Украина орыс тіліндегі сабақтарды тоқтатты
2020 ж. 16 наурыз
3879
0
Украина президенті Владимир Зеленский «Толық орта білім беру туралы» заңға қол қойды. Жаңа заң бойынша Украинада толық орта білім украин тілінде беріліп, бұған дейін аз ұлттардың тілінде сабақ берген мектептер қысқарады. Соның ішінде орыс тілі де бар. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап орыс тіліндегі мектептер қысқарады, деп хабарлайды malim.kz.
«Президентке жаңа заң жобасын қолдағанына рахмет. Енді мектепте білім беру жүйесіне тиісті өзгерістер жасай аламыз. Бұл заң жаңа украиндік мектептерді дамытып, оқушыларымыз бен ата-аналарға жаңа мүмкіндіктер береді», – дейді Украинаның Білім және ғылым министрінің орынбасары Любомира Мандзий.
Заңда украин тілін мектептерде оқытудың үш моделі қарастырылған. Бірінші модель мемлекеті жоқ, өз тілдерінде сөйлейтін ортада өмір сүрмейтін Украинаның жергілікті халқына арналған. Мәселе, қырым татарлары туралы болса керек. Олар ана тілдерімен қоса укарин тілін 11-сыныпқа (12-сыныпқа) дейін оқуға міндетті.
Екінші модель аз ұлттың тілінде оқытатын мектептерге арналған. Тілдің қолдану аясы мен тобына қарай бұл модельді әртүрлі қолдануға болады. Негізінде, олар ана тілінде мемлекеттік тілмен бірге бастауышта білім алады. Бесінші сыныптан бастап украин тілінде өтетін сабақтар 20 пайыздан төмен болмауы керек, осылай өсіп тоғызыншы сыныпта 40 пайыз сабақ украин тілінде, ал жоғары сыныптарда 60 пайыздан жоғары сабақтар украин тілінде өтуі керек.
Үшінші модель украин тілімен туыс тілдерде білім алатындарға қатысты. Әсіресе, орыс тілі. Бұл жерде де бастауышта орыс тілі украин тілімен қоса оқытылады да, бесінші сыныптан бастап 80 пайыздан жоғары сабақтар украин тілінде өтеді.
Украинаның Жоғары Радасы осы заңды қабылдаған соң, Ресей БҰҰ, Еуропа Кеңесі сияқты құрылымдардың құқыққорғау институттарына Украина орыс тіліне қысым жасады деп шағымданған. Алайда Ресейдің құр амбициясынан ештеңе шықпайтын секілді. Украина біржола өзгеріске бет бұрды.