Мырзашөл марқасқалары

402

1.             ел анасы

Қошуақтың қызы – алды кең, жүрегі жарық Адам еді. Жұмагүлдің аты екі естелікті бірден оятады. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Төрекелді Байтасов досым жұмыс істемегенде менің Ж. Сәуірбаева туралы «Өмір гүлі» атты өлең очеркім жарық көрмеген болар еді... Жан біткенге жақсылық жасауға даяр тұратын екі адам да қазір арамызда жоқ.

Сынаптай сырғып алға жылжыған өмір көші жеткізер емес. Күні кеше ғана ақкөңіл адал пейілімен, аналық ізгі мейірімімен әрқайсымыздың көңілімізді тауып, отбасын құт-берекеге, айнала ағайын, дос-жаранын шаттығы мол жан шуағына бөлеп жүрген ардақты асыл ана Оңтүстік Қазақстан облысының және Мақтарал ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Жұмагүл Қошуаққызы Сәуірбаева шынында да, «Егемен Қазақстан» газеті жазғандай елдің анасы еді.

 

Жақындай қалсаң шуағы-нұры жаныңды баурайтын адамдар болады. Жұмагүл – сондай асыл адам еді.

«Ауыр дерт жанына батса да қиналғанын білдірмей, қамсыз-мұңсыз, тату-тәтті отбасы өміріне салмақ түсіргісі келмеді. Мынау жалған дүниенің алдамшы екенін еске салып бір күнде ойда-жоқта сағымға оранып, сағынышқа айналып кете барды. Содан бергі Анасыз өткен айларда мейірімге толы нұрлы дидарын сағындық» дейді перзенттері.

Біз де Жұмагүлді сағындық. Оның өмірі – жай ғана сағымға оранып, сағынышқа айналып кете салған жоқ. Мәуелі бәйтеректей жапырағын жайып, жан-жағына жарығын түсіріп, кейінгіге үлгі-өнеге болатын ғажайып, әрине, ауырлау да, ғұмыр сүріп өтті...

Әуелі, оқырманға түсінікті болу үшін, өмір деректерін келтірежақпыз.

Жұмагүл Мырзашөлдің киелі топырағында туып, өсіп, туған жерінде тынбай еңбек етті. Қарапайым қазақ қызынан Социалистік Еңбек Еріне айналды. Елінің құрметіне бөленіп, абырой-атағы асқақтады. Мырзашөл өңіріндегі ең алғашқы механизатор қыздардың бірі ғана емес, жарық жұлдызы, көшбасшысы болды. 1969 жылдан – 1997 жылға дейін туып, өскен «Жетісай» кеңшарында механикаландырылған кешенді мақта бригадасының жетекшісі болды. Осы кезеңде мақтадан жоғары өнім алып, Еңбек Ері атанды. Мол тәжірибе ҚСРО-ға таратылды. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерін омырауына қадады. 1974 жылы Паша Ангелина атындағы жүлдені иеленді. 1979 жылы шақырылған Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесіне, 1986 жылы шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Егемен, тәуелсіз еліміздің ең жоғары наградасының бірі «Отан» орденімен де марапатталды. Кешегі Кеңес заманында Мемлекет және қоғам қайраткері Д. А. Қонаевпен дәмдес болып, сұқбаттасып, өз қолынан награда алып, ақ батасына бөленді. Елу жыл ел басқарған ардагер Аға Жұмагүлдің дала қосында болып, бейнетпен өскен мақтасын мақтап «қызым» деп арқасынан қаққан еді.

Жаңа заманның озғын қадамына ілескен ол Елбасымыз Н. Ә.Назарбаевпен де бірнеше рет дидарласып, емен-жарқын әңгімелесіп, елдің жағдайын талай рет қозғады. Бірақ, ешқашан да өз еңбегін бұлдап көрген емес. «Азды-көпті еңбегім ел игілігіне жарай жатса, содан асқан бақыт жоқ мен үшін» дейтін.

Мақтаралдың қай әкімі де қадірі артық, қасиетін сезіндіре білетін Диқан Мақтагермен кеңесіп, ақылдасып, сырласып тірлік істейтін. Қай-қай игі шараның басы-қасында Ардагер Ана жалаулатып жүретін һәм төрде отыратын.

Барша ұл-қыздары, немерелері – барлық ұрпағы жас жерлестері сол кісінің өнегесімен өмір сүріп, Ана атына кір келтірмейтін, бір-бір отбасының ұстындарына айналды. Ұстазы жақсының ұстамы, жақсы. Түптен бермесе түрткенмен бермейді ғой.

 

***

 

Етбауыр ұрпақтары түгіл, бейтанысқа дейін мейірлі өнегесі көп жанмен алғашқы, кейінгі кездесулер еске түседі. Мен «Қайнар» баспасында жұмыс істеп, Еңбек Ерінің «Жетісайдың мақтасы» атты кітабын шығарушы редактор болдым. Ал, бірақ, сыйластығымыз одан бұрын басталып еді. Ол кезде астана – Алматы. Мейманхана да қала аттас. «Дәулер» жататын орын еді. «Есік» мейрамханасы (ресторанның қазақшасы) Жұмагүл келгенде өз ұямыздай, құдамыздың үйіндей боп кетуші еді. Қалаға жұмыспен келіп, ерулесе болды, бөлмесіне барып, бет көрісіп, сәлем беру – оңтүстіктің жазылмаған заңы. «Жетісай» кеңшарының директоры Өстемір Бектөреев, ол үйдегі арғымақтай жеңешем бәріміз аталмыш кітаптың шығуын тойладық. Туған елдің жақсылығын, Мырзашөлдің мұңы мен сырын ақтарыла айтыстық. Өстемір ағамыздың үлкен қазынасы – қыздары. Арттарынан ұл ерсін деп тост-қадақ көтердік. Мені «Қайнардың» директоры Хайдолла аға Тілемісовтей көтермелеп жіберген болу керек, мақтаудан мақтамен бауыздалып бола бере мен:

-      Ақынның айтқаны дәл келеді. Құдай қаласа, осы арғымақ жеңешем, осыдан барған соң Алпамыстай ұл туады, - деп жіберіппін.

- Атын өзің қоясың ғой, - деді Өстемір көкем сыпайы ғана.

-      Айтқаның келсін! Тура ат мінгізем, - деді Жұмагүл бетімнен сүйіп.

Айдалада бәнейі қонақ боп кездескен шопанға бала тілеп, айтқаны айдай келген Манап Көкеновтей «Қыдыр Ата» болмасақ та – түкірігім түйме алтын, қақырығым құйма алтын болып шыға келдім. Жеңешем шынымен ұл туды. Ұмытпасам, есімі Қуаныш болса керек... Сондағы Жұмагүлдің қуанғанын көрсеңіз, ауылға айлар, жылдар салып барғанда ардақтағанын көрсеңіз. Не деген кең жүрек! Қазір Парламент терезесінен, (телеайнадан дегенім ғой) депутат Өстемір көкемді көріп қалған сайын есіме баладай мені данадай сыйлаған жақсы адамдар, ғажайып күндер есіме түседі. Өстемір Бектөреев те басқа жұмысы аздай, кеңшардың малы мен мақтасынан бөлек, менің кітабымды сатқызып жүретін әдебиет құмар қамқорым еді. Сосын... Жұмагүлдің перзенттері айтқандай, жалған дүние сағымданып кетеді екен ғой...

***

 

1979  жылдар шамасы. Күзгі салым. Редак­циядамын. Аудандық «Жетісай» газетінің бас редакторы сәнқой көкем Уәлихан Мұсабеков:

-Ойбай! – деді. Сәндеп бұратын Сәкен мойыны да тез бұрылды. Неге ойбай?

- Екі рет Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Бреж­невтің табақтасы, Өзбекстанның мақ­ташысы Тұрсынай Ахунова келеді екен!

Иә, Ташкент облысы мен Шымкент облысының жолдастық тәжірибе алмасу бойынша өзара тексеру комиссиясы өстіп мақта пісерде, шілде суы біткенде, бір-біріне барыс-келетін қылатын әдеті бар еді.

- Маған не дейсіз, көке?

- Ауданның бірінші хатшысы Малдыбеков Сыпекең Жұмагүл Сәуірбаеваның дала қосында қарсы алып, жақсы шыққан мақталығын көрсетеміз, сол жерде шәй береміз. Көркемөнерпаздар қазақша киініп концерт қояды, - деп жатыр.

- Соны жазамыз ба?

- Жоқ, оны өзім жазамын. Сен Тұрсынай Ахуновдай даңқы әндер жарған адамға өлең жазып арнау оқисың! – деді. Кідіріп қалдым. Ғажайып Жұмагүлге, өз жұлдызымызға өлең арнамай жүріп, оным қалай болады!

- Атақты Тұрсынай қыз Ахунова,

Қазақтың өлең болмақ ақынына.

Қазақтың ақынына не көрінді,

Өлең арнап өзбектің қатынына! – деп экспромдатып ем, көкем аларып:

- Көп сөйлемей жазып келсейші! – деді. Өзбектің Фархат пен Шырын ертегісінде сұлу қыздың талабымен диқан жігіт кетпенмен қазып шөлге су шығарады. Шөлстанды гүлстан етеді. Осы мазмұнда Тұрсынайға Фархат ерлігін жақындастырып, мұндай дәрежеге жеткізген қызылдар Елі мен Ленинге рахмет айтып отырып, «масқара» өлеңді оқып, дала қосында ішкен жегенімізді ақтап шықтым. Масқара деп отырғаным, «трактордың рөлін ұршықша үйірген Ес-Ес-Ес-Ерге мәлім Паша Ангелинадай Тұрсынай апамыз Людмила Зыкинадай екеу келетін болып шықты. Нарттанып-парттанып алған екен. Көліктен әзер түсіп, саябандағы тапшанда ырсылдап тер басып, көк шәй іше-еп отырды. Оған да, өлең арнап оқыған өзіме де жаным ашып, жылағым келді. Оң жақта отырған қыздай орғып-қарғып, «көгілдір кемеден» комбинезоны жарасып түсіп, мініп, жүйекке жүлгелей салып, комбайнын жүргізіп, қайта тоқтатып жатқан Жұмагүл әпшеме қызыға қарап тұрдым. Қасында Республика комсомол сыйлығының лауреаты Қаламқас Барболова бастаған, өңшең сұлулар, комсомол жастар бригадасы мүшелері, шырқ үйіріліп, «Гүлдердің» бишілеріндей болып жүр. Құдды, өмірдің гүлдері! Құдды, Ана-Қаз Жұмагүлдің артынан ерген балапандары! Жұмыс істеу ме, нәйеті, жапырып жібергелі тұрған жастар... Кейін,үйге келе сала «Өмір гүлі» деген дастан жаздым.

Жұмагүл, Жұмагүлдей балаусындар,

Өмірге өнегелі арайсыңдар.

Шөл даланы гүлістан еткен өңшең,

О, өңірдің гүлдері, жарайсыңдар.

О, өңірдің күндері, жарайсыңдар.

Өлкеге өнеге боп тарайсыңдар, - дегендей өлеңмен жазылған дастан-очерк сексенінші жылдардың асқақ пафосымен «Оңтүстік Қазақ­станда» курстасым Төрекелді Серікбайұлының арқасында жарық көргенін жоғарыда айттым...

... Кейін шөлқуар тыңгер Төребек Әлімбетов басқаратын №1 бөлімшеге, яғни, Жұмагүл Сәуірбаеваның дала қосына дембіл-дембіл бара беретін болып қалдым ғой. Оған енді Барболдың сұлу қызы Қаламқас кінәлі. Бұл енді жазылмай қалған ерекше дастан еді. Мырзашөлдің мың хикаятының біреуі еді. Кейін, реті келгенде айтармыз. Бұрынғының бәрі жаман, бүгінгінің бәрі жақсы емес шығар...

 

 

   Мырзашөл марқасқалары

2.                                Шабандоз Жексенбай

Әлқисса, ғинуардың аяғында «Түркістан» газеті Арнасай бөгені аймағындағы мекендер тұрғындарының «Бар үмітіміз – екі ел Президенттерінде» деген жанайқайын жариялады. Авторы - Көлбай Адырбекұлы. Қазақ-өзбек шекарасындағы мәселеге байланысты Шардара су қоймасына жақын орналасқан кілең қазақ тұратын шаруашылықтар картасы да газетте қоса берілген екен. Арнасай, Амангелді, Қостақыр және Көктас елді мекендерінде Өзбекстан шекарашылары өз бағандарын қойып үлгерді. Иендаладағы мал жайылымында елді малмен асырап отырған Қоғалы, Жексенбай, Құлшығаш, Жайлаукөл, Мақташы, Темір жол, Жібек жолы, Сұлтанқұдық елді-мекендеріне де алабажақ бағаналар қойылмақ.

Жайылымның аржағында балығы тайда тулап Айдаркөл қалды. Құданың құдыретімен ол жерден Аралдың тұзындай тұзды көсіп ала бересің. Тиекті (бұрынғы Ильич, қазіргі Ерімбетов кеңшары) ауылына да жол жабық. Сүйегін сүйреткен мақтаралдық қариялар - Қадыр Қаппарұлы көкеміз бас болып, Орынхан, Оразхан жәкелер қостап, тайлы-тұяғымыз қалмай жүріп салған Оразкелді Ата мешітіне де кіре алмай жүр. «Шетелде қалды».

Жә, менің айтпағым бұл емес еді. Жоғарыда аталған картада көрсетілген Құлшығаш ауылы - менің анамның ауылы, мешіт менің атамның мешіті, ал Жексенбай менің нағашым болған соң, сүйексіз тілді қинап, қолға қалам алған жай бар.

 

 

Шабандоз Жексенбаймен таныстыру

 

Менің қазы жегіш әкем Мамыт тоқсан алты жасында «қыршын» кетіп, тоғыз бала, алды жетпісте, шулап«жетім» қалдық. «Жүзге жетпедім» деп жүз жастағы  бір шалдың үйіне барғыштап, кішілікпен атын ерттеп беріп жүріп, өтті дүниеден...

Жексенбай нағашым әкемді жезде деп жақсы көретін. Сыртқы көрінісі атан түйе мен жабағы тайды қатар қойғандай еді. Нағашым - «Өзбекі» шекараның арғы жағында қазір қалып кеткен Қоғалыда жылқышы. Атпаз, елге мәлім тапкер (бапкер), шабандоз, көкпардың «крутой» көлікке айырбасталмас аттарын ұстайды. Алалы жылқы, ақтылы қойды мыңдап айдап, Қызылдың құмында, Мырзаның шөлінде құдық қуалап жүреді. Сатпақ сиырды санамай-ақ Арнасайдың қа­мысының арасына бос жіберіп, бұқалаштар бұқа болғанда, қашарлар сиыр болғанда Жетісайдың базарына КамАЗбен әкеп сатады. Жексенбай және жылқыдан басқаны мал демейді. Барсам, «жиен, кеп қалдың ба?» дейді. «Кеп қалдым, жездең арықтап бара жатыр, мың қойыңнан соятын бір қой бер» деймін. «Ақсағымен мың десей» деп күлімсіреп, семіз қойды мәшинеге салдыратын. Ол да бір дәурен екен, дә!

«Ойпырмай, қырғыздың жылқысы құмда шаба алмайды екен. Тауда туған құлынның екі көзі таста болады екен» деп қырғыз, өзбек, тәжіктен айғыр, бие әкеліп, қазақы жылқымен шағылыстырып жүретін. Көкпар қуалап, үш-төрт республиканы аралап, айлап кетіп оралғанда бірден қораға беттейтін. «Біздің амандығымызды сұрамайсың ба?» дейді он екі балалы жеңешем. «Сендер үйдесіңдер ғой, ат ауырып қалған жоқ па?» деп, аттың қарнын қасып, жалын, басын сипап, көзін дәсорамалмен сүртіп, ұмасын қауақпен түртіп сидіріп, тыштырып, алдындағы жем-шөбін туралап үйге кіретін... (Айтпақшы, үлкен жеңешемнің үйіндегі он екі баланың біреуі Тағабай Оңтүстік Қазақстан облыстық көкпар құрама командасының белді мүшесі, теледидардан түспейтін бопты, бәтшағар).

 

Екінші әйел алғаны

 

Елу бесінде Жексенбай нағашым екінші әйелін - тоқалын алатын болды. Түркістанның Божбанының 25-тен енді асқан былқыл да сылқыл бойжеткені екен. «Жеңгетайымыз» - қазақ боп кеткен Әлік - Адольф Иванович Диринг Жексенбайдың жақын досы. А.Диринг Оңтүстікті шулатқан Орлик қасқаның егесі, Жетісайдың мал базарының делдалы. Ол кезде делдал – әкімнен күшті. Қойшы, сол таудың қия жақпарында тұрған арқардай бөлекше, бойшаң болашақ жеңгеміздің жеңгелерін, анасын көндіріп, Әлекең «жас күйеумен» таныстырып, қол ұстатыпты-мыс. Алдында кермарал керіліп отырғанда тамсанған нағашым, жасын сұрағанда «елудемін» деп бес жасын жасырыпты-мыс.

«Шешесі де, өзі де бәрібір көніп еді ғой, оның несін жасырдың» депті Әлік. «Әуелім, Жетісайға апарып алайық та» депті Жақаң. Әлқисса, сол кермарал асау аттың талайын тақымынан өткізген Жақаңның палуан денесіне қарап отырып, мойнына түскелі тұрған бұғалықтан құтыла алмасын білді ме, әлде өзі мойынсұнды ма, о жағы бізге жұмбақ: «Жақа, бәйбішеңіз бар екен, менімен де ЗАГС-ке тіркеліңіз» деп талап қойыпты. Құжатты онша түсіне бермейтін Жексенбай білгір неміс Әлікке қараса, жас құдағи, құдашалармен мақалдатып отырған ол «тіркейміз, неше печать керек?» депті. Қоғалының қамысының ішіндегі малына сенді ме, қайдам?!

Мырзашөлде Дәуіт деген алаңғасар қазақ келініне «даладағы жаюля тұрған дамбалыңды көріп есіме түсіп кетті, келін, бала-шаға қанша болды?» деген екен. Сол сияқты ЗАГС дегесін есіме түсіп кетті: Жексенбай әкесі Жұрымбайдан жалғыз тұяқ. Жексенбай он беске келгенде, жалғыз ұлды тезірек үйлендіргісі келіп жүрген Жұрымбай қария: «Пәдеріңе нәлет, мектебің бітпей кетті ғой» деген екен. Қойшы, сол кәрі нағашы мектепті бітірер-бітірместе баласына әйел әперіп тынды. Абайға жасы үлкен Ділдәні әперген Құнанбайдай... Жексенбай жаман болған жоқ, мыңғырған малдың егелері қазір баршылық.

***

 

Екінші жеңешеме үйленіп, Жексенбай Жетісайдан үй алды. Құжатшылап, Асықата аудандық АХАЖ бөліміне Жексенбайдың «вилісімен» Әлік бастап, барғымыз келмей барылдық. Сөйтсек екінші әйел алғысы келген адамға совет заңы кесір екен. Баласы жоқ Ленин «бір әйел» деп декрет шығарып кеткен дейді. Сонда көрдім: «үкімет жұмыстан ап тастаса да, Жақаңдай адам үшін қанша мөр керек болса сонша мөр басып берем» деген АХАЖ бастығын.Сол «қайынбикесіне» Әлік өлгенше ырза боп кетті.

Қазақтың өмірге тура келмейтін заңдарды адамгершілікке келтіру үшін көкірекпен басатын, белден шалатын асыл қасиетін көрген «есепшіл» неміс Әлік қазақ болып жүргеніне қатты қуанды. Кейін ғой, кейін... Германия бейне жаудың қол астында қалғандай «қазақы» неміске дейін тұра ұмтылғандары. Әлікті миллионердің қызына үйленген ұлы Андрей алып кеткен. Соңыра неміске сыймай, қайта көшіп келді. Бір күні Жетісайдың базарына барған Әлекең түңіліп қайтыпты. «Делдал деген жоқ, «нахал» деген пайда бопты. Жылқыларды Камаздан түсірмей «оптом» сатып алып, долларын санап беріп, Түркістанда, Шымкентте, Алматыда, Ташкентте патырлатып сойып, кәуапханаға өткізіп жатыр екен. Енді базарға мал әкелмей-ақ, Қоғалыда қорадан арта беретін бопты» деп еді. Жетісайда, қалың қазақтың ортасында қайтыс болды. Ұлы Андрей үйленгенде «атам қазақ малды тойда шашу үшін жинайтын еді ғой!» деп көкпар шаптырып той жасаған Адольф қазақ – осы. Сол баласы ақша жіберіп, Жексенбайдың үйінде құдайы асы берілді.

Қайсы бірін айтасыз, денсаулығы мықтай, жастықтың соңы, кәріліктің алды деп көкпар тартып, кейде түйесалым салып елді таңдандырып жүрген, Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдабековтей саңлақтар ауыл баласының бата көкпарында «шабандоз Жексенбайдай болсам» деп үлгі тұтқан нағашым темір көлік апатынан опат болды. Артында он тоғыз перзенті қалды. «Бірдің түбі – мың» деген, Жұрымбай қарияның батасы шынымен-ақ қабыл болған екен.

***

 

Жексенбай көзінің тірі­сінде-ақ бұрын­ғының бай­батшаларындай атымен ауыл аталып, картаға түскен еді. Рулы елді асыраған Қамбар батыр еді. Алпамсадай Алпамыс еді. Қыз Құртқа – екінші жеңгем Жетісайда түтінін түтетіп отыр.

Қазір екі әйел алушылық туралы көп жазылып, көп айтылып жүр. Бірақ, нақты осындай отбасын жазған мақала, не көрсеткен телехабар көрмедік. Ал Жексенбай Жұрымбаев екі әйелмен өмір сүріп өткен адам. Жазуға өздері рұқсат берген соң, тарата баяндайын.

Жексенбай Қоғалы кеңшарында талай жыл маңдайынан жел қаққан, жотасынан тер аққан, мүйіз алақан, сірі саусақ жылқышы болған, қатар жатқан өзбек, қазақ, тәжік, қырғызға мәлім атақты шабандоз, атбегі, жылқы малының бойындағы қасиеттің саналуанын жазбай танитын сынгер екенін Мырзашөлдегі елдің бәрі біледі. Кезінде Сәуірбек Бақбергенов пен Асқар Сүлейменов ол туралы аз-кем жазған. Қызылдың құмының қызуын сезініп, Мырзаның шөлінің шүйгінін кешкен, керала жазық, кең далада көсіле көкпар тартқанның бірегейі осы Жексенбай.   Жасын «бес кем алпыс» десең, «жоқ, елуден жаңа асты» деп нақсүйерлері айтып жүргенде мезгілсіз кетіп қалды.  Енді үш аяқ, қақпан бел қарт емес, ат жалын тартқан жас емес, жігіт ағасы, қазіргі қайнап шығып жүрген оңтүстік шабандоздары ұстаз санаған сол адамның атындағы ауыл шекара саудасына түсіп жатыр.

Әкесі Жұрымбай қарт малшы болып өтті. Малға араласып жүргендіктен перзенттері оқуға емес атқа құмар болды. Құдайдың бергені еді - он бала көрді, бәрін де тәңірім өзі көп санады ма, ұлдан да, қыздан да жеке болып Жексенбай ғана аман қалды. Анасы Қауыншы Алғи Ақтай дегеннің қызы Нәсіпше, нағашы жұрт Қызылқұм, Шардара өңірін ендеп жайлаған атақты Алғи елі еді. Анасының көз жасы ма, жаратқанның иігені ме – бұл тірі қалды. «Отыз ұлға татитын жалғыз ұлды беріпті» дейтін Сүлеймендей су ішерлігі бар екен, атақты болды, ата ұлы, ағайынның баласы ғана болып қалмады. Оңтүстік қазақтарының мақтанышына айналды. Енді есімін Жетісайдағы бір көшеге берсе арзиды.

-Біз шауып жүргенде көкпарды өкімет бағаламағвн, - дейтін Жексенбай, - халық қана бағалаған. Қазір, құдайға шүкір, той көп, қазақшылықты мойындаған өкімет оң көзбен қарап, жылы қабақ танытып отыр. Бұрын көкпарды додаға араласқан адамдар ғана ардақтаған соң, қалың қазақ халқы арасында ел аузында ғана аталып, өкіметтің спорттық жарысына қатыспадық. Ілгеріде газетте Германияға барып, қой союдан жарысқа қатысып, жеңіп шыққан қазақ жігіті туралы оқып ем. Біз де, Әмерика ма, Керман ба, дүниенің қай түкпіріне апарса да, серкені сирақтан «ап!» бір ұстауға мүмкіндік бергенде, қазағымның қасиетін танытуға жарар ек. Заманымыз басқа болды-ау деп өкінемін...

«Адам жылқы мінезді» дегендей, сұхбаткер бола білсең, Жексенбай шертер сыр көп еді. Жексенбайдың Жаратқанға өкпесі жоқ, Өзипа бәйбішесінен 12 перзент көрді, 9 жер басып жүр. Балалары қарсы сөйлемеді. Шариатты сыйлаған әйелінің екеуі де бетінен алмайтын. Тістейтін жылқы тісін көрсетпес. Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деп, кейбір отбасылардың  шаң-шұңына ұқсастыруға келмейді. Аттың сыры иесіне мәлім ғой, асын ішіп, аяғын босатқан соң, көзбен көргенді айтамыз. Бәйбіше де Қауыншы Алғи қызы. Жексенбайдың анасы Несіпше:

-      Менің өзімнің туған төркінім жоқ. Сүйек жаңғыртып құда болайық – деп біреудің жалғызы болған соң, Жексенбайға өз төркінінен қыз әперіп, он бесінде үйлендірген.

Енді отбасы кішігірім базардай жарасымды. Әрине, бәйбішенің ақылдылығы, сабырлығы, кіші әйелдің инабаттылығы, тәрбиелілігі қосылып, перзенттер әке алдын кесе өтпейтін, әйелдер бірін-бірі сыйлайтын, құрметтейтін болып өсті. Қай мәселені де ақылдасып, кеңесіп шешті. Ұлдар үйленген, немерелер де бар. Ынтымақты ырысы мол отбасының араласып, сыйласуы жұрт қызығатындай. Екі шаңырақ та берекелі, тұрмысты, ауқатты...

Құрық тимес құлын жоқ. Бидайдың баратын жері - диірмен. Екінші әйелі Шолпан Жексенбайдан жиырма төрт жас кіші. Аллажар атты қызын, Ерасыл есімді ұлын, тағы басқа балаларын сүйіп отыр. Руы - Божбан. Шолпанның атасы оқымысты адам болған. Сұлтанбек Қожановтармен араласқан.            Тәшкенде ауылшаруашылық үнстетін алғашқы болып бітірген адам екен. Ыдырыс та, атасы Құтымбай да бай болған. Нұқыл бәйгеге оздырып, ат шаптырған, Отарбай деген шал бала күнінде бәйге атқа көп мінген екен, аузының суы құрып айтатыны он екі жасындағы сол Құтымбайдың атының бәйгеге шапқанын көргені. Шолпанның ағасы Нышан «Созақтан шыққан «Гамлет» фильмінде, тағы басқа көптеген киноларда  ойнаған актер еді.

«Атың жақсы болса – дүниедегі пырағың, әйелің жақсы болса – жанып тұрған шырағың» дегендей, Жексенбайдың екі әйел алушылыққа көзқарасы орнықты еді. Сөзі көкейге қонатын еді:

- Ынтымағың жараспаса бір үйді, жалғыз әйелді де берекесіз етесің. Ынтымақ болса, күш-қуат жетіп жатса, малың болса, үш, төрт әйелді де аздырмай, тоздырмай ұстауға, өмір сүруге, тұрмыс кешуге болады. Малым жетеді, күш-қуат бар, өкімет алып қояды деп қорқатын қызметім де, партбилетім де жоқ. Жағдайы келген жігіттердің алғаны дұрыс, бірақ, екі отбасына бірдей қарап, аралас-құралас өмір сүру қажет. Әйтпесе, балалар жат болып кетеді. Көкпарды қоя бере бастаған жаңа «көкпарымның» түрі осы, - деп күлген еді бір сұхбат кезімізде ол.

Көп азамат жігіттің түбіне жетіп жүрген «көкпар» - арақ қой. Жексенбай онда салымды аз салғанмен, баладан олжасы қомақты –  бір қауым ел перзентері артында қалды. Ауыл боп отыр. Құдайдан үміті мол Шолпан да:

- Мен тауар өндірушімін. Жігіт қой біздің Жақаң, - деп нарық заманының тілімен сөйлеп, еркелей жымиған еді.

- Ерке әйелдің балдары да ерке бола ма қайдам, он екісіне шаршамаған сені, мына екеуі-ақ діңкелетеді, - деп балдарын басынан сипайды «жігіті». Қырман күректей алақанымен, баланың білегіндей саусақтарымен абайлап, аялай еркелетеді. Алпыста көрсең де, жетпісте көрсең де, саусақайы салбыраған, шүметейі шүмтиген, тәмпіш мұрыны пысылдаған апыл-тапыл әрекет иесі сәбиден артық кім бар? Бала –балдай, қыз - армандай деген осы!

Жетісай – қалашық. Сайын даланың сайыпқыраны Жексенбай кәдімгі Әмериканың аспан үйлерінің арасында отырғандай өкпесі қысылатынын айтатын. Артынан ерген балдарының артынып-тартынып кір-кір көшелі шаһарды тастап, бір-бір атқа мініп,ертең-ақ кең далаға кетіп қалатынына өзің қазірден-ақ сенесің. Сенесің де күлесің. Себебі, Шолпаннан туған балдар да атқа құмар болып өсіп келеді. Күліп отырып, ой түйесің. Тас үйге қамалған қазақ отты су-араққа үйренген үндістей қазақылығын жоғалтады екен. Қонақ келсе қорқатын қазақ далада жоқ, қалада ғана.

***

 

Оңаша ой түйінінде не дейін? Ауылдың әредік сипаттарын айта келіп, қымбатшылық қыспағында қалған қазақ қайтсе қазақ болады деген сауалға жауап іздей келе, мынадай пікірге маңдай тіредім.

Қазақтың ежелгі кәсібі – мал бағу десек, дәсәуелгіде «ақша жоқ» дей беретін өкінішті азайту керек. Ол үшін ҚАЗАҚ ЖАСЫ мал баға алмай жүріп, арақ ішкенін тыюы, орынсыз аңқаулықты қоюы қажет. Малды басы бүтін бағуға көнген екенсің, бұрынғы малсақ қариялардай НАРЫҚ ЗАМАНЫНЫҢ икемдісі бол. Қажет болса құм ішінен су шығар. Әйтпесе, мал бағу қолыңнан келмесе, немістің Әлігіндей қазаққа сіңіп кет, немістің балаларындай – ауылдағы АСА ДІЛГЕР мамандықты игер. Ол да қолыңнан келмесе, екі әйел алған Жексенбайдай бол, көкпар тартып ҚАРА КҮШІҢДІ САТ. Түстік өмірің болса, кештік мал жи. Бұрынғылар айтады екен: «алтын алма, бата ал, ол алтын емес пе?» - деп.

***

 

Ойлан қазақ! Жер тұтасы дегенім- ел тұтасы. Шекара бүтін болса, жайылым мол болса, кең өріс, жалпақ дала болса, бұл қазақтың өмірі көншімейтін көңіліне ештеңе керексіздей. Тіпті «Талғат Мұсабай Айға қоныпты!» десе, «е» деп алып, ат дорбаны арғымақтың аққу мойнына іліп, сулығына Шымқорған тауының андызын байлап тұрып, аспанға бір қарап насыбайын түкіріп тастап, бүгінгі тірлікті қоя салатын сияқты көрінеді. Қайдан білейін?! Өзім де қазақпын, қазағым деп сөз айтып отырмын ғой...

Сонымен, Қоғалы, Жексенбай, Құлшығаш ауылдың бер жағынан өзбектер алабаған орнатып, жол жабылды, жайылым тарылды, Жетісайға құмдағы малының өсімін сатып, шай-пұлын айыратын елдің қолы қысқарды. Аяғы тұсауланды. Көп балалы жеңешелердің өздері оралман, балалары қаңғырман болды. Өзбекті тоқтатпасаң, енді Асықатадан, одан соң Жетісайдан айырыласың. Айтпады деме! Қой демесең қойың кетеді, тарт демесең тайың кетеді. Ай-күннің аманында өзі отырған бұтаны өзі кескен қожанасырлықты істегенін Қазақстан шынымен түсінбей ме?! Жетісайдың екі жағында екі өзбек кедені бар. Бірі – Мырзашөл ауданының Гагарин қаласына барар жолда, екіншісі – осы Арнасай бөгені. Гагарин жақты ас өтетін өңеш десек, Арнасай жақ – көтенішек. Екі ортадағы қазақтар өзбектің бәлеқорлылығынан, қазақтың бейшаралығынан тамақ жей алмай, тышып-сие алмай отыр. Енді иісі шыға бастайтын шығар. Ол иіс ауаға, аспанға, Астанаға жайылады. Оны шарадағы судай жасанды Шардара шайқатылып кетсе де, шая алмайсың...

 

Мылтықбай Ерімбетов,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

Оқырманға бірер сөз

Қазақ халқының ежелден ен тағып, қастерлеп, қадір тұтып, артына мирас етіп келе жатқан түлігі қылқұйрықты өзіне дос, қанат санамаған ер-азамат қазақ арасында некен-саяқ десек, артық айтпағандық болар. Ат – ердің бесігі, батырдың серігі, жігіттің көлігі болған. Ата-бабаларымыз атам заманнан бері жылқыны жүрсе қанатына, ішсе сусынына, жесе азығына айналдырып келгені дүйім қазақ халқына аян. Міне, сол халқымыздың ежелгі қанаты, қызығын, ата-бабаның жақсы дәстүр-салтын одан әрі жалғастыра берген жөн, өйткені оның зор тәрбиелік маңызы бар.

Осы шаруаны қаламының желі бар жерлесіміз, жазушы Мылтықбай Мамытұлының жан-жақты жаза бастағанынан көп уақыттан бері хабардар едім. Менің өзімнің де атқұмарлығымның бірқатар себептері бар. Оны таратып, қысқаша айтып өтпес бұрын, мынадай түйіткілді қозғамаса тағы болмайды.

Көкпар – жалпы қазаққа тән ұлттық ойын болғанмен, әр өлкеде әр қилы ереже-тәртіппен өтеді. Біз көріп, оқып, естіп жүрген көкпар жарыстары біздің оңтүстіктің оңтұстығындағы аудандардың көкпарына ұқсамайды. Ал баспасөз осы уақытқа дейін Мырзашөл атырабының көкпары түгілі, басқа тарихын да, этнографиясын да тереңдеп жазбады. (Оған, әрине, Өзбекстан республикасына қатар жатқан аудандардың бірнеше рет өтуі де себеп болды.)

Мылтықбай ініміз ел тарихының үзінділерін «Аманат» кітабында, халықтың этнографиясын «Қоңырат шежіресі және оған қатысты әңгімелер» кітабында, тіл ерекшеліктерін «Балқаймақ», «Мырзашөл» өлең жинақтарында шама-шарқынша баяндап келеді. Бұл еңбектеріне рақмет. Қаламы ұштала берсін деген тілек қосамыз. Жерлесіміздің әр кітабын қуана оқимыз. Өйткені ол бәріміздің сүйікті жерімізді, елімізді жанашырлықпен жазып жүр. «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Тарих, шежіре жөнінен қателер де, кемшіліктер де, жетпей жатқан тұстар да болуы мүмкін. Бірақ бұрын мұндай кітап та жазылмаған еді ғой. Сондықтан барды базарлай білейік. Бір адам, қанша данышпан болса да, бәрін қамти алмайды. «Көп білемін деме, көптен артық білмейсің» деген ғой. Сондықтан ауылдағы үлкен-кішіміздің міндетіміз - авторды сынау емес, қайта үлкен жүк арқалаған азаматқа жәрдемдесу, ел аузындағы әңгімелерді жинауда оған көмектесу болмақ.

«Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, Мылтықбай Ерімбетовтің «Көкпаршылар» атты кітабына демеуші болуды өзіме абырой санап отырған жайым бар. Мен қазынам тасып бара жатқаннан емес, халыққа қажет кітап елге тезірек жетсін деген ниетпен қол ұшын беріп, қаламгердің қанатынан демеп отырмын. Ал кітап туралы пікірді көпшілік айта жатар.

Мен жазушы емеспін. Маман­дығым да басқа . Бірақ көре-көре көсем болып, сөйлей-сөйлей шешен болып келеміз. Бұл кітап­та басқа кісілер туралы айтылғанмен, есімін тірілтетін ел жақсылары әлі көп-ақ. Олар бірнеше кітапқа жүк болуға жарайтын еңбектері, сый – құрметі бар адамдар.

Менің Сәруар атам қырғын шабандоз болған. Келес бойында Қаңтарбай деген ірі қой совхозы бар еді, сонда жасап, ұзақ жылдар көкпар шапқан. Шіркін, бұрынғының адамының сүйегі асыл ғой. Аттан құлады ма, басқа жағдай болды ма, бір қолы сынған Сәруар атамыз, соның өзінде жүлдесін бермей кеткен намысқой, қайратты адам екен. Осы кісілердің де, оның жанында шапқан Жексенбайлардың да, мына кейінгі шауып жүрген балалардың да, бәрі-бәрінің есімдерін құрметпен сақтау керек. Себебі бұлар ел-жұртының адамдары, соның атын шығарып жүрген жандар!

Сайлаубайдан төрт ұл туады: үлкені – Сәруар, Мамыт, Асқар – егіз, одан кейінгісі - Әбдірахман.

Сәруар ата үлкен шабандоз болған дедік қой. Жылқыға жақын жүрген атамыздың қасында біз жүгіріп өскенбіз. Біздің ауыл – «Бірлік» қой совхозын (Келес ауданы) «арғы бет» дейді. Сол жақтың, мына Сыр бойының ең үлкен шабандозы сол кісі болған ғой. Ол кісінің қасында Нышанбек Қалшабеков, Асқар Сайлаубаев ақсақалдар, қатар шапқан Жексенбайлар, мынау қырғыз, тәжік, түрікмендер жағынан келіп шапқандар жыр етіп айтады ол кісіні... Көкжал деген аты бар еді, сол атпен жүлдені бермеген ғой. Жалпы тарихта қалатын үлкен ат Көкжал.

Өткен өмірдің көп іздері ескерусіз қалып кетті ғой. Ал егер мысалы, сол ксілер жөнінде үлкен деректер, мол мағлұматтар жинасақ, көп нәрсе жазуға болады. Енді үлкен кітап болмағанмен бірнеше тарау қызықты әңгімелер туар еді. Суреттері, тарихы, өмірбаяны, қай жерде жүргені, соғыс кезіндегі тіршілігі, тауқыметі, өмірде көргені-түйгені көп адам - өнегесі мол адам еді. Жеке басының қамын ойламаған. Бір елді, ауылды асыраған, соғыс кезінде кірекеш те болған, түйекеш те болған, егін де еккен – бір қауым елді ашаршылықтан алып шыққан. Елдің үлкені, ақсақалы болған. Оразкелді, Божбан, Құйысқансыз, Алғиларда көп ақсақалдар бар ғой, солардың бәрінің әңгімесінде айтылады атамыз туралы. Әсіресе, Әлішер, Сақ, Әмірхан ақсақалдардың айтары көп еді. Сонымен, Сайлаубайдың үлкен баласы Сәруар Сыр бойына белгілі, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанға белгілі шабандоз дедік. Ол кісі сексенінші жылдары қайтыс болды. Ол кісіні білетін шалдар әлі көпшілік. Ол үшін арғы бетке – Аманкелді колхозының қой фермасы болған Қорлыбай, Қаңтарбай дейтін Келес ауданындағы ауылдарға («Бірлік» қой совхозына) бару керек. Баяғы Сырды жағалап көшкенде Тұрлыбек датқа бастаған Көбек аталардың Асықата бойымен баратын жері ғой, Қаңтарбай, Қорлыбай ,Жағалы, Шағалы деген жерлер бар. Ол жерде бүгін отырғандардың көпшілігі – біздің Шорапал. Негізгі атамекеніміз – Ақтөбе, Байырқұм, Көккелкескен ғой... Жеті атаға байланысты таратып айтып, Байлар-Жандардан да ары кетіп, кітаптағыдай баяндай аламын. Әрбір жас өз ата-баба тарихын, шежіресін жатқа білуі шарт. Көнекөз шалдар осыны біздің құлағымызға құятын еді.

Менің әкем Мамыт білімді, оқыған кісі еді. Киров ауданындағы «Қазақстанның ХХХ жылдығы» совхозын құрған. Көп еңбегі сіңген, өзіндік өрнегімен тарихта қалған кісі. Менің туған елім де сол жер. Ал Асқар деген атамыз (ол кісінің үйіндегі Кәнтай апамыздың көзі тірі), Әбдірахман да біреудің ала жібін аттамаған адамдар.

Ойымды қорыта айтарым, ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы екенін, ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы болуы қажеттігін көп адам есейгенде сезінеді. Мен де солаймын. Құлыны тайдай, қыздары айдай көрінетін, жер қадірін, ел қадірін мойындап біліп жүрейік, жұртым дегім келеді. Әркімнің өз жері – ұжмақ. Бұдан артық жерді ешкім таппайды, өйтем десе, қателеседі. Бұрынғылар «атамекен – анаң екен, қысылғанда – панаң екен» деп бекер мақтамаған. Туған жер, өскен елінің даңқын аспандатқысы келген Мылтықбайдың да, әр азаматтың да қадамына гүл бітсін, сапары оң болсын!

 

Кенжебай Мамытов,

көп салалы өндірістік «Салтанат»

агрофирмасының төрағасы.

Мақтаарал ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы