Волонтерлік - өмір салтына айналуы керек
2020 ж. 15 ақпан
1398
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты волонтерлар фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысып, елордалық ерікті жастар өкілдері алдында өз пікірімен бөлісті.
«Биыл, Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынады. Осы арнайы кеңседе өте маңызды бастамалар жүзеге асады деп сенемін. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылды. Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету» – деді Қ-Ж. Тоқаев.
Президент Тоқаев бүгінде дүние жүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналғанын, қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысатынын атап өтті. «Ал бізде – 16 мың. Бұл, әрине, аз. Бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде Ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады»-деді ол.
Еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысқанын атап көрсеткен Мемлекет басшысы волонтерлер жылы кезекті науқан емес, халқымыздың өмір салтына айналатынына, бұл бағытта әсіресе жастарға сенім артатынын білдірді.
З.Қабиоллаұлы
qazaquni.kz