Бізге түбегейлі өзгеріс керек
2020 ж. 14 наурыз
1842
0
«Верхи не могут управлять по-новому, низы не хотят жить по-старому».
В.Ленин
Франклин Рузвельт пен Мохатхир Мұхаммед үлгісі Осыдан бір ай бұрынғы Қордай оқиғасы біздің Ұлттық саясатымыздың толығымен жарамсыз екендігін тайға таңба басқандай етіп, анық көрсетіп берді. Бұны біз мойындауға тиіспіз. Диагноз дұрыс қойылмаса ауру адам жазылмақ түгілі, ауруына ауру қоса беретіні белгілі. Сондықтан, бағытымызды неғұрлым ертерек және түбегейлі түрде өзгертуге кірісуіміз – ауадай қажеттілік. Ең бірінші, Ұлттық қазақ мемлекетін құратынымызды билік Қазақстан халқына – алыстағы Израиль, жақындағы Өзбекстан секілді ашық айтуға міндетті. Мохатхир Мұхаммед 1981 жылы Малайзия премьер-министрі болып бірінші рет сайланғанда елдегі малай ұлтының 35 пайыз, үндістердің үлесі 15 пайыз, қытайлардың үлесі 50 пайыз болатын. Байлық та, билік те іс жүзінде қытайлардың қолында еді. Мохатхир Мұхаммед ашық саясат ұстанды: «Малайлар байымай, малайлар іс жүзінде билікке келмей, мемлекетіміз көгермейді» деді ол. «Сондықтан, әрбір жеке фирма ашатын қытай немесе үндіс қасына тең құрылтайшы етіп, бір малайды алуға міндетті. Оны бизнеске баулып, ісі жолға қойылған соң, өз алдына жеке отау етіп шығарсын». Қытай мемлекеті «біздің қандастарымызға қысым көрсетіп жатыр, олардың құқығына қол сұғып жатыр» деген тәрізді шу көтермекші болып еді, Мохатхир Мұхаммед «бұл біздің, тәуелсіз елдің ішкі шаруасы, оған сырттағылардың араласуға хақысы жоқ» деп қысқа қайырды. Сол саясаттың арқасында Мохатхир 22 жылдан кейін экономикасы гүлденген ел билігін өз еркімен келесі буынға берді. Одан бөлек әйгілі Франклин Рузвельт те АҚШ-тағы «Ұлы депрессиядан елімді шығарамын» деген ұранмен 1932 жылы билікке келгеннен кейін жұмыссыздарға көмек көрсететін төтенше әкімшілік құру туралы, фермерлердің қарызын қайта қаржыландыру туралы, ауыл шаруашылығы өнімін мемлекеттік бақылауға алған Ауыл шаруашылығын қалпына келтіру туралы және өзі «ең маңызды» заң деп бағалаған, өнеркәсіпті реттеуге бағытталған тұтас үкіметтік іс-шара кешенін қарастырған Өнеркәсіпті қалпына келтіру туралы заңды қабылдады. Осының бәрі біздің бүгінгі өмірімзге сұранып тұрған заңдар! Рузвельт сондай-ақ, халықпен екі арадағы ашық саясаттан ауытқып кетпеуін қамтасыз ету үшін апта сайын радиодан (теледидар жоқ заман ғой) жарты сағат тікелей эфирге шығып тұрды. Біздің де солай етуімізге бола ма? Болғанда қандай! Біздің брендіміз – ауылшаруашылық саласы, экологиялық таза тамақ, оның ішінде ет пен сүт және киім болуы тиіс. Ол үшін қаладан ауылға түбегейлі бетбұрыс жасау керек. Қазақ жері күн мен жел қуатына бай, электр қуатын шешу бүгінгі таңда қиын мәселе емес. Біз «он жылдан кейін шикізат сатпайтын ел боламыз» – «мұнай сатпайтын ел боламыз» деген және бүгінгі таңда сол дегеніне жетіп қалған араб әмірліктері секілді алдымызға міндет қойып, соны ауылдан бастауымызға толық мүмкіндігіміз бар. Жапон мен Германиядан ең озық минитехниканы сатып алып, өсімдіктен бастап жүн мен теріні, мақтаны терең өңдеуден өткізіп барып саудаға шығаруды жолға қоя аламыз. Әрбір ауыл өндіріс орны бар шағын қалаға айналады. Бір ауыл – бір өнім! 1990 жылы ірі қара саны 9,8 млн. болса, 2015 жылы 6 млн. ғана, қой 1990 жылы 36 млн. болса, 2015 жылы оның жартысынан әзер асты (18 млн). Сойылған мал еті 1990 жылы 1,5 млн. тонна, 2015 жылы 931 мың тонна болды. 1990 жылы 28,5 млн. тн. астық жиналса, 2015 жылы 19 млн. тоннаға жетер-жетпес астық жиналды. Айтуға ұят! Мүйізді ірі қара мен қойдың санын күрт көбейту өз қолымызда. Бұл – әрі тегін органикалық тыңайтқыш деген сөз. Сол тыңайтқышпен егістіктерді байыту, қымыз және шұбатпен тек ел тұрғындарын қамтамасыз етіп қоймай, оны экспорттың үлкен бір саласына айналдыруға міндеттіміз. Шымкенттік ғалым М.Тоханов шұбаттың бір литрін сіріңке қорабындай ұнтаққа айналдырған. Оның бір келісі мұнайдың бір литрінен әлемдік нарықта 1000 – мың! – есе қымбат тұрады. Біз Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл сияқты түйе өсіруге қолайлы аймақтарда ірілендірілген түйе, басқа тиімді аймақтарды жылқы шаруашылығын көптеп аша аламыз. Қымыз бен шұбат – күнгейде оны қымыран дейді – кока-коланы нарықтан толық ығыстырып шығара алады. Әлемдік нарықта қымыз бен шұбатты қазақтың брендіне айналдыра алмасақ, Алла-Тағала біздің бұндай қырсыздығымызды кешірмейді – несібемізден айрыламыз... Кәзір – жаһандану заманы. Лениннің 100 жыл бұрынғы «Еуропа Құрама Штаттары» деген көрегендігі ақталды. Ең ұлы елдер мен ең ірі компаниялардың өздері бірігуде. Біз болсақ бүгінге заманға нағыз сұранып тұрған, қазақтың бүкіл тарихында қауымдасып өмір сүрген теңдессіз тәжірибесін, ұжымдасып қалыптасқан ғұрпын күйреттік, «әрқайсың жеке қожалық құр» дедік, отырықшы елдерге тән, біздің болмысымызға жат дүниені зорлап таңдық. Енді ірілендіре алмай әлекпіз... Ал, еврейлер болса кибуцқа (колхозға) бірігіп, жерін 99 жылға жалға алып, құмды, тасты шөл даладан 6 млрд. доллардың өнімін экспортқа шығарады. Біз – 2,5 млрд. доллар... Айтуға ұят! Ақ-Жайық пен Атырауда уылдырық шашар балық қалдырмадық, теңізі, өзені жоқ еврейлер уылдырық сатудан әлемнің алдына шықты. Бұндай өте ауқымды істің үдесіне шығу үшін ауылда шаруашылығымен айналысатын қожалықтар ірі компаниялар түрінде қайта құрылуы және бұл іс озық кооперацияға негізделуі тиіс. Бұны «америкалық тәжірибені пайдалану» деп атауға әбден болады. Біз секілді жері көп олар техниканы барынша мол қолданудың арқасында ауыл шаруашылығындағы 10 млн. ғана фермер өз елін ғана емес, әлемнің жартысын асырап отыр. Демек, ауылдағы біздің 5 млн. қазақ та бәсекелестікке төтеп бере алатын деңгейге жетіп, әлемнің ширегін асырай алатын болады! Ұлтты ұйыстырудың жалғыз жолы Екіншіден, Қазақстан мемлекетінде бір-ақ тіл қолданыста болуы тиіс, ол – қазақ тілі. Қазақстанның халқын қазақ ұлтының айналасында ұйыстыратын да осы қазақ тілі. Мохатхирдің тілімен айтсақ, қазақ тілі үстемдік құрмай, біз мемлекет болып көгере алмаймыз. Сөзден іскен көшетін уақыт жетті! Ең бірінші кезекте 2021 жылдың 1-қаңтарынан қазақ тілінде мемлекеттік іс-қағазын жүргізуге көшуі тиіс. 2021-2022 оқу жылында ұлты қазақ оқушылар қазақ мектебіне, 2022-2023 оқу жылында түріктектес ұлт өкілдерінің бәрінің баласы қазақ мектебіне, содан кейінгі жылдың қыркүйегінде басқа ұлттардың балалары өтетін етуге әбден болады. Себебі, біздің басымызды біріктіретін нәрсе – осы тіл. Сезімге, сенімге байланатын дініміз әртүрлі болуы мүмкін, ал, санаға сүйенетін мемлекеттік тіл мемлекетте біреу-ақ болуы тиіс. Ешкім бізге, біздің билікке «бұл мерзім – тым қысқа!» деп айта алмайды. Айтуға моралдық құқығы да жоқ. Отыз жылға жуық уақыт біз еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің ыңғайына жығылып, солардың жағдайын жасап келдік. Олар қазақ тілін мемлекет құраушы ұлтты сыйлағандықтан өз еріктерімен үйреніп алатын шығар деп үміттендік. Күттік. Орыстар айтпақшы, «аюдың да тіл үйренетін уақыты» болды. Бірақ, үмітіміз ақталмады. Тілге деген өткір қажеттілік жасамасақ, ешкімнің мемлекеттік тілді үйренбейтінін өмір бізге соқырға таяқ ұстатқандай етіп тағы бір рет дәлелдеп берді. Біз ешкімді үгіттемейміз, зорламаймыз. Ешқандай жаңалық та ашып отырғанымыз жоқ. Біз бар болғаны бүкіл өркениетті, дамыған елдерге ортақ жолға түсеміз. Қазақ әлемдегі ең төзімді халық, әйтсе де, Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай «төзімділік жақсы қасиет, бірақ, шексіз төзуге ғұмыр қысқа». Онсыз да бір адамның өміріне тең уақыт өтті... Ал, сот, банк, экономика, ғылым, қысқасы қалған саланың бәрі мемлекеттік тілге 2022 жылдан бастап көшірілсін. Бұл да аз мерзім емес! Еврейлер соғыстан кейін, 1948 жылы Израиль мемлекетін құрғанда екі мың жыл бойы қолданыста болмаған көне иврит тілін премьер-министр Дэвид Бен-Гурионнан бастап барлығы күніге жұмыстан соң екі сағат оқып, екі-ақ жылдың ішінде үйреніп алған. Біздің солардан еш жеріміз кем емес. Біз осынша жылдан бері неге қазақ тіліне толық көше алмадық? Рас, басты кінә – билікте. Дегенмен, мәселенің екінші жағы да бар. Қазақтың ұл-қызы, үлкен-кішісі орысша таза білмесе де сөйлегісі келіп тұратындығының сыры – біздің бәріміздің Абай атамыз айтқандай, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артық болғысы» келіп тұратын жаман әдетімізде. Күні бүгін де өзгеден ең болмаса осы нәрседе артық болып көріну үшін сөйлеп жүрміз. Енді сол жаман әдетті жақсы іске жегуіміз керек – біздің қазекең ағылшыншаны да өзгеден артық болып көріну үшін-ақ үйреніп алады, ал, біз соған жағдай жасап отыратын боламыз. Мысалы, көшедегі дүкеннің маңдайшасына балықтың суретін салып, астына, сол жағына «балық», оң жағына «fish» деп жазсаңыз жетіп жатыр. Дәл осы жолмен-ақ, шетелге шыққанда керек болатын, күнделікті өмірде түсінісу үшін қажетті 300-500 ағылшынша сөзді әрбір үлкен де, кіші де біле алатын етеміз. Ал, орыстілділер бірден екі тілді үйреніп алады... Мемлекет болашағы – балада! Біздің елімізде мемлекет бір балаға берілер бір реттік және ай сайынғы жәрдемақының көлемі бір балаға – 100 доллар, екі балаға – 200 доллар болып, әр бала туғанда 100 доллар қосыла беретін етуге толық жағдайы бар. Балаларға берілетін жәрдемақы олардың тамағы тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ болуын, ақылы-ақысыз үйірмелерге қатысуын, спортпен айналысуын, аналары балаларының қасында болып, дұрыс тәрбие беруін, балалардың өздері де бірін-бірі тәрбиелеп, бауырмал, ынтымақшыл, ауыз бірлігі күшті, намысқой болып өсуін, ана мен баланың денсаулығы темірдей болуын, ол үшін ең алдымен ұлттық тағамдар мен түйе мен жылқының еті мен қымызы, шұбат секілді әрі дәрі, әрі қуат сусындарды қысы-жазы ішіп-жеуін қамтамасыз етеді. Бесіктегі кезінен құйрық сорып үйренген бала ешқашан ауырмайтын болады! Және әр жас отбасыға үйленген кезде пәтер немесе үй үстемесіз жалға беріліп, оның құны әр сәби туылған сайын 25 пайызға кеми түседі. Яғни, төрт балалы болғаныңызда үй сіздің толық жеке меншігіңізге өтеді... Бұл – біз сияқты адам санының көп болуы ауадай қажет елде ғана емес, Пәкістан секілді тым күшті дамымаса да, болашағы үшін қолданып отырған елдерге тән жағдай. Біздің билік осы айтылғандар секілді нәтижесі тез арада көрінетін өзгерісті күні ертеңнен бастауы тиіс. Бұл ең алдымен сол биліктің өзі үшін керек. Өзгеріс жасауға қабылетсіз биліктің тағдыры қандай болатынын күнде көріп отырмыз... Жүріс сіздерде, мырзалар! Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz