Қордайдағы оқиға: ақсақалдың екі ұлын соққыға жыққандар ұсталды
2020 ж. 11 ақпан
7971
2
Жамбыл облысы Қордай ауданында 80 жастағы ақсақалдың екі баласын ұрып-соққандар ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сортөбеде өткен брифингте журналистер Сапарбаевтан 80 жастағы қарияның екі ұлын соққыға жыққандар ұсталды ма деп сұрады.
"Ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Олардың қанша жылға сотталатынын сот шешеді", - деді үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, ол полиция қызметкерлеріне күш көрсеткендер де қамауға алынғанын мәлімдеді. Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Масанчидегі жаппай тәртіпсіздікке 80 жастағы қарияның соққыға жығылуы себеп болды деген әңгіме тараған еді. Зардап шеккен ақсақал мен екі ұлы Қордай ауданының Қаракемер ауылында тұрады.
Қарияның ұлдарының бірі Нұрлан Құдашпаевтың айтуынша, ұрып-соғу оқиғасы 5 ақпан күні таңертең болған. Сол күні ақсақал ұлдарымен бірге дәрігерге қаралуға бара жатқан.