Даниал Ахметов: "ADK" сауда үйі менікі емес

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскеменде жаңадан ашылған «ADK-river» сауда үйіне өзінің қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бұл туралы сұрақ облыс әкімінің бүгін өткен есебінің барысында көтерілді.

Сауда үйі қаланың ортасынан бой көтерген кезден бері оған облыс әкімінің қатысы бар деген алып-қашпа әңгіме ел арасында жиі айтылып жүр.

- Бес жыл бұрын маған «ADK» деген дүкен бар екенін айтқан. Ол жерге жұбайыммен бірге барып, азық-түлік сатып алдым. Дүкеннің атауымен менің аты-жөнімнің сәйкес келіп тұрғаны қызықтырды. Ол қаланың шетінде орналасқан кезде ешкім назар аудармайтын. Енді орталықтан ашылған кезде бұл сәйкестік бәрінің есіне түсті. «ADK» - Алматинский домостроительный комбинат, яғни Алматы үй-құрылыс комбинаты деген мағына береді. Оны салған кәсіпкер менің қабылдауымда болған. Екеуіміз бұл жайтқа күлген едік. Оған табыс тілейік, - деді Даниал Ахметов.