Қысыр сиырлар хикаясы
2010 ж. 04 наурыз
1792
1
Біздің газетіміз өткен жылдың 3 наурыз күнгі санында «ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің назарына!» деген айдар аясында «Қазаққа асыл тұқымды мал қажет емес пе?» деген проблемалық мақала жариялаған еді. Оған 5-мамыр күні ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрінің атынан бір жарым бет жауап та келген болатын.
Бірақ, мақаланың негізгі көтерген жүгі Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі қараны қолдан ұрықтандыру жайы болғанымен облыстың әкімшілігінен селт еткен басшы табылған жоқ. Біздің басылым ең халқы көп облыстың басқа да өзекті мәселелері жөнінде бұдан кейін де бірнеше рет сөз етті. Әйтсе де БАҚ-қа деген басшылар көзқарасы өзгергенін байқамаған соң, газетіміздің Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңірлеріндегі арнаулы өкілі Жаңабек Әбішев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына жазылды. Енді алдымен сөзді өкілдің өзіне берейік.
«Кіргенде оны айтпаңыз, бұны айтпаңыз» деп аузымды жаба берген көмекшінің кесірінен, мен ішке тұтаныңқырап кірдім. Бірден әкімнің алдына газетті қойып, 5 ай бұрынғы мына нөмірдегі мына мақалаға жауап берген жоқсыздар деп бастай беріп едім, әкім «Қазаққа асыл тұқымды мал қажет емес пе?» деген тақырыпты оқыды да, «бұл сұраққа кез келген адам «әрине, қажет» деп жауап береді. Оның бірақ, бірнеше мәселесі бар ғой, мысалы жем-шөп мәселесі» деп сырғыта жөнелді. Әкімнің мақаланы оқымағаны, газет көтерген проблемадан бейхабар екені бірден байқалып қалды. Мен оның сөзін бөліп, «Асеке, кешірім өтінем, сәл сабыр етіңіз. Біріншіден, жем-шөп деген мәселені мүлдем айтпаңыз. Бұл мәселе бізде кеңес кезінде-ақ шешіліп қойған. Қазақ ССР Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтында, Болат Ахметұлы Жұбановтың басшылығындағы гидролиз лабораториясында қызмет істеген адаммын. Бұл лаборатория жем-шөп өндірісімен айналысқан болатын» дегеннен кейін әкім менің сөзіме зейін қойып тыңдай бастады. «Ауыл шарушылығына берілетін субсидия, мысалы малды, оның ішінде мүйізді ірі қараны қолдан ұрықтандыруды алайықшы, ол жекеменшік мал иелерінің қолына ақшалай түрінде емес, ұрық түрінде берілуі тиіс. Ал қазір облыстағы сиырдың 96 пайызы жекеменшіктің қолында. Бірақ, осы жекеменшіктегі малды қолдан ұрықтандыру мәселесі былтырдан бастап жергілікті биліктің қолына берілген. Берілгенімен біздің облыс бұл мәселені шешіп отырған жоқ. Газетіміз наурыз айында мәселе көтерген еді, Сіз оған жауап бере қойған жоқсыз. Біз бір рет ресми түрде есіңізге де салған едік, оған да жауап болмады. Сонда да болса адами факторды алдыңғы орынға қоятын оңтүстік қазағы емеспіз бе, «облыс әкімінің шаруасы басындағы шашынан көп қой, қолы тимей жатқан шығар, сынап жазуға шыдай тұрайық» деп, арнайы алдыңыздан өтуге келіп отырған жайымыз бар».
Осы кезде әкім басқа салалардың басшыларымен қатар арнайы қабылдауға қатысып отырған облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшыларына қарады. Олар «біз білеміз, білеміз» дегенімен, сөз саптастарынан олардың да газетті оқымағаны көрініп тұрды. Бұл сұрақ бойынша әңгіме әкімнің оларға «мәселені шешетін болыңыздар» деп тапсырма беруімен аяқталды.
Содан бері де жарты жылдан астам уақыт өтті ғой, тапсырма қалай орындалды, енді соны зерделеп көрейік. Алдымен Ж.Әбішевті облыс әкімінің тапсырмасын орындау үшін ауыл шаруашылық басқармасы арнайы шақырып сөйлескен. Әбішев өз ойын былай жеткізген. «Сіздердің жекеменшіктегі малды қолдан ұрықтандыру жөнінде атқарар істеріңіз бұл тек экономикалық, әлеуметтік мәселе ғана емес, одан да мәні зор – саяси мәселе. Себебі, ауылдағы шаруаның қолындағы малын өзі іздеп келіп көбейтіп беріп отырған өкіметке деген сенімі артады. Сиырдың қысыр қалмауы, оның жыл сайын төл қосуы мен сүтінің молаюы шаруаның әлеуметтік жағдайын көтереді. Ал, бұл дегеніңіз саяси тұрақтылық, халықтың ашынбауы мен көтерілмеуінің кепілі.
Бірақ, басқармадағылар мені түсінген жоқ, мал шаруашылығын ірілендіру керек, осыған көмек беріңіз дейді. Осымен тарастық».
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 8 мамырдағы №368 қаулысына сәйкес жекеменшіктегі малды қолдан ұрықтандыру жергілікті өкіметің құзырына берілген.
2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында бұл қызметпен айналысып келген «Шымкент-Асыл» және «Төрт түлік» дистрьюбитерлік орталықтары аудан әкімдерінің «жеке меншіктегі малды шаруа қожалықтарына шоғырландырамыз, ақша аударамыз» деген уәделеріне сеніп, жылдың жартысына дейін қолда бар қорымен жұмыс істеген. Бірақ, аудандағылар бұл істің үдесіне шыға алмаған. Соның салдарынан мысалы, «Төрт түлік» Астанадағы «Асыл түлік» АҚ-ына 2,5 млн,теңге қарыз болып қалған.
2009 жылы облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 20,5 млн.теңге қарастырылған. Бірақ…Айтсақ, өз қазағымызды, өзіміздің туған жерімізді жамандаған болып көрінеміз, бірақ, біздің оңтүстікте шын мәнінде де дені сау адамның түсінігіне ауыр соғатын істер көп істеледі. Мысалы, істің дұрысы қалай болуы тиіс? Әрине, кез келген дені сау адам жаңағы 20,5 млн.теңге заңға сәйкес бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан екі орталыққа тендер арқылы берілуі тиіс дейді. Тек олар бізің облыстың лақап аты «Техас» екенін, ал Техаста заң емес, кімде күш бар, сол үстемдік құратынын ұмытып кете береді. Облыстың жаңа басшылығы жалғыз құрылтайшысы облыс әкімшілігі болып табылатын серіктестік құру жайлы 2009 жылдың 17 сәуірінде №97 қаулы қабылдайды. Соның негізінде болса облыстық Қаржы басқармасы төрт күннен соң, 21 сәуірде ««Оңтүстік-Асыл-Шаруа» ЖШС құру жайлы шешім шығарады. Сөйтеді де мемлекеттің үлесі 50 пайыздан жоғары заңды тұлғаларды құруда алдын-ала монополияға қарсы органмен келісуді міндеттейтін ҚР «Бәсекелестік туралы» заңын белден басады. Ал, Әділет(!) департаменті оны әдемілеп тұрып тіркеп береді. Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау агенттігінің (монополияға қарсы агенттік) Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясы Оңтүстік Қазақстан облыстық Әділет департаментіне, облыс әкімшілінің аппаратына, Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және «Оңтүстік-Асыл-Шаруа» ЖШС-іне осы құрылған мекеменің тіркелуі заң бұзушылық арқылы жүргізілген деп айыптап, сотқа береді. Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық сотты былтырғы жылдың 25 желтоқсанында шын мәнінде де солай болғандығын анықтап, соттың шешімімен(!) мекемені жабады.
Біздің оңтүстік облыс әкімшілігі үшін бұл да кедергі бола алмаған сияқты – енді сол мекеме «Оңтүстік-Асыл» деген атпен қайтадан құрылып жатыр. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы!
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өңіраралық тинспекциясы биылғы жылдың 18 қаңтарында «Асыл түлік» пен «Төрт түліктің» басшыларына «ҚР «Бәсекелестік туралы» заңының 31-бабының 3-тармағына сәйкес «Оңтүстік-Асыл» ЖШС-ін құруға келісім беру туралы өтініш хатын қарау негізінде «Сізден 2010 жылдың 25 қайтарына дейін келесі қызмет түрімен айналысуға мүмкіншілігіңіздің бар немесе жоқ екендігі туралы мәлімет беруіңізді сұрайды» деп, 9 қызметті санамалап көрсеткен хат жолдайды.
Әрине, бұндай хатқа бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қандай мекеменің болсын қандай жауап қайтаратыны белгілі ғой. Мысалы, криогендік лабораториясы бұрыннан да бар «Төрт түлік» 24 қаңтар күні өзінің мүмкіндігін толық ашып көрсеткен 3 бетті бір хатты, 28 қаңтар күні 2009 жылы бір де бір теңге қаржы ала алмағаны себепті өзі 2,544 млн.теңге қарыздар болып отырған Астанадағы «Асыл түлік» АҚ-ның шағым (претензия) хатының көшірмесін қоса көрсетіп жауап берген. Ал, «Шымкент-Асыл» ЖШС-і жайлы әңгіме етудің өзі артық. Бұл құрылғанына 30 жылдан астам уақыт өткен, барлық мамандары, лабораториялары, қажетті техника мен құрал-саймандары, аспаптары сақадай сай, облыстағы аса тәжірибелі үлкен ұжым.
Былтырғы бөлінген 20 млн.теңге желге ұшты дей беріңіз. Өйткені, басқаны айтпағанда, Бәйдібек ауданына жаңағы аталған мекеменің қызметкерлері бір жылда екі-ақ рет барған, ұрықтандыру бекеттеріне апарған тұқымдары саламыз деп жүргенде еріп кеткен. Себебі, тұқым сұйық азот құйылған Дьюар ыдысында сақталады, әр 20 күнде азот жаңартылып отыруы тиіс. Бірақ, аудандық ауыл шаруашылығы арқылы қысым көрген соң «бәрі тамаша, мал ұрықтандырылды» деген есеп беріп отырған жайы бар. Қайтсін, ертеңгі күнін ойламаса бола ма?..
Ордабасы ауданына ұрық мүлдем апарылмаған. Ал, бірақ есеп жүзінде бұнда да бәрі тамаша болып шықса таңданудың қажеті жоқ. Күнде орын алып отырған, елдің әбден еті үйренген жағдай ғой...
Айтпақшы, осы мекеменің бастығы Бекжан Айнабеков мырза біздің сауалымызға былтыр күзде жауап берген еді. Бірақ, жауабы күні қойылмаған, қолмен жазылған бір жапырақ қана жәй ақ қағаз. Мекеменің деңгейі қандай екенін осыдан-ақ байқай беріңіз...Бұл жауапта «...бүгінгі таңда 20524 бас аналық ірі қара қолдан ұрықтандырылды, бұл жоспарлы көрсеткіштің 51,3 пайызын құрайды» деп жазылған. Ал, оның қалай іс жүзінде атқарылғанын жоғарыда айттық.
«Асыл түлік» пен «Төрт түліктің» басшылары Пернебек Сүйеубеков пен Мүсілім Тоханов облыс әкімінен аспандағы ай жуық болғаннан кейін облыстық ауылшарушылық басқармасы бастығы Қанат Ыдырысовқа қайта-қайта кіріп жүріп, биыл жекеменшіктегі малды қолдан ұрықтандыру үшін облыстық бюджеттен 48 млн.теңге бөлінгенін естіп біледі. Және Ыдырысов мырза тендер жайлы айтпағанмен «ол қаржыны бәріңізді қатыстыра отырып, әділеттікпен бөлеміз» деп уәде береді. Малды қашыратын уақыт өтіп бара жатыр, ал ақшаның бөлінетін түрі көрінбеген соң екеуі Ыдырысовқа тағы кіреді. Сөйтсе Ыдырысов айнып қалған, «мен сіздерге ол ақшадан бере алмаймын» дейді. «Бізге береміз деген уәдеңіз қайда?» «Жоқ, мен сіздерге тіклей бере алмаймын, тек «Оңтүстік-Шаруа» арқылы ғана бере аламын». «Сіз былтыр да сол мекеме арқылы қаржыландырыласыздар деген едіңіз, бірақ ол бізбен бөліскен жоқ, биыл да сондай болмай ма?» «Ол жөнінде мен сіздерге ешнәрсе айта алмаймын, бұл мәселені облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов мырзаға кіріп шеше аласыздар».
Сонымен, түйсігі бар адамға бәрі түсінікті...Пернебек Сүйеубеков былай дейді. «Нарықтың бұл саласының шамамен 75-80 пайызын біз игереміз, қалғанын «Төрт түлік» игереді. Жылда осылай жұмыс істеп жатқанбыз. Былтыр «Оңтүстік-Асыл-Шаруа» деген серіктестік пайда болды. Біздің ғимаратымызды, техникамызды, ұрығымызды, азотымызды, қысқасы бәрі-бәрін жалға алып жұмыс істеді. Рас, ол үшін ақшасын төледі. Бірақ, екі ауданға істеген жұмысымыздың ақысын төлеген жоқ. Ауызша сөзге сеніп, келісім-шарт жасамағанбыз ғой...Төрт-бес ай істеді-дағы, ақшасы таусылды ма, айтпай, ешнәрсе қылмай, «аман бол, рахмет!» де жоқ көшіп кетті де қалды. Құдды бір сығандар секілді! Біздің, өзіңіз көріп отырсыз, қандай керемет жасақталған мекен-жайымыз бар, қаншама мамандарымыз бар, солардың бәрі былтырдан бері қаржы жоқ, жұмыссыз үйінде бос отыр. Біз сонау 1960 жылдан бері істеп келеміз. «Төрт түлік» 2003 жылдан бері істейді. Осындай екі мамандандырылған мекеме тұрғанда облыстың басшыларына үшіншінің не қажеті болғанын түсіне алар емеспіз!
Ол мекеме аяққа тұру үшін әлі қаншама қаражат керек! Ғимарат сатып алады, техника, аспап, құрал-жабдық, бұның бәрі қыруар қаржы ғой! Ал, бізді соның бәрі дайын тұр ғой, дайын! Бірақ, бос тұр...
Басшылар сірә, су жаңа мекеменің құжаты дайын болғанын күтіп отыр. Қалай дайын болады, солай оған ақша аударады. Ал, біз тағы да екі қолымызды мұрнымызға тығып бос қаламыз. Осыншама маманның обал-сауабы кімге? Міне, ақпанның жартысынан ауды, мал қашырылып жатқан жоқ. Басшылар бұны қолдан істеп отыр».
Пернекең дұрыс айтады – обал-сауапты ойлапты кім ойлайды? Қаншама мыңдаған қысыр қалып жатқан малдың обал-сауабы кімге? Әңгіме малда емес, әңгіме сол малдың аузына қарап отырған адамдарда ғой! Жоқ, әлде «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегеннің кері ме? Тәжірибелі екі мекеме тізе қоса жұмыс істеп жүргеннің өзінде 315 мың аналық басты қолдан ұрықтандыруды толық қамти алмайтын. Қамтуларына да болар еді, тек оған деген қаржыны көбейту қажет. Қайта-қайта қысыр қалып, пайдасынан зияны көп болып отырған сиырын сойып жеп жатқан ел-жұрт анау. Қаржыны ұрықтандыруға жұмсаудың орнына жаңа мекеме ашып жанталасып жүрген басшылар мынау. Сонда бұны малдың, яғни елдің қамын емес, өзінің ғана қамын ойлау деп түсінбегенде халық оны басқаша қалай түсінуге тиіс? Бір басын кессең екінші басы өсіп шығатын ежелгі грек аңызындағы гидра атты айдаһардай атын өзгертіп алып қайта тіріле беретін қандай жаны сірі мекеме бұл? Биыл ауылдағы қалың қазақтың сиыры асыл тұқыммен қашырылып, елдің аузы екі жыл дегенде аққа тие ме? Жоқ, әлде қаржы басшылардың жылы кеңсесі мен құйрығына жұмсақ креслоға, астына жайлы темір атына жаратылып, Абай атамыз айтпақшы «қардың суы сықылды тез суала» ма?
Соңғы сауал. Әзірге. Осының бәріне ауыл шаруашылы, оның ішінде мал маманы облыс әкімі Асқар Мырзахметов не жауап берер екен? Одан да бұрын осы іске «бастамашы» болып жүрген Берік Оспанов мырзаның қандай дайын айтар уәжі бар? Біз басылым бетінде жариялауға дайынбыз.
Өмірзақ АҚЖІГІТ