ҰҚК Алматыда арнайы операция өткізді
2020 ж. 27 қаңтар
4804
0
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда арнайы операция жасап, Таяу Шығыс елдеріне әскери авиациялық техниканы заңсыз тасу арнасын тоқтатты, деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті.
«Қазақстан азаматтарынан құралған қылмыстық топ бірқатар шет мемлекеттердің әуе кемелеріне орнатылатын авиациялық жабдықтарды елден заңсыз алып шығуға ниеттенген», – делінген хабарламада. Департаменттің мәліметтері бойынша, заңсыз келісімнің жалпы сомасы 122 мың доллардан асады. Аталған факті бойынша ҰҚК ҚР ҚК 286-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
16 қаңтарда тергеу іс-әрекеттері барысында жинақтау блоктарымен бірге жөнелтуге дайындалған әскери бұйымды тәркілеу жүргізілді. Бұл қылмысқа қатысы бар тұлғалар ұсталды. Алматы қаласының мамандандырылған соты оларға қатысты ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы бойынша департаментінің тергеу изоляторына қамауға алуға санкция берді.