Қамқорлық көрсету - қанымызда бар қасиет
2020 ж. 02 ақпан
2689
0
Түркістан облысында 500-ге жуық отбасы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы бойынша жан-жақты көмек алды.
Өңірде өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетудегі жаңа жоба аясында 1534 отбасына, яғни 6643 адамға көмек көрсетілмекші. Түлкібас пен Бәйдібек аудандарында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде. Бұл мақсатта жергілікті бюджет арқылы 1,6 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету қарастырылуда. Осы және өзге де маңызды мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырыла бастаған жаңа бағдарлама аясында тұрмыс тауқыметін тартқан жандарды қажетті азық-түлікпен қамту, медициналық жәрдем беру қарастырылған. Оларды тұрақты жұмысқа орналастырып, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқу курстарына жолдама беру мен баспанамен қамту мәселесін демеушілерді тарта отырып шешу көзделген. Аталған шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары жеке кәсіпкерлер қатысуда. Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес олар әр үйді жеке аралап, жағдайымен танысып, қамқорлық көрсететін болады.
З.Қабиоллаұлы
qazaquni.kz