ЮНЕСКО-дан келген үшбу хат
2020 ж. 17 сәуір
1553
0
Ел жұртшылығының ыстық ықыласын туғызып, қызу қолдау тапқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде қоғамдық өміріміздің түрлі салаларында жемісті жүзеге асырылып жатыр. Бұл орайда әлеумет тірлігіндегі үдерістерді ой елегінен өткізіп, безбенге тартып отыратын жоғары оқу оқу орындарының ұстаздары-ғалымдар мен зерттеушілер халықтың рухани құндылықтары мәселелеріне бас назар аударып келеді. Елдің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі мен демократиялық дамуы қоғамның демографиялық белгілерге қарамай бірлігін сақтаған кезінде ғана мүмкін болады. Бұл міндеттің үдесіне жету үшін бізде барлық қажетті экономикалық, әлеуметтік және саяси ресурстар бар. Осынау тізбеге сондай-ақ қоғамымыздағы оң өзгерістерге жедел үн қатып отыратын халықаралық ұйымдардың әлеуетін де қосуымызға болады.
Мәдениет саласындағы ғаламдық үдерістерді ой елегінен өткізіп, адамзат өркениетінің сан ғасырлық құндылықтарының қадір-қасиетіне әлем жұртшылығының назарын аударып отыратын ЮНЕСКО ұйымының түрлі елдерді қамтитын аймақтық құрылымдары бар. Олар бүгінде жергілікті ғылым, өнер, мәдениет қайраткерлерімен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеп, ұлттық өркендеуге өзіндік үлестерін қосуда. Сондай-ақ ұйым өз мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес маман кадрлар даярлауды да қолға алған. Бұл орайда әлем елдерінде ашылған ЮНЕСКО кафедралары жемісті жұмыс істеуде. Сондай білім ошақтарының бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы. Университет Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық топтармен өзара байланыс – ЮНАИ» бастамасының жаһандық Хабы болып табылады. Осыған орай кафедра көптеген халықаралық ұйымдармен, журналистерге және медиа-педагогтарға арналған тренинг жүргізетін орталықтармен белсенді байланыс жасап, кәсіби білім беру сапасын жақсарту, гендерлік теңдік, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ЮНЕСКО мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірқатар жобаларын табыспен орындап келеді. Бұл ретте жоғарыда тілге тиек етілген демографиялық белгі-гендерлік теңдік мәселесіне жеке тоқталғанымыз жөн. Осы гендерлік теңдік қағидаттары елімізде белсенді түрде жүзеге асырылуда. Кафедра ғалымдары Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының департаментімен бірлесе отырып, 2030 жылға дейінгі гендерлік тұрақты даму мақсаттарының көрсеткіштерін нақтылады. Орал және Қостанай қалаларында бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларындағы гендерлік теңдікті сақтау бойынша практикалық дәрістер жүргізді. Өткен жылғы қарашада ерлер мен әйелдерге қатысты қалыптасқан стереотиптен арылуға арналған «Медиа және тұрақты даму мақсаттары» атты семинар-тренингтердегі топтық жұмыс барысында журналистерге қоғамдық пікірді қалыптастыру жолдары жөнінде кафедра тарапынан ұсыныстар берілді.
Кафедра университеттің ЮНЕСКО-мен байланыстарын дамытудың халықаралық бағдарламасымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының әйелдерге арналған жобасымен бірлесе отырып, гендерлік тұрақтылықты қолдау саласындағы журналистердің, баспасөз қызметкерлерінің және көрермендер
мен оқырмандардың құзыреттілігін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттерді атқаруда. Бұл міндеттерге әйелдердің жұмыспен қамтылуы, көші-қон және гендерлік сезімталдық көрсеткіштер бойынша зерттеулер жүргізу кіреді. Мәселен, 2018 жылдың қазан айында «Гендерлік журналистика бойынша оқу бағдарламасын күшейту» атты семинар-тренинг жобасы іске асырылды, оның нәтижелері бойынша гендерлік ұстанымдарды ескере отырып, Қазақстанның жоғары оқу орындарында алты жоғары білім беру курсы енгізілді, гендерлік қырларды қолдану көптеген оқу курстарының мазмұнына енгізілді. Бұл жобалардың ажырамас бөлігіне ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының медиа-жаттықтырушыларының гендерлік білімді баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы тарату машықтарын қалыптастыру жөніндегі күш-жігері де енеді. Олардың бастамасымен 2018-2019 жылдары 50-ден астам журналистика мұғалімдері мен редакторлар оқытылды.
Кафедра еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары үшін жан-жақты білімді халықаралық журналист кадрларын даярлап келеді. Бүгінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрландырудың қарқынды дамуы халықаралық журналистерді оқытудағы көзқарасты түбегейлі өзгертуді талап етуде. Кафедра жуырда Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен өткізген «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері» атты төртінші Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осы көкейтесті тақырыпқа арналды. ЮНЕСКО Алматы Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккаттың, Кластерлік бюроның байланыс және ақпарат жөніндегі маманы Сергей Карповтың, проректор - Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры, профессор Рафис Абазовтың, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, профессор Назгүл Шыңғысованың сөздерінде халықаралық және аймақтық ұйымдардың қызметін халыққа таныстыратын журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының құқықтық нормаларын зерттейтін халықаралық журналистиканың түрлі қырлары талқыланды. Журналистік білім берудін әлемдік стандарттары: технологиялық үрдістер және тұрақты даму; медиамәдениет, гендер және мәдениеттер сұхбаты сияқты конференцияның маңызды бағыттары бойынша баяндамалар тыңдалды. Қазақстан үшін жаңа болып табылатын халықаралық журналистика мамандығы бойынша даярланатын болашақ халықаралық журналистер дипломатия негіздерін игеріп, өздері жұмыс істейтін елдің мәдениетін біліп, түсініп, елдер арасындағы қарым-қатынас тарихын ұғынуы керек екендігі атап өтілді. Осыған орай ҚазҰУ журналистика факультетінің «халықаралық журналистика» бағдарламасы заманауи әлемдік журналистика теориясы мен практикасына еркін игерген мамандарды даярлауға бет бұрғаны айтылды. Бағдарламаның оқу жоспары халықаралық журналистиканың өзекті мәселелерін: ақпараттық үдерістерді, сыртқы саяси насихатты, саяси талдау технологияларын, заманауи шетелдік радиохабарды және конвергенттік журналистиканы терең зерттеуді қамтиды. Бағдарлама қазіргі заманғы шетелдік БАҚ-тардың ұйымдастырушылық және экономикалық құрылымын, мазмұны мен үлгілерін
жүйелі түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Халықаралық ынтымақтастық тақырыбына, осы ақпараттық салада мамандандырылған басылымдар мен бағдарламалардың типологиясына, олардың аудиториясының сипаттамаларына, халықаралық ынтымақтастық проблемаларын қамтитын журналистің жұмыс әдістеріне, жанрлар мен әдістер ерекшелігіне ерекше назар аударылады. Шет тілі де зерттеледі - кәсіби цикл пәндерінің бір бөлігі ағылшын тілінде оқытылады.
Оқу ордасының журналистік білім берудің қазіргі заманғы технологияларын егізудегі ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Үстіміздегі жылғы 31 қаңтарда ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Ұлттық комиссиясының мәжілісінде Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық Комиссияның Төрайымы Ақтоты Райымқұлова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының қызметін жоғары бағалады. Министр «ЮНЕСКО-ның коммуникация және ақпарат саласындағы жұмысында қарулы қақтығыс аймақтарында журналистерді қорғауға, «жалған жаңалықтарға» қарсы тұруға, БАҚ-ты қарқынды дамытуға, кәсіби білім сапасын арттыруға және осы саладағы этикалық мінез-құлыққа қатысты ұсыныстар әзірлеуге ерекше көңіл бөлінетініне» тоқталып, бұл ретте кафедра ғалымдары мен зерттеушілері жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өткен болатын.
Жуырда аса беделді халықаралық ұйым-ЮНЕСКО-дан кафедра ұжымына ақжолтай хабар келді. Үшбу хат турасында еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев қол қойған құжатта «ЮНЕСКО Хатшылығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1996 жылдан бері аталған мәртебеде қызмет атқарып журген Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа саласындағы ЮНЕСКО кафедрасының мәртебесі жайындағы келісімнің жарамдығын 2022 жылғы 5 мамырға дейін ұзартқаны туралы ақпаратты жолдайды» делінген. Ғылым мен білім саласындағы мұндай мәртебенің ЮНЕСКО тарапынан мақұлдануы еліміздің журналистік жоғары білім ошағына халықаралық ұйым тарапынан берілген лайықты баға болып табылады.
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры