Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, республикалық «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы: ШАНШУДАЙ ЖАНҒА БАТАДЫ, ҚАЗАҚТЫҢ ЖАМАУ ШАПАНЫ...

– Қажымұқан Ғинуарұлы, батыс аймағына ең танымал, ең «мазасыз» басылымның басшысысыз. Алдымен, жеке басыңыз, отбасыңыз жайында білсек... – Республикалық «Жұмадағы жүздесу» газетінің батысқа танымал болатын себебі – биліктің талай құқайын көрсек те, қарапайым адамның мұң-зарын айтудан танбадық; ал, «мазасыз» мінезімізбен әкім-қарарлардың ұйқышын қашырдық, ұры-қарының алдын кестік, қорлық-зорлыққа қарсы тұрдық... ...Мен Батыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Алаш арыстарының табаны тиген қасиетті топырақта ержеттім. Жастайымнан әкемнен жетім қалдым. Анашым Айман нағыз еркекке тән жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеп, күні-түні тыным таппай, тағдырдың талай теперіштерін басынан өткеріп, үш ұл, бір қызды сайдың тасындай азаматтар етіп өсірді. Тауқыметтің кермек дәмін аямай татқан анамыз енді балалары өсіп, ес жиып, етек жинай берген тұста бір ағам кенеттен дүние салып, екінші бауырым із-түзсіз жоғалып кетті. Тағдырдың жазуына дауа бар ма, осындай өзек өртер өкініштер қабырғамызға қатты батты. Бірақ, ана жүрегінің үкілі үміті ешқашан сөнбейді екен, апам әлі күнге дейін жоғалған ұлын іздеп, күн сайын баласы есіктен кіріп келетіндей елегізіп күтіп отырады... Қазір Гүлім деген апам Алматы қаласында тұрады. Шүкір, отбасылы, бала-шағасы да ержетті. Менің Қымбат атты жұбайым, құдай берген үш перзентім бар. Міне, осы балалардың келешегі мені көп толғандырады... – Қажеке, жастайыңыздан «төртінші билік» аталатын баспасөз арқылы қазақтың қамын күйттеп, отқа да, суға да түстіп келесіз... – Құрышты мықтап шынықтыру үшін ұзақ қыздырып-балқытады. Оттың қызуы неғұрлым қуатты, балқыту уақыты неғұрлым ұзақ болса, солғұрлым сапалы құрыш алуға болады. Сол секілді, бәлкім, қаршадайымнан өмірдің қиыншылықтарын көп көріп өскендіктен бе, мен де мейлінше шыдамды әрі жігерлі болып қалыптастым. Орал қаласында 90-жылдары орыс-казак ұлтшылдары наразылық білдіріп, біздің еліміздің біртұтастығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Мен сол шақта он бестен жаңа асқан бозбала болсам да, қазақтың суын ішіп, нанын жеген келімсектердің қасиетсіздіктеріне бүкіл болмысыммен қарсы шықтым... Әупірімдеп, Орал оқиғасы қантөгіссіз аяқталды. Дегенмен, қазақтың шынайы тәуелсіздігі мен нақты еркіндігіне жетудің жолы әлі ұзақ болатын. Сөйтіп, ұлтыма, еліме, жеріме деген асқақ сезімдерім атойлап оянып, өмірдің соқпақтарымен там-тұмдап ел еркіндігі, сөз бен ерік бостандығының жолында шыңдала бастадым... Шын мәнісінде, «әрбір ер-азамат үшін бірінші кезекке қарынын қампайту емес, ұлтының мүддесі шығуы тиіс», деген тұжырым санамда мықтап қалыптасты. Өзімнің қара басымның қам-қарекетін – ұлтымның мүддесінен, қазағымның мұқтаждығынан жоғары қоймайтын дәрежеге ұмтылдым. Шымкенттегі адуынды «Айғақ» басылымы мен Алматыдағы айбынды «Дат» газеттерінде жұмыс жасаған кездерімде қорқытып-үркітулердің талайы бастан өтті. Кейінірек, «Ақжол Қазақстан» газетінде, өзім құрылтайшысы болған «АПТА.kz» басылымдарында белсенді қызмет еткен кезеңдерде де арандатушылық аз болмады. Қаншама рет анашым мен отбасым, туыстарым мен достарым тоқтау айтып, менің бетімді қайтармақ болды. Бірақ, мен өзімнің еліміз бен жеріміздің мүддесі үшін ғана еңбек еткенімді түсінгендіктен, алған бетімнен басқа бағытқа бұрыла алмадым... – Қажеке, жалпы тұжырымдауларыңыздың түпқазығымен келісеміз. Дей тұрғанмен, кешегі Мәжіліс депуттарын сайлаудың әдістері мен нәтижесі – өзіңіз айтқан «ұзаққа бағытталған ұлы мақсаттарға» үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой? – Бір ғұламаның: «Халықтың ниетіне қарай – басшысы болады» дегеніне қатты ойланып қалдым. Біздің солшылдардың бар арман-мүддесі – билікке жету ғана. Сосын не болады? Әрмен қарай қазақты қалай жарылқайсың? Дастарханын қалай толтырасың? Сырқатын қалай жазасың? Рухын қалай оятасың? Жігерін қалай жанисың? Тілін қалай тірілтесің? Көршінің көңілін қалай табасың? Күштінің құқайын қалай басасың?.. Осындай ұлы мүдделерді іске асыратын бағдарламаларың бар ма?.. «Оңшылдар оңды болса – солшылдар қоңды болады!» деген секілді бейшара-мүсәпірлік, тозып-ескірген, күш-қуаты қайтқан ұрансымақтарды лақтырып тастау керек. Ешкімді де, ешнәрсені де күтудің қажеті жоқ. Тәулігіне жиырма төрт сағат бойы ұлтты ұлықтауды ойдан шығармау керек. Ең абыройлы, ең жемісті еңбегің – еліңе жасаған қызметің... Бірақ, «бір ғана ұйым – «НұрОтан» партиясы ғана халыққа қызмет етеді» дейтін сыңаржақ, дәйексіз, дәлелсіз ұғымнан біржола ажырау керек. Тіпті, бір заманда атынан ат үріккен «Ақжол» елге сыйлы, жұртқа жағымды, халыққа қадірлі әріптестерін қалыс қалдырып кетті... Сондай абыройлы азаматтардың арасында азулы ақын, ұлтшыл ұлан, зейінді замандасымыз Қазыбек Иса да бар. Болмысынан бітімгер, жаратылысынан сабырлы, тумысынан тәлімгер Қазбек бауырымыздың кімнің аяғын басып кеткенін түсінбей, шақшадай басымыз шарадай болды... – «Тура биде – туған жоқ» демекші, сіздің осындай алдаспандай өткір ойларыңыз шындыққа жақын көпшіліктің көңілінен дөп шығып жатқанымен, кейбіреулердің қытығына тиіп, түптеп келгенде, «Жұмадағы жүздесуді» – «жақсыны көре алмайтын, жоққа бере алмайтын» «ыңғайсыз басылым» деген «жаман» атаққа да іліктірген көрінеді? – Кімге ыңғайсыз? Қазына мен халықтың бүкіл байлығын, қыруар қаржысын қымқырап, жең ұшынан жалғасып, бес күнде бай-манапқа айналып шыға келген жемқорлар мен парақорлар үшін бе, әлде, айлығы шайлығына жетпей, ауылда қатқан нанды қара суға жібітіп жеп, өлместің күнін кешкен қарапайым қазақ үшін бе?!. Әрине, түйені түгімен жұтқан ұры-қарылар үшін «Жұмадағы жүздесу» газеті мүлдем ыңғайсыз! Ал қанағат-шүкірін шырақ еткен қоңыр қазақ үшін «Жұмадағы жүздесу» басылымы – үзілмеген үміт, сөнбеген сенім, айтылмаған ойлардың жанартауы, жүрек жарасының бальзамы... Керек десеңіз, шырылдаған шындықты дөп басып, дәргейіне жеткізе жазатын біздің газетіміз талай жанның жұмылған жұдырығын босаңсытып, ашынған ашуын суытып, бәлкім, қақтығыстар мен көтерілістердің алдын алған да шығар?!. Біз – қалың қазақты тобырға шақыратын емес, сабырға шақыратын газетпіз!.. – Облыстың жаңа басшысына болсын, кешегі сайлауда топалаңға түскен оппозицияға болсын, әйтеуір, айтатұғын пайымды пікір, тәлімді тілегіңіз бар ма, көкірегіңізде?.. – Өте көп, тілек те теңіз, пікір де аз емес. Ең алдымен, өз ауызына қолы жеткен қазақтың ойран-осалдығы – ынтымақтың аздығы, ымырашылдықтың кемшіндігі. Абай айтқан «бас-басына би болған» дерттің болмысымызға дендеп кеткені соншалық, әлі күнге дейін басымыз бірікпей, қарымымыз ілікпей келеді. Билікті сынуға құмармыз, бірақ, азаматтық қоғам құруға ұмтылғандар бір-бірін тыңдап үйренсін. Ойымызда балаларымыз бен немерелеріміздің ертеңгі өмірінің қандай болатындығы тұрсын. Тілде сүйек жоқ, көп айтуға да, дауласа беруге де болады. Дегенмен, осынау жиырма жылда біраз нәрсені айттық, талқыладық, таластық, ренжістік те, қайта татуласа да алдық. Енді алдымызға ертегідегі Керқұла атты Кендебайдың қияли мақсаттарын емес, қазақтың азаттығын аңсап құрбан болған, мысалы, Сырым батырдың нақты армандарын қоя білуге тиіспіз. Екіншіден, ұлтымыздың демографиялық өсіп-өнуі төмендеп барады. Қазақ жастары қаңырап қалған ауылдарды тастап, қалаларға жоспарсыз, бей-берекет ағылды. Олар бесіктен белі шықпай жатып-ақ, әлеуметтік және рухани күйзеліске тап болуда. Ауылдан жұмыс таппай қалаға келген қазақ жастарын шетел кәсіпорындары маңына да жолатпайды. Өз қазағым өз елінде қайдағы бір келімсек қожайынсымақтардың сыртқа тебуінің тақсыретін тартуда... Олардың баспана құруы, шаңырақ көтеріп, өмірге ұрпақ әкелуі бізді қатты ойландыруы керек?!. Бүгінде қазақ түрмелерінде отырғандардың басым бөлігі – қазақ жастары. Бұл – түсінген адамға нағыз қасірет! Қазақ жастары көрінген діни секталардың етегінен ұстап, адасып жүр. Бұл – ұлтымыздың тамырына шабылған балта... Басшыға да, қосшыға да бұлардан артық мұраттар бар ма?!. – Ақиқатын айтыңызшы: қазір қазақ елінде ойыңды ашық айтып, ақаусыз ақпарат алу мүмкін бе? – Жылына әлемде қаншама журналистер әділдік пен ақиқат үшін құрбан болып жатады. Ұры-қарылар да, қылмыскерлер де, шенеуніктер де шындықтың жария болғанына жан-тәнімен қарсы. Журналистің өмірінің қауіптілігі – шахтердің немесе космонавтың өмірінің қауіптілігінен кем емес. Ақпаратты қазірдің өзінде қан майданда қаңғып ұшқан оқ пен оттың ортасында жүргендей жағдайда жинайсың, ал, кейбір жағдайларда ақиқатты айту – өзіңе қол жұмсаумен пара-пар. Қазақ: «Сөлей-сөйлей – шешен болдым, қорқа-қорқа – батыр болдым» деп, ұшан-теңіз ұлы далаға ұрымтал ұлар ұшырмаған қайсар халық... – Қажеке, біздің қазақ баспасөзінің серпінді дамуы үшін әділ бәсекелестік бар ма? – Қазақ баспасөзі, әрине, өзара бәсекелесе алады. Бірақ, орыс тілді баспасөзбен бәсекелесу өте қиын. Мемлекеттік орындардағы құжаттардың түпнұсқасы орысша әзірленеді. Яғни, орыс тілділер ақпаратты әрі дайын, әрі алғашқы болып алады. Қазақ тілді баспасөз екінші орынға анық шегеріген. Сол себепті, қазақ баспасөзіне жарнама мүлдем берілмейді. Қоғамдық ой мен тұжырымның қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдары тікелей әсер етеді. Өкініштісі сол, мемлекеттен тендерлерге қолы жеткен ақпарат құралдарының бәрі бұқара халықтың арман-мүддесін ашық көрсетпейді. Әкім-шенеуніктермен дастархандас БАҚтарға сүйенсек, елімізде жұмыссыздар мен кедейлер мүлдем жоқ, тек, бақуатты һәм бақытты жандар ғұмыр кешіп жатқандай көрінеді. Шын мәнінде солай ма? Біздің елде парақорлықтың етек алғаны соншалық, сәбиіңді балабақшаға да тегін орналастыра алмайсың... Жаңалықтардың өзі боямаланады... Үкімет қазақ тілді басылымдарға мол қаржылай көмек көрсетіп, жарнама туралы заңда барлық жарнама көлемінің жетпіс пайызын қазақ тілінде бергізу туралы тәртіп енгізбесе, қазақ тілі де, қазақ баспасөзі де өгей күйінде қала береді... – Соңғы кезде «Қазақ журналистерінің орталығын құру керек» деген ұсыныстар айтыла бастады? – Шынын айтсам, қашанда қазақ ұлтының қамын ойлап, қансорпа болып; шындықты айтып, шырылдап жүрген қазақ журналистері ғана. Орыс тілді журналистер, тіпті, мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде де әрдайым, әдейі аяқтан шалады. Сондықтан «Қазақ журналистерінің орталығын» құрып, оны күллі қазақ журналистерінің пікірлесу алаңына айналдыру керек. Орыс тілінің үстемдігімен де, орыс шовинизмімен де күресудің жаңа жолдары мен әдістерін ойлап тауып, тынымсыз жүзеге асыра беру қажет. Мәселен, мен өзім таза қазақ тіліндегі «Dat kz» және «Maidan kz» интернет-сайттарын аштым. Оқырмандарымыз күннен-күнге көбейіп келеді... ...Менің алматылық досым М.Байжанин жанына батқан қайсыбір ауыр жағдайлардың кейде еріксіз шумақтарға ұласатынын айтады. 2011 жылдың 15 желтоқсанында маған жазып-жіберген мынадай өлең жолдары менің жанымның жарасын дөп басты: Бойшаңын жығып – тапалы, Қазағым мұңды, қапалы. Шаншудай жанға батады, Қырық бір жамау шапаны... Сұхбаттасқан Мырзажан ЕСЕНТЕМІРОВ Алматы-Орал-Алматы