Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан 8-сынып оқушысы ұсталды
2020 ж. 30 наурыз
1565
0
Түркістан облысының полицейлері Қарнақ ауылында коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан жасөспірімді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
28 наурыз күні Кентау қалалық полиция бөліміне Қарнақ ауылында коронавирус тарағаны туралы әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратқаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы ( жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында кентаулық полицейлер жалған ақпарат таратқан күдіктіні анықтап, ұстады. Ол осы ауылдың тұрғыны, жергілікті мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім қылмысын толық мойындады және істеген ісіне өкінетінін айтты. Бала ата-ананың қадағалауына берілді және олармен тиісті профилактикалық әңгімелесу жүргізілді. Жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Түркістан облысының полицейлері жалған ақпарат таратқаны үшін азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді.