Шымкенттік жігіт мереке қарсаңында 800 қызға кітап тарту етті
2020 ж. 08 наурыз
1859
0
«Шымкенттік жас кәсіпкер Сейітбек Ертай мереке қарсаңында қыздарға 800 кітап таратып, ерекше тарту жасады. «Абайдың қара сөздерін» сыйлаған жігіт осы арқылы қыздардың да көңілін тауып, әрі Ұлы ақынның туғанына 175 жыл толған мерейтойын да ескеруді жөн санаған, - деп жазды holanews.kz.
ХҚТУ-нің Медицина факультетінде оқитын жігіт өзінің курстас қыздарына жыл сайын сыйлық береді.
Осынау мереке қарсаңында аруларға сый жасауды өзінің дәстүріне айналдырған көрінеді.
Өткен жылы балмұздақ таратқан екен. Осы жылы «Абайдың қара сөздері» кітабын беруді ұйғарыпты.
«Мен үш қыздың ортасында өстім. Екі әпкем мен бір қарындасым бар. Ата-анамыз қайтқан кезде мен бар болғаны 6 жаста едім. Сондықтан мені әпкелерім өсірді. Олардың мейірімін көріп өскен мен, қыздардың жанын жақсы түсінемін. Сондықтан оларды қуантқым келіп тұрады. Жылына бір рет келетін мерекеде қолдан келген жақсылықты аямау керек деп білемін. Осы жылы ақынның мерейтойы болғандықтан қара сөздері жинақталған кітапша сыйладым», - дейді Сейітбек Ертай.
Айта кетейік, Сейітбек Ертай белсенді жастардың бірі, ХҚТУ-дің Шымкент медицина факультетінің интерн-дәрігері, «Brand Books» кітаптар дүкені желісінің басшысы.