ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫ
2010 ж. 04 наурыз
1654
0
Еліміздің рухани-саяси өмірінде үлкен орны бар айтулы тұлғалардың бірі Төлеген Тәжібаев 30 жасында халық ағарту комиссары, 32 жасында – республика үкіметі төрағасының орынбасары, алғашқы Сыртқы істер халық комиссариатын ұйымдастырушы және оның халық комиссары. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген тұңғыш қазақ. Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры. Республикада психология және педагогика ғылымдарының негізін қалаушы, академик.
Сірә, осындай биіктердің біреуіне ғана көтерілген адам да өз тағдырына өкпелей қоймас еді. Өмірде із қалдырдым деп өкінбей өтер еді. Ал осынау биіктердің бәріне шыққан тұлғаның орны айрықша. Соған ой жіберейікші.
І
Төлеген Тәжібаев туралы айтқанда, оның балалық шағына тоқталмасқа болмайды. Бұл өзі ерекше тағдыр. Сірә, оның өмірлік негізі болмаса, оған сенудің өзі қиын. Сол бірде ақ, бірде қызыл билеген аласапыран заманда, қазақ ауылын ашаршылық әбден сансыратқан еді. Жеті баласы бар қарапайым Тәжібай дейтін сүткенттік шаруаның отбасы бір күнде ойран болған. Аш үй, кездейсоқ табылған әлдебір тамақтан уланып, жеті адам бірден мерт болып, сыртта жүрген екі бала ғана аман қалыпты. Соның бірі – жеті жасар Төлеген. Оның Арыс дейтін тоғыз жолдың торабына қалай келгені де белгісіз. Белгілісі – оның темір жол жұмысшысы Иван Федорович Кабановтың отбасына бесінші бала болып қосылғаны.
Мектеп есігін Төлеген 10 жасында ашты. Сол Арыстағы қазір өзінің атын иемденген панасыз балалар үйінің жеті жылдық мектебіне кірген. Біраз жыл уақытын өткізіп алған, өмір есейткен бала қысқа мерзімде басқаларды қуып жетіп қана қоймай, өзінің құрдастарынан да озып, жеті жылдық мектепті үш жылда бітіріп шығады.
Оның техникумдағы өміріне замандастары, сол кезден қалған құжаттар куәлік етеді. Төлегенмен академик Мәулен Балақаев бірге оқыған. Оның естелігіне жүгінейікші. “Болар бала жөргегінен-ақ белгілі болатыны рас қой. Төлеген оқу орнына келіп, кіргеннен кейін-ақ, өзгелерден ерекше ақыл парасаты мол екенін, құлашын кеңге сілтей алатынын көрсетті... Ол қаладағы пионер отрядының бастығы, кейін комсомол ұйымының секретары болып, өзін өзгелерге таныта білді” дейді академик ағамыз. Шағын бір құжатқа жүгінуге тура келеді. Ол – Төлегеннің оқу бітіргендегі мінездемесі. “Мінездеме. Сырдария педтехникумын бітіруші Тәжібаев Төлегенге берілген, 1928 жылдың 24 маусымында техникумның педагогикалық кеңесінде бекітілген. Қаулы № 12. Қабілеті – үздік. Жұмыс қабілеті – үздік. Үлгерімі – үздік. Жан-жақты дамыған. Тәртіпті және белсенді қызметкер. Дайындығы – айрықша. Айтарлықтай көркемөнерпаздық қабілеті бар. Педтехникумның ең үздік курсанты. Педтехникумның жұмысында пайдаланған жөн болар еді”.
Мінездемеде үздік емес нәрсе жоқ, бәрі де үздік. Қаулыдан дұрыс көшірілді деп педтехникумның хатшысы Домидзе деген қол қойыпты. Ал сол мінездемеге қол қойған кім? Сол кезде бұл техникумның директоры Жүсіпбек Аймауытов болған.
Төлеген Тәжібаев пен Жүсіпбек Аймауытов! Осынау екі тұлғаның қарым-қатынасы туралы аз білеміз. Зерттелмеген, дерек аз. Жұрттың білетіні – екеуі де психология мен педагогиканы зерттеген. Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт. Ұстаз шәкіртінің ғылымдағы жолына бағдар берді, кейін ол Қазақстандағы осынау ғылымның негізін қалаушы болды дейміз. Өкінішке қарай, Төлеген Тәжібаев ұстазының еңбегін де, психология ғылымына қосқан үлесін де, жоғары азаматтық келбетін де айта алмай кетті. Бұл жерде оны кінәлаудың да жөні жоқ. Өйткені, ұлы ұстазы 1929 жылы ұлтшыл деген айыппен ұсталып, 1931 жылы жендеттердің қолынан қаза тапқан. Содан кейін, бұл ұлы тұлға туралы пікір айту түгілі, оның атын айтуға тыйым салынғаны белгілі. Алаштың ұлы перзенті Жүсіпбек Аймауытов академик Тәжібаев қайтыс болғаннан кейін ширек ғасырдан соң ғана ақталды.
Ғылым жолын Төлеген Тәжібаев осы педтехникумда таңдады. Үздік оқушы осында оқытушылыққа қалдырылды. Сондағы үш жыл қызмет те, арман да сол ғылымға арналған еді. Ақыры сол арман Мәскеудегі Н.К.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясына алып барды. Сонда Төлеген студент ретінде бес жыл, аспирант ретінде үш жыл оқыды. Ғалым болып қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Оған араға бір жыл салып, “К.Д.Ушинский – Ресейдегі педагогикалық психологияның негізін қалаушы” деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны табысты қорғап шыққаны айғақ.
Туған республикаға ол қалыптасқан ғалым болып оралды. Жас ғалымға Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика және психология кафедрасын басқару жүктелді. Көп ретте Төлеген Тәжібаевтың өмірін зерттеушілер сол 1939-1940 жылдары оның кафедра меңгерушісі қызметімен қатар, институт директорының ғылым жөніндегі көмекшісі қызметін атқарғанына мән бере бермейді. Сірә, олар көмекші деген сөздің қазіргі мағынасына қарап, барып кел, алып келдің адамындай түсінуі мүмкін. Ал бұл шын мәнінде қазіргі оқу орындарындағы “ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор” санатындағы қызмет болатын. Жас ғалым өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін ең алдымен осы қызметімен көрсеткен.
ІІ
1940 жылы Төлеген Тәжібаев әкімшілік жұмысқа ауысқанда, ол ғылыми жұмыспен қоштасқан жоқ, сол ғылымға құштарлық жүрегінің бір түкпірінде кеткен.
Сонда ол бар-жоғы 30 жаста ғана еді. Республика халық ағарту комиссартиаты басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындау тым ерте де және тым тәуекел қадамдай көрінген. Бұл комиссариаттың Қазақстан Республикасы үшін орны бөлек. 30-шы жылдардың басындағы ашаршылықтай нәубетті, сол онжылдықтың аяғындағы қуғын-сүргін зұлматты бастан кешкен халықтың сауаттылық деңгейі айтарлықтай төмен еді. Халықтың көзі ашық қаймағы қалқып тасталған, жөн-жосық білетін бір шамасы өлместің қамын ойлап, сырт жаққа ауып кеткен. Қалғаны басқа салғанға көндіккен көнтерлі жұрт, көпшілігінің сауаты кем. Сол халықтың көзін ашу міндеті халық ағарту комиссариатына жүктелген.
Бұл жұмысқа жүрегі халық деп соғатын ары таза азамат қана емес, бұл істі жете білетін, жұмыстың жүйесін табатын қас маман, жауапкершілікті көтере алатын, ауыр жүкті сүйрей алатын қара нар керек еді. Таңдау 30 жастағы Төлегенге түсті. Талайлардың аты аталған да шығар, таразыға түскен болар. Дәл осы жұмысқа білімдар, ең алдымен жас ұрпаққа білім беру ісін жете меңгерген адам керектігін ойлап, педагог-ғалымдарға көз салғанда, солардың ішінен Төлегеннің тұлғасы жоталанып көрінген болар. Араға төрт ай салып халық комиссары етіп тағайындады.
Сонда баланы оқытумен қатар мұғалімдер даярлау мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Республикада 7790 мектепте 441 мың бала оқиды екен. Бұл көп бала әлі оқуға тартылмаған деген сөз. 44597 мұғалімнің тек 17516-сы ғана қазақ. Солардың 2500-і ғана әйел азаматтар. Неге қазақ мұғалімдері аз, неге әйел азаматтар ұстаздық етпейді? Сұрақ көп, шешімі қандай?
Шешімі нақты іс болуға тиіс. Республикада 13 пединститут бар екен. Оларда бес мыңдай студент оқиды. Басты резерв – сол. Мұғалімнің беделін көтеру керек. Халық комиссары үкімет алдына “Республикаға еңбек сіңірген мұғалім” атағын тағайындау жөнінде мәселе қойды. Қажеттігін дәлелдеді. Өткізді. Бұл жас басшының беделін көтерді.
Сол тұста қазақ әліпбиі өзгерді. Ол латыншадан кириллицаға көшті. Бұл орыстанудың ең бір пәрменді жолы еді. Мұның жұрт көп аңғара бермейтін тағы бір қаупі бар еді. Әйтеуір көшетін болған соң, тез көшпесе, жұрт қазақ әліпбиін меңгермей-ақ, бірден орыс әліпбиіне ауысып кете беруі әбден мүмкін еді. Содан да оған барынша жылдам көшіп үлгеру қажеттігі туды. Сол әліпбиде оқулықтарды тездетіп шығармаса, қазақ мектептерінде орыс тілі біржола дендеп кетпек. Бұл мәселені халком Тәжібаев республикалық деңгейге көтерді. Оның республика басшыларына жазған хаттарының бірінде былай делінген: “... Көптеген облыстардағы мекемелер мен ұйымдар жаңа қазақ әліпбиіне көшуге құлық танытпай отыр. Барлық іс қағаздар тек орыс тілінде ғана жүргізілуде. Қазақ еңбекшілерінің қазақ тілінде жазылған өтініш арыздарына жауап орыс тілінде қайтарылуда. Мекеме басшылары соңғы кезде қазақ тіліндегі өтініштерді орыс тіліне аударылған жағдайда ғана қабылдауды әдетке айналдырған. Сондықтан қазақтар арасында өтініштерді орысша қабылдайтын болса, қазақ әліпбиінің керегі қанша деген пікір қалыптасып келеді...”.
Сол тұста орыс тіліне қарсы сөз айту ұлтшылдық пиғыл саналатынын, кешегі 30-шы жылдардағы сойқанның жаңғырықтары әлі құлақтан кетпегенін ойлағанда, Тәжібаевтың мәселені былайынша қоюын ерлікке бағаларсың. Осындай батыл ойлардың, қарымды істердің арқасында ғана қазақ тілі бүгінгі күнге аман жеткендей көрінеді де тұрады.
Халком Тәжібаев басты назар аударған іс туралы айтқанда, жұрт оқулықтарды ауызға алады. Бар білімнің басы – оқулықта дегенді ол кісі көп қайталайды екен. Ал сол тұста қазақ мектептері оқулықтарға зәрулікті қатты сезінді. Орысшасы бар, қазақшасы жоқ. Ал жаңа әліпбиге көшкенде, бұл зәрулік одан бетер күшейген. Халық ағарту комиссариатында оқулықтар мәселесімен айналысатын оқу-әдістемелік кеңес болды. Оны Тәжібаевтың өзі басқарды. Ғалымдарға оқулықтар жазуға тапсырыстар берілді. Ең алдымен, қазақ тілі мен әдебиеті жайында оқулықтар қажет еді. Сөйтіп, жедел түрде ғалымдар І.Кеңесбаев, М.Балақаев, К.Жиенбаев, Бегалиндер қазақ тілі жөнінде, Е.Смайылов әдебиет жөнінде оқулықтар жазып шықты. Басқа пәндерден орысша оқулықтарды қазақшаға аудару қолға алынды.
Әсіресе, тарих оқулығының жыры көп болған. Сегізінші сыныпқа арналған “КСРО тарихы” оқулығын Мәскеу әзірлейтін. Оны СОКП ОК Саяси бюросы бекітетін. Ол барлық жерде оқытылуға тиіс. Онда одақтас республикаларға арналған бір тарау болады. Және ол Мәскеудің саясатына бағындырылады. Қазақстан халық ағарту халкомы сол тарауға келіспеді. Оны ғалымдардың талқысына салды. Олар оқулықта Қазақстанға қатысты тарихи оқиғалардың бұрмаланғанын айтты. Сол талқылауды қорытындылап, пікір жазуды тарихшы ғалым Б.Сүлейменовке тапсырды. Ақырында сол пікір негізінде КСРО халық ағарту халкомы В.Потемкинге хат жазылды. Оған халком Тәжібаев қол қойды. “Қазақстандағы мектептерде “КСРО тарихы” осы толықтырулармен оқытылсын деген өтінішімізді білдіреміз. Осы өтінішіміздің орындалуына қолдау көрсетіледі деп ойлаймыз” деген сөздер де ерлікке парапар. Мәскеу бекіткенге қарсы дау айту, оны толықтыру, өзгерту ол кезде мүмкін емес саналатын жай. Мәскеудің дегені заң іспеттес.
Бұл хаттың нәтижесі қалай боларын кім біледі, оған жауап айтылмай қалды. Хат жіберілген соң, Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, жұрт назары соған ауған. Бәлкім, бұл жай аяулы азаматты бір апаттан алып та қалған шығар.
Соғыс өмірді күрт өзгертті. Қиындыққа қиындық қосылды. Ер азамат соғысқа аттанды. Оның ішінде ұстаз қауымы да бар. Ал мектептерде оқу тоқтамауға тиіс. Жау шебінде қалған аумақтағы балалар үйлері, оқу орындары Қазақстанға көшіп келді. Бұрын жетпей жатқан ұстаздар қажеттілігі тіпті күшейді. Сонда одан шығудың бір жолы деп 8-10 сынып оқушыларынан бастауыш сыныптарға мұғалім әзірленді. Пединституттардың студенттерінен жедел курстар ашып, бітіргендерін мектептерге жіберді.
Тағы бір жайды айрықша атаған жөн болар. Ер азаматтар майданға аттанғанда, олардың орнын әйелдер бассын деген ұран халық ағарту ісінде ерекше мәнге ие болды. Бір жағы мұның өзі әйелдердің қоғамдағы орнын көтеруге де ықпал етті десек те жөн. Соғыстың алғашқы жылында-ақ әйелдерді ұстаздық іске тарту, оларды оқу орындарына, ең алдымен, педагогикалық оқу орындарына жіберу қолға алынды. Сөйтіп, республика бойынша 1935 әйел мұғалім кадрын жедел даярлау жоспары белгіленіп, әрбір облысқа тапсырмалар берілді. Көп кешікпей оның нәтижесі де көрінді.
Соғыстың алғашқы екі жылында, айталық, республикамызда жоғары білімді бес мың, орта арнаулы білімді 6600 мұғалім кадрлары даярланыпты. Оған дейінгі бейбіт жылдарда бұлай болмаған екен.
Осынау істің басында халком Тәжібаев жүрді. Оны ел де бағалады, елдің басшылығы да бағалады. Ел өмірінің басқа салаларында да осындай өрелі іс өріс алсын деген ой болар, соғыстың екінші жылының аяғында отыз екі жастағы Төлеген Тәжібаев республика Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Енді ол елдегі әлеуметтік салалардағы жұмысқа басшылық етуге, қамқорлық жасауға тиіс болды.
Әрине, білім беру ісі де өзінің назарында болды. Енді оған қоса, халықтың денсаулығы, өнер, мәдениет, жалпы рухани өмір дейтін үлкен саланың жағдайы Үкімет басшысының орынбасары айналысатын шаруаларға айналды. Соғыстың қиындығымен қатар, сол тұста өнердің де өскеніне талай мысалдар келтіріліп жатады. Жаңа кинофильмдер түсіріліп, театрларда жаңа спектальдер қойылып, тіпті жаңа театр да ашылып жатты. Әдебиеттің жаңа үздік туындылары жарық көріп, ақын-жыршылар жиналып, айтыстар өткізілуі не тұрады!
(Соңы келесі санда)