АЙТЫС ҚАЙТСЕК АМАН ҚАЛАДЫ? «Әлем күйресе күйресін, бірақ, әділдік салтанат құратын болсын!»

                   «Даттың» соңғы, 10-нөміріндегі Жұқамыр Шөкенің Ринат Зайытов жайлы «Биліктің отын оттаған емеспін» деген мақаласын оқыдым да, отыра қалып газетке хат жазуға мәжбүр болдым. Неге? Себебі, айтыс – әлемде шын мәнінде бізде ғана қалған, «айтысатын ақсақалы қызбенен, ақын халық екенбіз ғой біз деген» деп Қадыр ағамыз айтқандай, бізде ғана шырқау шыңына жетіп дамыған теңдессіз өнер. Рас, айтыс қырғызда да бар, бірақ оларда біздегідей биікке көтеріле алған жоқ, тіпті бүгіннің өзінде олардағы айтыс мән жағынан да, түр жағынан да біздікінен жұтаң. Бірақ, сол «айтысты аман алып қалайық» деп қара аспанды суға алдырып, күн жаумай су болып отырған жоқпыз ба? Біздікі құр байбалам емес пе? Байбалам болса ғана, қанеки! Тек, «қауіп еткеннен», қауіп тұрмақ қатерге негіз бар деп ойлағаннан соң айтамыз. Кейінгі кездегі биліктің тұтас бір жылдан астам уақыт бекзат өнердің аузын жауып тастағаны, одан енді қайтадан есін жиып, елдің алдына шыққан айтыстың айналасындағы дау-дамайдың өршіп бара жатқаны соның айқын дәлелі.

            Біріншіден, қазақтың көне ұғымында айтыс ақыны – әділдіктің символы, нышаны. Жұрттың бәрі айта алмаған ақиқатты ақын ғана айта алады. Қараның да, ханның да алдында. Оған сондай құзыр берілген. Халық қазанының буын шығарар «клапаны». Тек ол ғана емес, Ахаңның газетке арнап айтқан «халықтың көзі, құлағы, үні», осының бәрі ақынның бір өзі. Ал ондай асқан биік мәртебеге ие болу үшін ол адам қара қылды қақ жаратын әділ болуы тиіс. Біздің бүгінгі айтыс ақындары, әңгіме солар жайлы ғой, әділ ме? Жоқ! Және бола алмайды да! Неге? Себебі, айтыстың өзі әділ өтпейді. Жақында отыз жыл толады, ата-бабамыз атын да есітпеген «әділ қазылар алқасы» деген бірдемені тауып алдық та, көргенінен жазбайтын соқыр секілді сол соқпақтан шыға алмай-ақ келеміз. Шығуымызға бола ма? Әрине, болады. Онда неге шықпаймыз? Себебі, шыққымыз келмейді. Осындай әділетсіздік бізге ұнайды. Өйткені ол бізге тиімді. Пайдалы. «Если на небе звезды зажигают, значит, кому-то это выгодно» дегенді Владимир Маяковский бекер айтқан жоқ қой. Қашан да ірі ақын аузымен ақиқат сөйлейді. «Бізіміз» – айтысты ұйымдастырушылар. Жүрсін ағамыздан бастап, қазылар алқасына дейін. Бір-екі күн ғана отырып, кем дегенде бір ірі қара мініп кете бергенді кім қаламайды?.. Оның үстіне бізде бұрынғы заманда жоқ, ақырын-ақырын ақындардың арасына да жеткен «сыбайлас жемқорлық» деген «тажал» бар. Оны жоқ деп қолына Құран ұстап Жүрсекең де айта алмас... Бірақ, шындап келгенде, Жүрсекеңнің кінәсі жоқ. Себебі, ақша жүрген жерде әзәзіл-шайтан да жүреді. Көп ақша бар жерде көп шайтан жүреді. Немесе ақша бар да – мафия бар. Жүлде үлкен бе – мафия да үлкен. Ақша да, мафия да, шайтан да адаммен бірге жасасып келе жатқандықтан, біз оларды күресіп жеңе де, жоя да алмаймыз, ол біздің қолымыздан келмейді. Сондықтан күресіп керегі де жоқ. Біздің қолымыздан келетіні – сол шайтан мен мафия кіретін жолды барынша тар ету ғана. Мысалы, айтысты, ең болмаса, неге бір рет басқаша өткізіп көрмейміз? Қалайша? Былайша, ең әділ түрде – ешқандай «әділетсіз қазылар алқасынсыз». «Әділетсіз» деген сөзді әдейі жазып отырмыз. Онда қазылар алқасының да кінәсі жоқ, өйткені ол әділ болайын дегенмен де бола алмайды, себебі әр қазының бағасы, пікірі – субъективті. Сол себепті жиынды алқа бағасы ешқашан объективті бола алмайды. Ендеше қай уақытта объективті баға алады ақын? Қайталап айтамыз – айтыста қазылар алқасы болмаса ғана. Белгіленген уақыттан кейін екі ақынның біреуі өзінің жеңілгенін, айқын жеңілмесе де дәл осы жолы қарсыласының сәл де болса өзінен үстемдеу келгенін мойындауы тиіс. Мойындауға үйренсін. Рас, бұлай ету оңай емес. Оңай болады деп кім айтты? Бірақ, біз әділдіктің символдарын әділ болуға баулуға тиіс емеспіз бе? Жас күнінен. Әр сайыс сайын. Сонда біраз жарыстан соң олардың да, елдің де еті осыған әбден үйренеді. «Бұрын қалай басқаша өткізіп келгенбіз-ей?!» дейтін болады. Біз Американы ашып отырмыз ба? Е, жоға! Бар болғаны, ата-баба жолын еске алып отырмыз. Соны жаңғыртайық, әруақтардың ісіне адал болайық деп қана ұсыныс жасап отырмыз. Ал олар қалай айтысқан? Бір-екі мысал ғана келтірейік. «Елді қырған соқырға тиісем деп, Жеңілдім екі аяғым көктен келіп!» дейді Кемпірбай Шөжемен айтыс соңында. «Теріскейде ақын қыз бар екен» дегенді естіген Арыс-Бадам бойындағы Майлықожа Созақтағы Гүләйімнің аулына күн бата іздеп келеді. Үйдің қасында, аттың үстінде тұрып, өлеңді ағытып қоя береді. Ел-жұрт дереу жиылып қалады. Біраз уақыт өтеді. Екі ақын бірін-бірі ала алмай отыр. «Қожеке, түсіңіз, алыс жолдан келдіңіз, сырбаз қозының етіне сылқия тойып, әлденіп алыңыз, содан кейін-ақ айтыса бересіздер ғой» деген ауыл ақсақалдарының сөзіне бетіне жан шақ келтірмей жүрген ақын «құдай қаласа» демейді, «мен жеңемін, Гүләйім аттан қолтықтап түсіріп алады, тамақты сосын ішемін» деп, күпірлікке барады. Оған жеңіле қоятын Гүләйім бе?! Таң аппақ боп атқан кезде сертке мықты қожекең: – Кеше кешке келіп едім, бүгін таң атты, жеңе алмадым, маған тамақ бұл ауылдан бұйырмаған екен! – деп, атының басын кілт бұрып, еліне қайтып кетеді... Бұлар – классиктер. Енді сәл төмендейік. Менің туған нағашы атам Досәлінің шешесі, Ырысалды апамыз ауыл-аймақ арасында ешкімді шыдатпаған ақын адам болған екен. Бір рет жаңадан көшіп келген елінде он бес жасар болыс Жанәділ деген баламен тойда айтысып қалады. Болыс бала апамызды онша танымағандықтан, қарсысындағы келіншекке – қазіргі біздің ақындар секілді, әзілдесіп тиісе береді. Сол кезде: – Сары мақта дегенде, сары мақта, Сақта, Құдай, бәледен әр уақта! Жат-жаладан арада кісілер бар, «Болысбала», шет келме, әруаққа! – деген сөзді естіген Жанәділ: – Оһ-һо, бұл кісі жеңгеміз екен ғой, ағамыздың көзі тұрғанда менікі ұят болыпты ғой!..– деп, жолын береді... Ел аузында сақталған апамыз жайлы екінші хикая. Қаратаудың бойындағы бір айтыста қарсылас жігіті мықты болып кезігіп, апамыз көпке дейін жеңе алмайды. Сол уақытта бір абысыны келіп құлағына: – Мына жігіттің Айтбай деген туысқаны күнін көре алмай, Ташкентте бай орыстың шошқасын бағып жүр екен, – деп сыбыр ете қалады. Апамыз сол сәтте-ақ сақпанның оғындай сарт еткізеді: – Желмая желкілдейді желді құмда, Жігітім, елпілдемей сөзді тыңда! Айтбайың жүр Ташкенде шошқа бағып, Айтыспақшы боласың сен де мұнда! Ана жігіт тағы да бірнәрсе айтпақшы болып аузын ашып келе жатыр екен, айтысты тыңдап отырған ауыл ақсақалының бірі ақырып жібереді: – Тоқтат, аталы сөзге тоқтамайтын арсыз ба едің, жеңілгеніңді мойында! Міне, бізге де «әділетсіз қазылар алқасы» керек емес, әр айтыстағы осындай шешуші жерде аталы сөзге тоқтағысы келмейтін арсыз ақынды тыйып тастап отыратын, сөз қадірін білетін бір ғана ел ағасы жетеді. Сонда «жеңілсе де бәйге алған, ақынды сендей көрмедім!» деп Айнұр «мат» қойған ақындар бірте-бірте азаяр еді. Құмға құйып жоқ болатын Шу өзені секілді кейін өз-өзінен жойылып, жоғалып тынар еді. Бірақ, әлгі айтыстың ең қызығы алда. Айтбайдың аты аталып, сүйекке таңба түскеннен кейін әлгі рудың ақсақалдары жиылып, намысқа шауып, Айтбайды барып алып келіп, бір қызды айттырып алып беріп, алдына мал салып беріп, алты қанат ақ үй тігіп беріп, айналдырған бір айдың ішінде басына бақ қонған Айтбай ел қатарына қосылады да кетеді...

Біздің әрқайсымыз ірі болмасақ, бар қазақ тірі қалмайды! Міне, қазақ сөзінің құдыреті! Міне, қазақы ірі мінез! Біз «халық адамы» аталатын адамдардан, ең бірінші кезекте – мінді түзейтін сынды айтатын ақындардан, оның ішінде айтыс ақындарынан тек ірі мінезді көргіміз келеді. Оның орнына отыз жыл болды, осы «әділ баға берілмеді» деген қаңқу сөз – «ауруда – шаншу, сөзде – қаңқу» жаман демекші, айтыстың қыр соңынан қалмай келеді. Ақындар өздері мойындамай, қалмайды да! Ал бұрын айтыста кім жеңілсе, елге айтысты таратуға сол міндетті болған. Қандай әділдік! Егер біздің ұсынысымыз қате дейтін жан табылса, мойын бұлтартпас уәжі болса, мархабат, тыңдап көрейік... Бұрын да бір-екі рет жазып едік, қай нәрсе секілді айтысты да бір жүйеге келтірмей болмайды. Біріншіден, спорттағы Әлем кубогының ізімен ашық біріншілік өткізілсе. Екі жылда бір рет ешкім жасына қарамай қосыла алатын аламан бәйге мәреге жетіп тұрса. Ол екі ортадағы «Тәуелсіздік айтысы», «Қонаев айтысы» секілді сайыстар Әлем кубогының кезеңінің рөлін атқарса. Екінші жағынан, Олимпиададағы секілді, лицензия рөлін ойнаса. Сонда екінші жылдың аяғына, Тәуелсіздік мерекесіне қарай екі жыл бойында ең жоғары балл жинаған сегіз ақын қалар еді. Ал арадағы жылды – екі жылда бір рет мәреге жететін 30-ға дейінгі жастар біріншілігі толтырып тұрса. Ықылас-ниет болса, алдағы екі жылға жоспар құруға әбден болады деп ойлаймыз. 2013-те кімнің жүзге, 2014-те кімнің 150-ге келетіні белгілі ғой... Және осы игі істің отыз жылдан бері отымен кіріп, күлімен шығып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Жүрсекеңе мемлекет пен қоғам бірлесіп, «Айтыс чемпионатының» екі шылбыр, бір тізгінін берсек, тек қана ұтамыз деп ойлаймын. Одан бөлек, біздің бір облыс бір мемлекет тәрізді. Әсіресе айтыста. Себебі, таланттар көп. Ал енді айтысқа кімді шақырамыз деген мәселені неге жалғыз Жүрсекең шешуі тиіс? Ығай мен сығайға толы Оңтүстік Қазақстан өз ақындарының ішінде облыс біріншілігін өткізіп, биылғы жылы облыстың атынан шығу хақына ие болатын дүлдүлдерді анықтасын. Барлық облыста солай етілсін. Бір жағынан, бұл жастарға таптырмас мектеп, тәжірибе. Мықтылармен сайыспаса, олар қалай өсе алады? Екіншіден, тағы да әділдік, ешкім ешкімге өкпелей алмайды. Өзінен басқа. Үшіншіден, айта беретін «адами фактор», қазақшаға аударғанда «пендешіліктің» жолы кесіледі. «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым – ол неліктен?» деп бекер мүжілген жоқ қой Мұқағали. Бәріміз де қам сүт емген пендеміз, пендешілікке ұрынуға дайын тұрамыз, ендеше атымызға, әсіресе ел пір тұтатын ақындар атына кір келтірмеудің жалғыз жолы – тағы сол әділдіктен айнымау. Айнымау үшін және бір даулы мәселеде – кім кіммен шығатынын «Құдайдан бір жас қана кіші» көпшілік шешсін. Залда отырған көрермен, оның ішінде әлі пәк, періште сәбилер мен ардагер ақындар шешсін. Ортаға шығып, көптің көз алдында лоторея шарын алу арқылы. Футболдан чемпиондар лигасы елу жылға таяу осы жолмен келе жатыр, әлі күнге дейін бір де бір рет әділетсіздік жайлы әңгіме көтерілген жоқ. Бүгін он алтыдан сегіз ақын қалды ма, ертең жарыс алдында сегіздің, одан соң төртеудің қайсысы кімге тап боларын тағы да адам қолымен Алла-Тағала шешіп берсін. Не үшін біз оларды алдын-ала белгілеп қойып, әртүрлі күнәға итермелеуіміз керек? Өткенде Бауыржан Халиолланың мақаласын оқып, қанымыз бір қайнап барып тоқтап едік. Айтысқа білгенін істеткен деген не сұмдық! Енді Ринаттың сөзін оқыған соң өз ойымызды білдірмеске болмады. Өйткені, шынайылық, әділдік жоқ жерде ондай шылықтар ешқашан жойылмайды. Көне римдіктер жоғарыдағы мақалды күйгеннің күнінен шығарған. Олар әділет күйресе әлемнің ертелі-кеш міндетті түрде бір күйрейтініне әбден көздері жеткен, бастарынан өткен, сосын барып удан ащы тәжірибе («зәр шығады тілімнен» – Абай) мақал болып өмірге келген. Айтыс аман қалсын десек, біз де алдымен әділдікті қолға алайық

! Өмірзақ АҚЖІГІТ