Амандық Баталов: Міндетіміз - жұмыспен қамту мәселелерін шешу
2020 ж. 07 сәуір
1189
0
Алматы облысында салынып жатқан салынып жатқан 16 мектепке қосымша Жұмыспен қамту жол картасының арқасында 10,2 мың оқушыға арналған тағы 7 мектеп салынады. Сонда барлығы 23 мектеп бой көтермек. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» мәселе талқыланған Үкіметтің селекторлық отырысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.Бір жылда 23 мектептің құрылысын жүргізу Жетісу өңірі үшін аса маңызды. Себебі облыста 32 үшауысымды мектеп бар.
Амандық Баталов Мемлекет Басшысы атап өткен төтенше жағдай кезінде халықты, бизнесті қолдау шаралары облыстың да экономикасында оң серпінді сақтауға және жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәселен, өңірде биылғы жылдың бірінші тоқсанында күтілетін өнеркәсіп көлемі - 203 млрд.теңге немесе 102,1%, ауыл шаруашылығы – 80 млрд. теңге немесе 101,5%, құрылыс – 24,8 млрд. теңге немесе 101%, инвестициялар - 64,2 млрд. теңге.
Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, аймақта 156 мың адам жұмыспен қамтылған ірі (48) және орта (158) кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі және қызметкерлерді босату тіркелмеген.
Мемлекет Басшысының Жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасына 1 трлн. теңге бөлу туралы шешімі жұмыс орындарын құруға үлкен көмек береді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған жобалық-сметалық құжаттаманың арқасында облысқа 22,8 мың жұмыс орнын құра отырып, 977 жобаны іске асыруға 109,2 млрд. теңге бөлінді. Оның 58,9 млрд. теңгесі немесе 54%-ті әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын іске асыруға бағытталады.
Мектептер құрылысымен қатар, 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. 53 елді мекенде сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңарту мен жөндеу, 84 елді мекенде абаттандыру жүргізіліп, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөнделеді.
«Облыста бұрын да Жол картасы бойынша жұмыстар атқарылды, бірақ мұндай көлемде қаражат алғаш рет бөлініп отыр. Сондықтан, біздің міндетіміз -оларды уақытында және сапалы игеру, жұмыспен қамту мәселелерін шешу», - деді А. Баталов. Оның айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, жекеменшік инвестициялар есебінен 367,6 млрд. теңгеге 75 объекті іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде жалпы сомасы 142 млрд. теңгеге шетелдік «Alacem» (Сингапур), «Феникс Фид Милс» (БАӘ), «СТК Sokol» (Нидерланд), «Мистрал Энерджи» (ҚХР) компанияларының қатысуымен жүзеге асырылатындары да бар. Соның нәтижесінде, облыс бойынша қолдау шараларының арқасында жұмыстан шығарылған және жұмыссыз тұрғындар үшін 65 мың жұмыс орны құрылатын болады.
Облыс басшысы бір ең төменгі жалақы - 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдермен қамтуды кеңейту туралы шешім халықтың көптеген мәселелерін шешетінін де атап өтті. «Бұл біздің облыс үшін де өзекті, себебі бізде өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны - 265 мың, жұмыссыздар - 48 мың. Төлемдерді барлығы 300 мыңнан астам адам алады», - деді А. Баталов.
Селектор соңында облыс әкімі Премьер-Министр Асқар Маминнің өңірлерге берген тапсырмаларының аудан, қалаларда орындалуы, коронавристың таралуына жол бермеу үшін дезинфекциялау жұмыстарын сапалы жүргізуді, шектеулерді күшейту талаптарының қатаң қадағалануын тиісті облыстық сала басшыларына ерекше тапсырды.