құрамында болған Мақтарал, Киров және Жетісай аудандары сол кездегі шекаралары бо­йынша Қазақстанның Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамына қайтарылып берілді. Өкінішке қарай, 3 аудан өзімізге қайтарылғанымен, қазақ халқына тиесілі 10 шаруашылдық сонда қалып қойды. Бүгінде өзбек елі сол жерлердің есебінен 5 аудан, 50 кеңшар ашып алды.

Міне, сөйтіп біз атамекеніміздің үлкен бөлігінен біржолата қол үзіп алдық. Өзбекстанның еншісіне тиген әлгі 10 шаруашылықтың 2-і кеңшары Аманкелді мен Арнасай 2001 жылы қазақ-өзбек шекарасы нақтыланған кезде Қазақстан құрамына өтуі тиіс еді. Бірақ, делимитациялау кезінде тек қана Арнасайдағы 5 шағын елді мекен мен Арнасай бөгені Қазақстанға берілді де, 100 пайыз қазақтар тұратын Аманкелді мен Арнасай кеңшарлары тағы да Өзбекстан құрамында қалып қойды. Бұл сол кездегі шекараны нақтылаумен айналысқан біздің Қазақстандық комиссияның шалағайлығы, жауапсыздығы, нем­құрай­ды­лығы деп ойлаймыз. Осы екі кеңшарда тұратын қарапайым халық сол кезде Қазақстанға өтетін болдық деп жүрегіміз жарыла қуанған едік. Кейін Өзбекстанда қалып қойғанымызды білгенде «ах» ұрып, өкініп қалдық. Комиссия мүшесінің бірінен: «Неге бұл мәселені әділдікпен қарамадыңыздар?» дегенімізде, «өзбектер көнбеді ғой» деп екі-ұшты жауап берумен шектелді. Комиссия мүшелері неге қолдарына 1964 жылға дейінгі жер картасын алып үңіле қарамайды, неге халықтың ой-пікірімен санаспайды? Сол карта сызбаларында шекара сызығы ап-айқын көрініп тұр ғой. Негізінде бес ауылдың қатарына «Арнасай», «Аманкелді», «Көктасты», «Қарабай», «Қостақы» елді мекендері кіруі тиіс еді. Алайда, аталған бес ауылдың орнына бұрыннан Қазақстанға қараған, Жексенбай ауылы - 2500 га, Құлшығаш ауылы - 175 га, Жібек жолы ауылы - 75 га, Арнасай поселкесі - 200 га, Арнасай плотинасы - 45 га, Копытное озеро - 740 га, Насосная станция -140га, Набережная - 80га, барлығы 3955 га Қазақстан жерін көрсеткен. Осы елді мекендердің бірнешеуінде тіпті адам тұрмайды, бұрынғы көлдің орны немесе жолдың жағалауы. Мұның ішінде Жібек жолы елді мекені мен Құлшығаш ауылы бұрыннан-ақ Мақталы совхозының №4 бөлімшесіне қараған. Төлқұжатымыз бәрі Қазақстандікі еді. Енді келіп сендерді Өзбекстаннан алдық деп алдап отыр. Біздің өзегімізді өртеп, үлкен өкініште қалдырған жайт, міне осы.

Бағаналарды қазақ-өзбек шекарашы­лары бірлесіп біздің ауылдарымыздың іргесіне дейін жылжытып, дендеп ішке кіре бастағанына түсінбей отырмыз. 2006 жылы қағылғын шекара бағаналары неге жылжыды? Осының кесірінен екі үй бұзылғалы отыр. Ең сорақысы, Мақталы ауыл округінде көптеген шаруалардың мемлекеттік актісі бар 189 га суармалы, 300 га жайылымдық жері өзбек шекарасының арғы жағында қалып қойды. Осы уақытқа дейін салығын төлеп, егінін егіп, отбасын асырап отырған азаматтарға үлкен қиянат жасалып отыр. Бұған кім жауап береді? Бұның бәрі кезінде Аманкелді, Арнасай кеңшарларын басқарған екі директордың қара бастарының қамын күйттеп, Өзбекстан басшыларына «бәрі жақсы, жұрт риза» деп өтірік ақпар бергендігінің кесірі-ау деп ойлаймыз. Халқымыз «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп осындайды айтқан ғой. Шекара бағанасын кранмен суырып алып, ауыл жанына келіп орнатып жатқан біздің шекарашылардан «бұларың қалай?» деп сұрағанымызда олар:

-Қазақстан жағы Өзбекстанмен жер алмасуы керек еді. Сол жер алмасу болмай қалды. Ауыл маңындағы жерлерді соның есебінен алып жатыр, - деп жайбарақат жауап берді. Сонда Елбасы бекіткен заңды шекарамызды ішке қарай жылжыта беретін болсақ, онда әлі талай жерімізден айрылып қалмаймыз ба?

       Осы мәселе бойынша Жайлаукөл елді мекенінің тұрғыны Ә.Шылмырзаев 2009 жылы 23 қарашада ҚР Президентіне хат жолдаған еді. Осы хат бойынша ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметінен мынандай мазмұнда жауап келген: «2005 жылдан бастап қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын межелеу бойынша үкіметтік комиссияның жұмысы атқарылуда. Сіздің ауылдық округ учаскесінде шекаралық белгілерді орнатып, Мемлекеттік межелеуде бастапқыда Қазақстан Республикасы жергілікті тұрғындарының шаруашылық мұқтаждықтары ескерілуімен уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Бірақ, делимитациялау құжаттарына сәйкес Мемлекеттік шекара Қазақ КСР арасындағы әкімшілік-аумақтық шектеу бойынша Сіздің поселкеңізден жақын жерден өтеді...» дей келіп, 2009 жылы қыркүйекте Өзбекстан тарапы шекаралық белгілерді делимитациялық сызыққа көшіруге шешім қабылдағанын, екі елдің межелеу жұмысшы топтары осыған сәйкес шекаралық белгілерді қайта орнатқанын хабарлаумен шектелді. Оның басқа себептерін неге ашып айтып түсіндірмейді?

 Біз бұл жауапқа қанағаттанбай отырмыз. Бастапқыда біздің мұқтажымызға орай уағдаластыққа қол жеткізілсе неге бұл мәселені сол күйінде аяғына дейін жеткізуге болмайды. Шекарашылар айтқандай жер алмасу келісімі неге жасалмады?

Сондай-ақ бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі - Шардараға баратын облыстық маңызы бар асфальт жол, ұзындығы 21 шақырым «Оңтүстік Жарық» мекемесінің балансындағы электр жүйесінің (ЛЭП) Өзбекстан Республикасы арқылы өтуі бізді ойландырып отыр. Егер шекара дауы бітпесе бұл жол өзбектердің еншісінде кетейін деп тұр. Онда шекара шегінде тұрған Мақтарал халқы Шардараға бару үшін Келес арқылы 180 шақырым жолды басып өтуге мәжбүр болмақ. Сонымен Мақтарал ауданына баратын жол да проблема болып тұр. Өйткені Сырдария өзеніне салынған Достық көпірі төтенше жағдай болған кезде төтеп бере алмайды. Мақтарал халқының күні қараң болады.

 Сонымен бірге, Арнасай плотинасына қызмет ету мүмкіндігінен айрыламыз. Ол дегеніміз күнделікті бақылау-жөндеу жұмыстарымен қатар төтенше жағдай қалыптаса қалған жағдайда шұғыл шаралар ұйымдастыру мәселесі қиындайды деген сөз. Елді мекендер арасындағы байланыс үзіледі. Ал, ЛЭП мәселесіне келсек, бұл Мақтарал ауданын электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір желі. Егер бұл желі Өзбекстан аймағында қалып қойса күнделікті бақылау, қызмет көрсету, жөндеу жұмысы, кездейсоқ апаттан орын алған жағдайда шұғыл шара көру жұмысын жүргізу де қиындайды.

       Ал, мақтаралдықтардың электр жарығы көрші елге тәуелді болса күніміз не болмақ?

Біз буынсыз жерге пышақ ұрып отырған жоқпыз. Қазіргі орын алып отырған келеңсіздіктерді жазып отырмыз. Мақтарал, Шардара аудандарының басшылары «бұл ауылдардың болашағы жоқ, Көксарайдан үй салуға жер береміз, көшіңдер» дейді. Дәл қазіргідей дағдарыстың кезінде көшу оңай ма? Кім бүтін тұрған баспанасын бұзғысы келеді? Шекарамен шектес «Қостақыр», «Арнасай», «Аманкелді», «Жібек жолы», «Жайлау көл», «Алмалы», «Шолпанқұдық» елді мекендеріндегі өзіміздің қазақ ағайындар Елбасымыздың сара саясатын толық қолдаймыз. Қанша жылдан бері үйлі-жайлы болып сүттей ұйып отырған бұл ауылдардың қалайша келешегі жоқ? 700-ден астам үйді бұзып, көшіңдер деу ешбір қисынға келмейді ғой. Облыс әкімі А.Мырзахметов Мақтаралға келгенде аудан әкімі Қ.Хаметовтың «Көксарайға біздің ауданнан 1000 шақты отбасын көшіре аламыз» деген сөзін естіп таң қалып едік. Осы Қ.Хаметов 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған кезде сол кездегі облыс әкімі З.Тұрысбековке «Арнасай» мен «Аманкелді» мал совхоздарын Қазақстанға қайтару үшін Өзбекстанға осы екі совхоздың көлеміндей жер, мал беру арқылы алмасу жолын ұсынып хат жазған еді ғой. Енді өзі 330 мың халқы бар Мақтаралға басшы болған кезде мүлдем басқа саясат ұстанып, елге, жерге жанашырлық байқатпайтынына қарнымыз ашып, көңіліміз қалып отыр.

Біздер бұл мәселені қозғап Премьер-министріміз К.Мәсімовке де, Сенат, Мәжіліс депутаттары мен облыс, аудан басшыларына да, «Нұр-Отан» ХДП-на хат жаздық. Әлі күнге дейін мардымды жауап ала алмай сергелдеңге түсіп отырмыз. Бірақ, обалы не керек ҚР Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов 2009 жылы қаңтарда депутаттық сауал тастап, осы біздің зар шырылдаған мәселемізді өте дұрыс, орынды қозғады. Мұны бүкіл республика жұртшылығы «Қазақстан-1» телеарнасынан естіп, көрді.

  Біз қазір қалайда өзіміздің туған еліміз Қазақстанға қосылуды мақсат етіп отырмыз. Себебі, мұнда өмір  сүріп жатқан қазақтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өте нашар. Мәселен, біз тұратын Арнасайда балабақша, монша, клуб, гараж бұзылып, сатылып кеткен. Жолдары әбден тозған, телефон жоқ. Ауылдың электр подстанциясы 150 шақырым қашықта орналасқан. Электр жарығы өше қалса ол жаққа хабар берудің өзі мұң. Аудан орталығы Фарыш 270 километрде, облыс орталығы Жызақ 200 километр шалғайда жатыр. Ол жаққа барып қайту үшін үш кеден бекетінен өтіп, төлқұжатымызға белгі соқтырып, әрең өтеміз. Өзбекстаннан зат әкелудің өзі өте қиын. Себебі, өзбек кеденшілері тексеріп, әбден зығырданымызды шығарады. Өзбек ағайындар өз мемле­кетінің заңдарына сүйеніп, бізге әр түрлі талаптар қоя бастады. Арамызда жасы келген зейнеткерлер де бар. Олар Қазақстанға өтіп, Қазақстан азаматтығын алып, төлқұжаттарын сол жаққа тіркеуге қойды. Әлі, үй-жайы, бала-шағасы осында болған соң қайтып келіп тұрып жатыр еді, бәлеге қалды, бар зобалаңды бастарына үйіп-төкті. «Сендер Қазақстан азаматысыңдар!» дейді.

Бала-шағамыз, мал-жанымыз осын­да ғой. Оған мән беріп жатқан жоқ. Соңғы кезде өзбек шекарашылары автоматтарын кезеніп, үйімізге рұқсатсыз кіріп, төлқұжатымызды қайта-қайта тексеруді әдет қылып алды. Есік қақпай кіргені былай тұрсын, үйдің ішін, қора-қопсыны түгел тінтіп шығады. Әсіресе егістігіне селитра тыңайтқышын алған үйлерге қатты тиісті.

Олардың айтуынша селитра тыңайт­қышының қопарғыш, жарылу қаупі бар-мыс. Жергілікті халықтың жуастығын пайдаланған өзбек шекарашылары соңғы кезде қоқан-лоққы көрсетуді тіпті күшейте түсті. Аманкелді, Арнасай арқылы Шардараға бет алған жолаушылардың көлігін тексеріп, түрлі талап қоюды әдетке айналдырып алған. Кейбір көлікті түрлі сылтау айтып, бірнеше шақырым жердегі МАИ бекетіне апарып қамап қояды. Көлігін алуға барған қазақ азаматтынан ірі мөлшерде ақша сұрап, пара алмайынша қайтарып бермейді. Бұл сияқты қоқан-лоққы, көз аларту, әлімжеттіктің соңы жақсылыққа апармайды ғой. Ауыл жастары олардың дөрекілік көрсетіп, қоқан-лоққы жасауына қарсылық білдіруде. Тіпті, ереуілге шығамыз, көтеріліске шығамыз, бұл не деген қорлық деп наразылық білдіріп жиналуда. Біз ел ішінде тыныштық болсын деп оларды күнде зорға басып тоқтатып отырмыз. Ақсақалдар іштен тынып, ішқұса болып жүрміз.

Біз Қазақстанға көтеріле көшіп келуді білмей отырған жоқпыз. Тек атамекенімізді қимаймыз. Ата-бабамыздың зираты осы жерде жатыр. Қарияларымыз өлсек те осы кіндік қанымыз тамған жерде өлеміз, Өзбекстан болса да сүйегіміз ата-жұртта қалғанын қалаймыз деп отыр. Бұл осында мекендеген барша қазақтың арман-тілегі, басты көздеген мақсаты. Қазірше, екі елдің шекара ендігінде белгі ретінде ала бағандар орнатылған. Жақын арада шекараға тікенексым тартылатын болса, көрген күніміз одан да қиындай түскелі отыр. Себебі, күнделікті базар-ошарымызды жасап отырған Жетісай мен Шардараға барып-келуге көп кедергі, тосқауыл жасалғалы отыр. Және де тексерістер үдей түседі деп қауіптенеміз. Шекара жолы жабылса, мына тұрған Шардараға өтудің өзі қиын болғалы тұр. Міне, осы секілді мәселелер біздерді қатты ойландырып отыр.

Осы елде мекендердегі 6000-ға тарта тұрғын бекерге шырылдап жүрген жоқпыз. Атақоныс мекеніміздің өзге елдің боданында кетіп отырғанына ашынамыз. Сізден сұранатынымыз, өзбек елінде қалып қойған елді мекендер мәселесін түбегейлі шешсеңіз. Біз қазірге дейін бұл мәселені аудан, облыс, республика көлеміндегі баспасөз арқылы көтердік. Бұл өзекті мәселені аудан, облыс басшылары да жақсы біледі. Бірақ, бәрі де «Біздің қолымыздан келмейді, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен Өзбекстан президенті И.Каримов екеуінің келісімімен шешілетін күрделі мәселе» деп біржақты пікір айтудан жалығар емес. Сізден өтініп сұрайтынымыз, ата-қонысымызды қимай, қиналып күн кешкен біздің мұң-зарымызды естісеңіз. Халқының көз-жасын аяқсыз қалдырмайды деп Сізге үлкен сенім артамыз.

Қазақстан Республикасының Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы Жайлаукөл, Шолпанқұдық, Жібек жолы, Алмалы, Теміржол, Шардара ауданындағы Қостақыр ауылы, Арнасай поселкесі, Өзбекстан Республикасындағы «Амангелді», «Арнасай» елді мекендеріндегі қандас бауырларыңыздан, зардап шегіп отырған ауыл тұрғындары, алты мың (6000) адамның атынан қол қоюшылар:

 

Ұлы Отан Соғысының ардагері Минетаев Сағындық.

Ұлы Отан Соғысының ардагері Тургунбаев Орынбасар

Ұлы Отан Соғысының ардагері Байымбетов Ақбота

Еңбек ардагері Шылмұрзаев Жасұзақ

Ішкі істер ардагері Рзаев Пірімбай

Ауыл биі Қалжігітов Басымбек

Ауыл ақсақалы Ақназаров Өскенбай

Ауыл ақсақалы Доскараев Оспан

Ауыл ақсақалы Шылмырзаев Әли

Ауыл ақсақалы Маутанов Оңғар

Ауыл ақсақалы Жұматаев Бұрхан

Ауыл ақсақалы Байтілеуов Тасхұл

Ауыл ақсақалы Байменов Мансұр

Ауыл ақсақалы Жастаев Елеусін

Ауыл ақсақалы Ерімбетов Серік

Тағы да басқалар.

Карта-схемасы қоса тіркеледі.

 

Редакциядан: Өзбекстанмен екі арадағы шекараның әлі күнге дейін әділетті түрде нақты айқындалмауы ел ішін толқытып, қобалжытып отырғанын ашық айтуға тиіспіз. Кеңес кезеңінде Ташкенттің түбіндегі Минводы ауылының түбінен өтетін шекара делимитация кезінде Сарыағаш шипажайының іргесінен келіп бір-ақ шықты. «Қазақстанның 40-жылдығы» кеңшары анклавта қалып қойды. Осыншама жерді Өзбекстанға беру жайлы мемлекетаралық құзырлы құжаттар бар ма? Бұл да тексеруді қажет етеді! Өзбек жағы шекараны мысықтабандап күніге бір метр болса да қазақ жеріне жылжытып қоюға құштар. Бұны Сарыағаш, Жетісай аудандарындағы кез келген ауыл азаматтары айтып жүр. Аудандағы, ауылдағы көкейін ақша тескен басшысымақтар оны көрмегенсиді. Делимитация кезінде жасалған карта мен бүгінгі нақты шекара салыстырылуы тиіс, сонда жоғарыдағы хатта жазылғандай талай былықтың беті ашылады. Бұндай аса өткір мәселелер мемлекетаралық келісімге сәйкес, екі-ұшты етілмей, түбегейлі, біржолата шешілмесе күндердің күнінде өзбектермен айқасуымызға тура келеді! Шекарада 30 шақты қазақ азаматын бейбіт заманда атып өлтірген өзбектер біздің елді әдейі арандатып, соғысқа итермелеуде деп қорытынды жасауға мәжбүрміз. Рас, соңғы кезде бұл арандатушылық біршама тыйылды. Қазақтың бір көтерілмейтінін, бір көтерілсе ерегіскен дұшпанын жоңғарлар секілді жер бетінен жойып жібермей тоқтамайтынын Өзбекстан басшылары түсінсе керек. Бірақ, Ашық хатта көрсетілгендей реті келген жерде қазаққа тиісіп, оны қорлап қалу үдемесе тоқтатылған жоқ. Басқаны былай қойғанда, өзбек жағы күніге екі рет берілетін мемлекеттік гимнде өзбек боксшысының Мұхтархан Ділдәбековті қалай сабалап жатқанын қаншама жыл көрсетіп жүріп, көптеген шағымнан соң зорға алып тастады. Ағайын, бауыр адамның тірлігі осындай бола ма?

Шенеуніктер сатылды екен деп, қазақ халқы жерін беріп қойып қарап отырмайды. Қазақ үшін жерден қасиетті ешнәрсе жоқ! Басшылардың осыны ұғынатын кезі жетті.