Шардаралық оқушы Мәскеуде жүлдегер атанды
2020 ж. 21 наурыз
1387
0
Түркістан облысы, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдары академиясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан жүлдемен оралған шардаралық оқушы мен оның жетекшісін қабылдады.
Ресейдің астанасы Мәскеуде оқушылар мен студенттер арасында алтыншы жыл өткізіліп отырған “Шексіз ғылым” жас ғалымдар конференциясына Шардара ауданының “Достық” жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы, жас ғалым Мадияр Молдабек өзінің “Тыныштық – Тәңірдің сыйы” тақырыбындағы ғылыми жұмысын қорғап, жүлделі ІІ орынға ие болды. Мадиярдың аталмыш жобасына аудандағы ұлағатты ұстаздардың бірі Пернекүл Ахметова ғылыми жетекшілік жасаған.
“Бүгінде ауданымызда жас та болса ауданымыздың атын әлемге танытып жүрген азаматтар баршылық. Соларды бірі – Мадияр, өзіңсің. Ауданымыздан талантты шәкірттер шығып, ғылыми салада өзін көрсетуі бұл білім бөлімінің, ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесі деп білемін. Әрқашан осылай биіктен көрініп, ауданымыздың және еліміздің атын әлемге шығаратын айтулы тұлға бол! Пернекүл апай, шәкіртіңіздің осындай дәрежеге жетіп отырғандығы, ең бірінші сіздің еңбегіңіз деп білемін. Өзіңіздей ұлағатты ұстаздарымыз барда әлемді мойындатар талай шәкірттер шыға беретініне сенемін» – деді аудан әкімі.
Қабылдау барысында аудан басшысы жақсы жетістікке жеткен ұстаз бен шәкіртті Алғыс хатпен марапаттады. Айта кетейік, сәуір айында Польша Республикасының Варшава қаласында өтетін ғылыми конференцияға жолдама жеңіп алған Мадияр Молдабек ел намысын қорғайтын болады.
Бауыржан НАЙМАНОВ
qazaquni.kz